Күнде 3 шілдеде екі қуатты жарқыл тіркелді

АСТАНА. KAZINFORM – 3 шілдеде Күнде М класына жататын екі қуатты жарқыл тіркелді, деп хабарлайды ТАСС.

Күн жарқылы
Фото: NASA/ SDO

Қолданбалы геофизика институтының мәліметінше, алғашқы M1.2 класты жарқыл Астана уақытымен сағат 04:12-де 4479 (N18W47) дақтар тобында тіркеліп, 13 минутқа созылған.

Ал екінші M1.5 класты жарқыл Астана уақытымен сағат 18:13-те 4480 (S15W61) дақтар тобында байқалған. Оның ұзақтығы да 13 минут болған.

Институттың нақтылауынша, 2 шілдеде Күнде М класына жататын тағы төрт жарқыл тіркелген.

Күн жарқылдары рентген сәулесінің қуатына қарай бес класқа бөлінеді: A, B, C, M және X. Ең әлсізі – A0.0 класы. Ол Жер орбитасындағы шаршы метрге шаққанда 10 нановатт сәуле шығару қуатына сәйкес келеді. Әрбір келесі класқа өткен сайын сәуле шығару қуаты 10 есе артады.

Күндегі жарқылдар күн плазмасының ғарышқа таралуымен қатар жүруі мүмкін. Мұндай плазма бұлттары Жерге жеткен кезде геомагниттік дауылдардың туындауына себеп болмақ.

Еске сала кетсек, сәуір айындаңы Күннен шыққан қуатты жарқылдар алдағы уақытта Жерге әсер етуі мүмкін екенін жаздық.