«Кунсткамерадағы бас сүйек Кейкінікі ме?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 9 ақпан, сейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

«Кунсткамерадағы бас сүйек Кейкінікі ме?» - баспасөзге шолу

***

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Оңтүстік Қазақстан облысындағы Сайрам ауданында, Құдайға шүкір, қазына-қариялар жетерлік. Араларында ұзақ жасап, ғасырдан астам ғұмыр кешкендері де бар.

«Жапонияда немесе Үндістанда ұзақ жасаған қариялар туралы оқып, біліп жатсақ, «Апыр-ай, ә» деп тамсанып жатамыз. Әйтсе де, өзіміздегі қарттар жөнінде тым сирек жазатынымыз рас. Осы аудандағы Көлкент ауылында тұратын Айымкүл Дүйсебаева әжеміз бүгінде 111 жастан асып, аймақтағы ұзақ жасаушылардың көшін бастап тұр. Жібек жолы ауылында ғұмыр кешіп жатқан Жұмақыз Қыдырбаева әжеміз сәуір айында 103 жасқа толғалы отыр. Ал, ақсукент­тік Тәжігүл Нышантаева әжеміз болса, 102-ге аяқ басты. Қарабұлақ ауылында тұратын Тоты Ниязова әжеміз де 100-ден асты. Бүгінде олардың үрім-бұтақтарының өзі бір қауым елге айналған.

Біз тек 100-ден асқан әжелерімізді ғана тілге тиек етіп отырмыз. Әйтпесе, Сайрам топы­рағында туып, 90 жасаған қазына-қа­риялар ондап саналады. Бір қызығы, осы ұзақ жасаған әжелеріміз наурыздың 20-сында өтетін Парламент Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар депутаттарын сайлауға қатысуға құштарлық танытып отырғандары кімді болмасын қызықтырары анық. Бұрынғылар «Күлсең, кәріге күл» деуші еді, ал әжелеріміздің бұл әрекеттері нағыз үлгі тұтатын қасиет емес пе?!»,-деп жазады басылым. Бұл жайында «Ғасырдан асқан ғұмырлар» атты материалда берілген.

Бас басылымда «Қанқұйлы қырғын кімге керек?» деген көлемді мақала жарияланды. Қазіргі уақытта оң мен солын айы­ра ал­майтын адам болуы мүмкін бе? Жоқ, дерсіз. Ал жаман мен жақсыны айыра алмайтын адамдар кездесе ме? Бұл сұраққа ойланарыңыз сөзсіз, енді. Себебі, жақсыны да, жаманды да өзінше ұғатындар көбейіп кетті. Сондықтан, әңгіменің тоқ етерін айтқанда, бейбіт жолдан тайып, қа­сірет пен қатерді төндіретін адам­дар амалын қай қатарға қо­сар едіңіз? Әрине, біз үшін ол жамандық жолы екендігі белгілі. Бірақ біреулер мұны өздеріне дұ­рыс жол деп тандайды.

«Әйткенмен, біреуге зорлық-зомбылық жасау, оған күштеп өз мүддесін таныту өркениетті елдерде дұрыстыққа баланбайды. Алайда, осы жолдың дұрыс емес екенін, оның бейбіт елге қатер тудырып, жамандық туғызу екенін қайтіп, қалай дәлелдеп түсіндіруге болады? Міне, біздің бүгінгі айтар ой мақсатымыз осы еді.

Иә, «Ауру қалса да, әдет қал­майды» дегендей, теріс ағымға арбалған адамдар амалы асқынып бара жатқанын қа­зір жасыра алмайсыз. Бұл өте қауіпті қатер болып тұр. Өйткені, бүгінде теріс ағымға түскен жандардың салған зардабы төрткіл дүниені алаңдатып отырғаны айдай анық. Әрине, бұлардан сақ болу, лаңкестік пиғылдан арылу мәселесі туралы алдыңғы мақалалары­мыз­да да жазған едік. Дегенмен, қазіргі таңда адамзат үшін ең қауіпті қатер террористік ұйымдардың бей­күнә жандардың басына төндіріп тұрған өлшеусіз қасіреті болып тұр. Әріні айтпағанда, былтырғы жылдың өзінде бейбіт елдерде әлемді дүр сілкіндірген бірнеше жарылыстар болды. Лаңкестердің қанқұйлы әрекеттері адамды адамдар өз қолымен қыратын қатерлі қырғын бой көтергенін нақты көрсетті. Мұндай сорақылықтар неліктен болып жатыр? Неге адамдар мұндай әрекетке барады? Имандылық жағынан алғанда олардың осы жолы дұрыс бағыт па? Бұл адамзатты қайда апарады? Олар­дың қолынан бейбіт адамдардың қырылуы кімге керек?»,-деп жазады мақала авторы.

* * *

«Айқын» газетінің жазуынша, бүгінгі ұрпақ 1916 жылы болған көтеріліс туралы, оны ұйымдастырушы батырлар жайында толық біле бермейді. Осы көтерілістің даңқты қолбасшыларының бірі - атақты мерген Кейкі батыр өз елі үшін басын бәйгеге тіккендігі белгілі.

