«Құны – 22 млн теңге»: Жамбыл облысында кәсіпорын басшылары 4 автокөлікті жалған құжаттармен сатқан
Талас ауданының прокуратурасы «Таза-Талас» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының теңгеріміндегі автокөліктерді заңсыз есептен шығару арқылы жымқыру фактілерін анықтады, деп хабарлайды Kazinform.
Жамбыл облысы прокуратурасының мәліметінше, кәсіпорын басшылығы мекемеге тиесілі нарықтық құны 22 млн теңге болатын 4 автокөлікті жалған құжаттар рәсімдеу арқылы жарамсыз көлік құралдары ретінде заңсыз есептен шығарып, тиісті аукцион өткізбей, тікелей үшінші тұлғаларға сатқан.
Аталған дерек бойынша Талас ауданының прокуратурасы қылмыстық іс тіркеді. Оны тергеп-тексеру ісін облыс прокуратурасының сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасы жүргізді.
Қазіргі таңда мекеме басшыларының іс-әрекеттері ҚК-тің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағымен (жымқыру) және ҚК 369-бабы 1-бөлігімен (қызметтік жалғандық) сараланды.
Тергеп-тексеру барысында құны 17 млн теңге 3 автокөлік мемлекетке қайтарылды. Төртінші автокөлікті қайтаруға шара қабылданып жатыр.
Қылмыстық іс сотқа жолданады.