Kundelik-тен оқушылар дерегінің таралуына байланысты тергеу жүріп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун Kundelik жүйесінен мектеп оқушылары деректерінің таралып кетуіне қатысты түсініктеме берді.
— Бұған дейін біздің ведомство айтқандай, қазір тергеу жүріп жатыр. Іс әлі аяқталған жоқ. Осы іс аясында барлық есеп-қисап ұсынылады, — деді ол Сенат отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Оның айтуынша, Kundelik мемлекеттік жүйе емес. Ол жеке компанияға тиесілі.
— Тиісті шаралар алдағы уақытта мұндай жайт қайталанбас үшін уақытылы әрі жедел түрде қабылданды. Барлық кемшілік ескеріледі, — деді вице-министр.
Дмитрий Мун ақпараттық қауіпсіздік саласына қойылатын талап үнемі жаңартылып отыратынын айтады.
— Жүйе мәселен әр жарты сайын толықтырылып отырады. Заңға сәйкес әр толықтырудан кейін тиісті сынақтан өтуі қажет. Осы аясында барлық талаптың, ақпараттық қауіпсіздікті сақтау туралы заңның орындалғанына сараптама жасалады, — деді ол.
Вице-министрдің атап өтуінше, министрлік ақпараттық қауіпсіздік саласындағы саясатты қалыптастыруға жауап береді. Ал бекітілген ережелер мен талаптардың сақталуына цифрлық нысан иесі тікелей жауапты.
Естеріңізге сала кетсек, таяуда әлеуметтік желілерде қазақстандық Kundelik электронды күнделігінің пайдаланушыларына қатысты деректер базасы интернетте тарап кетті деген ақпарат жарияланған еді.