«Батырды қызыл әскер айуандықпен өлтіріп, екі қолы мен басын кесіп алған. Батыр бабамыздың басы әлі күнге Санкт-Петерборда сақтаулы тұр. Бұны ҚР Сыртқы істер министрлігінің сұрауына орай 1995 жылы Ресей Сыртқы істер министрлігі де жауап хатында растаған. Жалпы, Кейкі батырдың бас сүйегін туған еліне алдыру мәселесі көптен айтылса да нәтиже шыққан емес. Дегенмен, Ұлт-азаттық көтерілістің жүз жылдығына орай батырдың басын қайтарып, туған жеріне жерлеу мәселесін Үкімет қолға алса игі». Cенатор Серік Ақылбай Жоғары палатаның жалпы отырысында Кейкі батырдың бас сүйегін қайтаруды сұрап, премьер-министр атына осындай сауал жолдады»,-деп жазады мақала авторы. Сондықтан зерттеу мәліметтеріне сүйене отырып жазылған деректер жайында білгіңіз келсе, онда «Кунсткамерадағы бас сүйек Кейкінікі ме?» атты мақаланы толық оқып шығыңыз.

Осы басылымда «Жауынгерлердің сапта жүруіне өзгертулер енгізілді» деген материал берілген.

Қазақстан Республикасының Президенті, Бас Қолбасшы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығы бойынша 2007 жылдың 5 шілдесінде қабылданған «Қазақстан Республикасы әскери күштерінің және қарулы күштердің жалпы әскери жарғысын бекіту» жөніндегі №364 Жарлығына (Жарлыққа осы жылдың 2 ақпанында қол қойылды) бірқатар өзгерістер енгізілді. Осы Жарлыққа енгізілген өзгерістерге сәйкес бұдан былай сапта жүруші әскери қызметкерлер адым қарқынын анағұрлым бәсеңдетпек. Заман талабына сай өзгеріс енгізіліп, жаңадан қабылданған құжатта «Қазақстан Республикасы әскери күш­терінің және қарулы күштердің жалпы әскери саптық жарғысында жоғарыда атап көр­сетілген Жарлық негізінде өзгерістер пайда болады. Адымның қарқыны ми­нутына 95-105 болуы тиіс. Ал қадым ұзындығы 60-70 сантимер» деп жазылған. Сөйтіп, осы құжат­қа енгізілген өзгерістерге сәйкес әскери қызметкерлер мен жауынгерлер сап түзеп жүргенде адым қарқынын анағұрлым бәсеңдетпек. Жаңа ереже ресми жария­лымнан соң он күн өткенде күшіне енеді.

Еске сала кетсек, бұған дейін әскери қызметкерлер мен жауынгерлер саптық жарғыға сай минутына 110-120 қадам басып, қадамның ұзындығы 70-80 сантиметр болған.

Сонымен қатар жаңартылған Жарлықта саптық қадам басу кезінде аяқты жерден алға қарай 10-15 сантиметр көтеру қажеттігі жария етілді. Ал қазіргі күні бұл өлшем 15-20 сантиметр. Мамандардың пікірінше, бұл өзгеріс «Орныңда қадам бас!» командасын орындау кезінде де қол­данылады. Дәл осы команданы әскери қызметкер аяқты жерден 10-15 сантиметрге дейін көтеріп-түсіріп іске асыратын болады. Ал қазіргі күні жауынгерлер аяқтарын жерден 15-20 сантиметрге дейін алшақтатып көтеруде. Қазақстан Қауіпсіздік қорғаныс кеңесі және әскери қауіпсіздік бөлімінің хабарлауынша, өзгеріс енгізілген жаңа Жарлық негізінде ішкі қызмет, гарнизондық және қарауыл қызметтерінің жарғысына да өзгерістер енгізілетін болады.

***

«Ана тілі» газетінің соңғы санында «Баянауыл ескерткіштері қорғауға алынды» деген мақала берілген.«Газетіміздің №49-50 (10-14 желтоқсан) 2015 жылы шыққан санында жазушы, әлеуметтанушы Асқар Сәрсенбайдың «Баянауылдағы тас мүсіндер қашанғы қорғаусыз қалады» деген мақаласы жарыққа шыққан болатын. Автор мақаласында Павлодар облысы, Баянауыл өлкесіндегі ескерткіштерді мемлекет қамқорына алу керектігі жайында өз ұсыныстарын білдірген еді. Осыған орай Баянауыл ауданының әкімі Нұрлан Күлжаннан жауап келді. Аудан басшысы хат авторының ел патриоты, өлкетанушы ретінде және тұлғаларға арналған тарихи-мәдени ескерткіштердің сақталуына, олардың жас ұрпақты тәрбиелеудегі және рухани саладағы зор маңызын ескере отырып, оған бейжай қарамай жанашырлықпен жазған мақаласын құптай отыра ризашылығын білдіріпті»,-деп жазады басылым.