Күмән мен сенім: Статистика қалай жасалады?
Ресми деректің маңызды бөлігі – статистика. Ауқымды зерттеудің негізгі дереккөзі ретінде де статистика қолданылады. Алайда халық арасында аталған мәлімет көзіне қатысты сенім әрқилы. Көбі мұндағы сандар шынайы ахуалдан алшақ екенін сынайды. Kazinform тілшісі «статистикада кемшілік бар ма?», «деректер қалай әзірленеді?» деген сауалдарға жауап іздеп көрді.

Қате қайдан шығады?
Алдымен статистика дерегін қалыптастыру алгоритміне назар аударайық. Қазақстанда бұл міндет Ұлттық статистика бюросына жүктелген. Онда мәлімет жинау жиілігі, тексеру бағдары, ақпарат алу көзіне дейін айна қатесіз нақтыланған. Арнайы құқықтық құжат та бар – «Мемлекеттік статистика туралы» заң. Бюро мамандары халықаралық стандарттан ауытқымайтынын, тіпті Еуропалық статистиканың практикалық кодексі назарға алынатынын айтып отыр. Сонда қате қайдан шығады?
Байқасақ, ресми статистикадағы жаңсақтық Бюроның өзінен емес, мәліметтерді ұсынатын мекемеге байланысты екен. Әлеуметтанушы Айсұлу Молдабекованың айтуынша, министрліктер мен әкімдіктер Ұлттық статистика бюросына жіберетін көрсеткішті «көтеріп» беруге құмар. Жұмыспен қамту, кәсіпкерлік, денсаулық сақтау саласындағы аз қадамды көбейтіп, орта істі үлкейтіп ұсынады. Салдарынан жауапты органдардан алған мәліметтер нақты жағдайдан алшақ өрбиді. Маман елдің статистикаға деген сенімінің төмендеуінің бір себебін осыған сілтеуде.

– Статистикадағы олқылық өңірлердегі деректерге байланысты. Неліктен екені белгісіз, бізде облыс пен ауыл-аймақта статистиканы жақсартып көрсетуге талпынады. Кәсіпкерлік деңгейі, жұмыспен қамтылғандар саны, азық-түлік бағасы, тұрғындардың әлеуметтік жағдайы асыра айтылған. Нақты мәлімет мүлде бөлек. Сондықтан статистиканы дәлдікке негіздегіміз келсе, алғашқы дереккөзді қадағалау шарт. Әйтпесе, олқылық жалғаса бермек, – деді Айсұлу Молдабекова.
Мәселені Бюро да біледі. Үнемі әкімшілік деректерді бағалау жұмысын жүргізуде. Мысалы, жыл басынан бері министрлік пен әкімдіктегі дерекқордың сапасын бақылау кезінде 49 ұйғарым шығарыпты. Бағалау процесінде анықталған негізгі проблемалар: Ұлттық анықтамалық ақпарат элементін қолданбау, мәндерді енгізу барысында бақылаудың болмауы, тарихи деректердің дұрыс көшірілмеуі, деректерді қолмен енгізу кемшілігі кездеседі. Кей мекемеде әкімшілік деректердің сапасын қамтамасыз етуге арналған іс-шара жоспары атымен жоқ.

Осы орайда Ұлттық статистика бюросынан жалған мәлімет ұсынған мекемелерге қандай жауапкершілік барын сұраған болатынбыз. Бюро өкілдері ұйымдарға тексеріс жалғасатынын әрі кемшілік қайталанса, әкімшілік шара қолданылатынын жеткізді.
– Тексеру барысында негізгі дерекқорлармен сәйкестендіруге немесе салыстыруға келмейтін ЖСН/БСН анықталды. Халықтың жас құрамына тән емес қалыптан тыс мәндер тіркелген. Таратылған кәсіпорындар, қайтыс болған адамдар, ескірген мекенжайлар бойынша деректер жаңартылмаған. 2025 жылы қатеге жол берген, оларды белгіленген мерзім ішінде түзетпеген мемлекеттік органдарға тексеру жүргізіледі. Қате қайталанған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесі қаралады, – делінген Ұлттық статистика бюросының ресми жауабында.
Интернет сауалнамаға сенім жоқ
Жалпы статистика жүйесі әлеуметтік ахуалды анықтау үшін сауалнамаға жиі жүгінеді. Мемлекеттік мекемелер берген мәліметтің шынайылығын тексерудің бір жолы – осы. Ұлттық статистика бюросы арнайы стандартталған бланкілер әзірлеп, тоқсан сайын және жылына бір сауалнама алатынын білеміз. Респонденттерге бірдей сауал дайындап, тұрғындардың тұрмыс ахуалы, шығыс көлемі, жұмыспен қамту туралы нақты мәлімет жинақтайды.

