Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

«Күн от боп тұр»: Қызылордада жарықтың жиі өшуіне байланысты шағым көбейді

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Әлеуметтік желіде Қызылорда қаласының тұрғындары тарапынан аптап ыстықта жарықтың әлсін-әлсін өшуіне байланысты шағым жиіледі. 

Қызылордада жарықтың жиі өшуіне байланысты шағым көбейді
Фото: ҚЭТТК

Мұнда қазір күн күйіп тұр. Көлеңкенің өзінде ми қайнатардай ыстық. Электр энергиясының жиі сөнуі онсыз да үй-жайларда салқындатқыштың көмегімен ғана амалдап отырған халықтың ашуына тие бастады.

— «Сәулет» ықшам ауданында соңғы оншақты күн шамасында жарықты бірнеше сағатқа өшіріп тастайды. Алдын ала ескерту де жасамайды. Шіліңгір шілдеде тұрғындарға қасақана осылай жасалып отыр ма? Мұны қалай түсінеміз? Ми қайнатар ыстықта үлкендер мен балалардың жағдайын жауапты органдар неге ойламайды? Күн от боп тұр. Талтүсте жарық жоқ, — делінген сондай шағымдардың бірінде.

Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы мұның себебін жекелеген аумақтарда жөндеу жұмысының жұргізілуінен деп түсіндірді.

— Ауа райының шамадан тыс ыстық болуына және электр энергиясын тұтыну көлемінің артуына байланысты электр желілерінің сенімді әрі тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мақсатында жекелеген учаскелерде уақытша ағыту-қосу жұмысы жүргізіліп жатыр. Осыған байланысты кейбір аумақтарда электр энергиясын беру уақытша шектелуі мүмкін. Келтірілген уақытша қолайсыздықтар үшін сұраймыз, — деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.

Еске салайық, 28 маусым күні қатты желдің салдарынан Қызылорда қаласында тұрғын үйлер мен мекемелердің шатыры ұшып, ол электр желілеріне тиіп, сымдар үзіліп, электр бағаналары бүлінген болатын.