Бюро ұсынған мәліметке сенсек, өткен жылы еңбек нарығының шынайы көрсеткішін анықтау үшін 228 мыңға жуық азамат сауалнамаға қатысқан. Облыстық деңгейде – тоқсан сайын, аудандық дейгейде жылына жүргізіледі. Жүйесі де қарапайым, арнайы дайындалған интервьюлермен сұхбат жүргізіледі. Мамандар үй-үйді аралап, сауалнамаға қатысуға ерікті азаматтарды іздейді.
Жасыратыны жоқ, «сауалнама қорытындысын азаматтардың ортақ пікірі деп санауға бола ма?» деген сұрақ әлеуметтік желіде жиі көтеріледі. Жауап әртүрлі, көзқараспен сан қилы. Дегенмен сарапшылар аталған әдісті жалпы пікірге жақын деп топшылауда. Әлеуметтанушы Жанар Накипбаеваның пікірінше, негізгі мәселе сауалнама алу үрдісін бақылауда жатыр.
– Әлеуметтік ахуалды анықтау мақсатында бірнеше әдіске сүйенуге болады: қоғамның көңіл күйін анықтау үшін – субъективті критерий, ал экономикалық көрсеткіш секілді мәліметтерді білуге – объективті критерий қолданылады. Алғашқы әдіс арқылы азаматтардың неге көңілі толмайды және қандай өзгерісті қалайтыны айқындалады, кейінгісінде жалпылама деңгейді экономикалық аспектіні шамалауға қол жетеді. Дегенмен зерттеудің әдістемесі дұрыс болмаса, онда мәліметтер халықтың шынайы пікірін білдіреді деген бос сөз. Сондықтан салаға білікті әлеуметтанушылар атсалысуы керек, – деді ол.

Айсұлу Молдабекова да әріптесінің пікірімен келіседі. Оған қоса халық пікірін білу үшін сауалнама жалпыхалықтық деңгейде ұйымдастырылуы керек деген ойда. Яғни, сауалнамада барлық аймақ қамтылып, жасы мен жынысы, ұлты мен тұрғылықты жеріне қатысты пропорция болуы маңызды. Мысалы, Алматы, Астана, Түркістан қалаларында халық көп шоғырланған, соған сай сауалнама қатысушыларын сәйкестендіру қажет.
Кейінгі уақытта қоғамда қызу талқы тудырған мәселеге қатысты тәуелсіз сауалнама көбейді. Бір қызығы, мамандар интернет сауалнаманың тиімділігіне күмәнмен қарайды. Айтуынша, бақылаусыз жасалған зерттеу сауалнама ережесіне қайшы әрі халықты адастырады.
– Көптеген ұйым онлайн форматта зерттеу жүргізуге көшкен. Оған қоса әлеуметтанудан хабарсыз мамандар жекелеген Google-форма арқылы сауалнама жасап, соны халықтың ортақ пікірі ретінде көрсетуде. Бұл – қате үрдіс. Онлайн зерттеу жүргізудің талабы бар. Іріктеме дұрыс жасалып, бақылау болуы шарт. Олай болмаса, онлайн сауалнама мен зерттеу нәтижесі халықтық пікірге жатпайды, – деді Жанар Накипбаева.
Big Data: тапшы маман, маңызды машық
Бүгінде Big Data, яғни ауқымды деректер қоры жаңалық емес. Әрбір іргелі ұйым мәліметтер базасын қалыптастыруға көшкен. Оң-солды аңдауға, алдағы жоспарды әзірлеуге көмегі көп. Ұлттық статистика бюросында да Big Data бұрыннан бар. Бар мәліметті тұрақты қосып, дерек базасын кеңетіп келеді.
Айта кетерлігі, кейде Бюро мен жекелеген мемлекеттік органдардың ауқымды деректер қорындағы мәліметтер сәйкес келмей жатады. Әлеуметтанушы Айсұлу Молдабекова мұның себебін өзге мекемелерде Big Data-ның кенжелеуімен түсіндірді. Үкімет дербес институттардың ауқымды деректер базасын қалыптастыруына мүмкіндік беретін кез келген. Бұл қадам дәл мәлімет пен ашықтыққа жетелейді.
– Big Data қалыптастыру үшін оған енгізілетін мәліметтерді барынша екшеу қажет. Ауқымды деректер базасының көп болғаны дұрыс. Оған қоса тәуелсіз ауқымды деректер қорын құруға бет алатын уақыт жетті. Ол үшін ғылыми институттардың зерттеу нәтижелерінен Big Data қалыптастыру жеткілікті. Дереккөз көбейген шақта ақпаратты салыстыруға жол ашылады, – деп түйіндеді әлеуметтанушы.
Есте болса, осы мазмұндас ойды Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев қайталаған болатын. Ол ауқымды деректер базасымен жұмыс істей алатын мамандардың тапшы екенін айтып, білікті кадр даярлау керегін меңзеген. Big Data-ны қалыптастыру үшін инновациялық тәсіл табу және арнайы зерттеулер жасау қолға алынатынын айтты.
IT-сарапшы Сергей Ахметовтің сөзінше, Big Data-ны дамыған мемлекеттер тұрақты қолданады. Пайдасын да, табысын да көріп отыр. Сарапшы АҚШ тәжірибесін мысалға келтірді.

– Үлкен деректермен жұмыс істеп, мол табысқа кенеліп жатқан ел ретінде АҚШ-ты айтуға негіз бар. Олар сан түрлі салада деректер базасын өңдеуде шебер. Мәселен, бәрімізге белгілі Google іздеу жүйесін алайық. Оны қолданбайтын ел жоқтың қасы. Кез келген жағдайда адамдар қандай да бір сұрақтың жауабын немесе іздеген мәліметін осы жерден табады. Google – үлкен деректер базасы. АҚШ бұл іздеу жүйесі арқылы көптеген ел туралы мәлімет алып отыр. Барлық жағдайларды назарында ұстайды. Өзге елдер жайында мәлімет ала отырып, болашаққа бағдар жасай алады. Халықтардың тұрмыс-салтын, алаңдатар мәселесін, психологиясын, ойлау қабілетін оңай бақылауда, – деді ол.
Сарапшының сөзінше, Big Data – IT саласындағы ең қиын, ең қымбат технология. Онымен жұмыс істейтін маман міндетті түрде ағылшын тілін жетік меңгеруі тиіс. Сондай-ақ жоғары математикадан хабары болғаны жөн. Өзгесін түрлі курстан-ақ үйренуге болады. Ұлттық статистика бюросының қызметкерлері жүктемеге қазірден дайын секілді. Бүгінде дағдыларды жүйелі оқыту (long life learning) бойынша тілдік және кәсіби курстарға белсенді қатысуда. 554 қызметкері МБА бағдарламасы арқылы біліктілігін арттырған.
– Деректермен жұмыс істеу бойынша Data Literacy бағдарламасы белсенді жүргізілуде. Осы ретте бағдарлама үшін Data Literacy Hub платформасы әзірленіп, іске қосылды. Мұнда Бюро қызметкерлерінің әрі халықаралық ұйымдардың курстары орналастырылады. Сондай-ақ платформада Орталық Азия елдерінің мемлекеттік қызметшілерін оқытуға арналған Дүниежүзілік банкпен бірлесіп әзірленген Модульдік курс орналастырылған. Курс 6 тілде (қазақ, орыс, ағылшын, тәжік, қырғыз, өзбек) жүзеге асырылды. Бүгінде Қазақстанның орталық мемлекеттік органдарының 30 қызметкері курсты сәтті аяқтады, – деді Бюро өкілдері.

Ұлттық статистика бюросының олқылығы да жоқ емес. Бастысы, тақырып аясы тар. Жанар Накипбаева жауапты мемлекеттік орган статистика жүргізілетін тақырып бағытын көбейту керек деп санайды.
– Статистика бюросында мәлімет саны көп. Алайда тереңдете талданған кей ақпаратты табу қиынға соғады. Мәселен, жуырда бюро сайтынан мигранттарға қатысты мәлімет іздедім. Онда сыртқы-ішкі көші-қон статистикасы болғанымен, азаматтардың көшу себебіне арналған статистика жоқ. Тағы бір мысал, жұмыс барысында шетелдік азаматтарға тұрмысқа шыққан қазақстандықтар туралы мәліметті бюро сайтынан табуға талпындым, бірақ нәтиже болмады. Өзге де салаларда осындай терең зерттеу кемшін. Бір қарағанда болмашы көрінгенімен, бұл тақырыптар – стратегиялық мәселе, – деді маман.