Құрбан айт - береке мен бірлікті, қайырым мен қанағатты арттыратын құтты мейрам

АСТАНА. 14 қазан. ҚазАқпарат - 15 қараша күні мұсылмандардың ұлық мерекелерінің бірі - Құрбан айт мейрамы басталады. Үш күнге созылатын мейрам жыл сайын хижра - мұсылман күнтізбесі бойынша Зүлхижа айының оныншы жұлдызында (Арафа күнінен кейін) және Ораза айт мейрамынан 70 күн өткеннен кейін басталады.

Құрбан айт - береке мен бірлікті, қайырым мен қанағатты арттыратын құтты мейрам

Бұл күні Меккеге барған тәуапшылар Мина алқабында құрбандық шалу рәсімі мен қажылықтың басқа да талап-шарттарын атқарса, қажылық жасауға қалтасы көтермеген мұсылмандар мешіттерде айт намазын оқып, айтулы мерекенің ең маңызды рәсімі - құрбандық шалады. Қасиетті Құрбан айт халықтың бірлігін күшейтіп, өзара бауырластықты арттырады.

«Бұл мейрам - ұлт пен ұлысты ұйыстыратын рухани ұлы құндылықтардың бірі. Осы қасиетті күндері көпшілік жұрт құрбандық шалып, бір-біріне тек жақсылық тілейді. Береке мен бірлікті, қайырым мен қанағатты арттыратын құтты мейрам - Құрбан айт адамдардың етене араласуына, ұлттар мен діндердің өзара ынтымақтастығына жол ашады», деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Құрбан айт мерекесіне орай қазақстандықтарға жолдаған құттықтауында.

«Әлемнің әр түкпірін мекендеген мұсылмандар бұл күні Жаратушы Иеміздің разылығы үшін құрбан шалып, Алланың мейірім-шапағатына бөленуге тырысады. Адам осындай ізгі амалы арқылы Раббысына жақындай түседі. Ал «құрбан» сөзі «жақын болу», «жақындау» деген мағынаны білдіреді. Бұл күні қажылыққа аттанған мұсылман бауырларымыз, отандастарымыз жүздерін Қағбаға қаратып, Арафат тауында еліміздің игілігі мен халқымыздың бірлігін тілеп, екі дүниенің бақытын сұрап, Жаратқанға жалбарына дұға жасайды.Тәуелсіз еліміздің тұңғыш Президенті, асыл дініміздің жанашыры Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Құрбан айт мейрамын Қазақстан жұртшылығы үшін демалыс күні деп жариялады. Бұл - ұлық мерекені халықтық деңгейде атап өтуге, көпұлтты Отанымызды мекен еткен халықтар достығы мен бірлігін нығайта түсуге септігін тигізіп келеді. Ең бастысы, біз мұны дәстүрлі дініміз Исламға көрсетілген құрмет деп білеміз», - делінген Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының аталған мерекеге арналған құттықтауында.

Осы орайда Бас мүфти Құрбан айтты атап өтудің мәні мен мағынасы зор екендігін қадап айтты.

Құрбан айт мерекесінде мүмкіндігі бар әрбір мұсылман баласы Алла тағаланың ризашылығы үшін құрбандық шалуы тиіс. Тіпті, Алла Елшісі (с.а.с.): «Кімде-кім дүние-мүлкі мол бола тұра құрбан шалмаса, біздің мешітімізге жақындамасын»,- деп қатаң ескерткен. Сондықтан қорада малы яки қаражаты бар адам Алла жолында құрбан шалып, мұқтаж жандарға үлестіріп беруі қажет. Бұл рәсім Құрбан айт намазынан кейін айттың үш күнінде орындалады. Төрт түлік малдан тек қана қой, ешкі, сиыр және түйе ғана құрбандыққа шалынады. Қой мен ешкі бір кісі атынан құрбан етілсе, сиыр мен түйені бір адамнан жеті адамға дейін бірігіп құрбан етіп шала алады. Малды сол жағымен құбылаға қаратып, бауыздар алдында "Бисмилләәһи Аллааһу әкбар" деп айтылады. Құрбан етінен өзі де, өзгелер де жей алады. Демек, пайғамбарымыздың өсиетін басшылыққа алып, құрбан етін үшке бөліп, бір бөлігін мұқтаж жандарға, екінші бөлігін туған-туыстарға немесе көршілерге, ал қалған бөлігін өз отбасына алып қалуына да болады.

«Тазалық - иманнан» демекші, осы аталған сауабы мол ғибадатты орындау үшін Астана қаласында арнайы орындар қарастырылған. Әкімдік санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау мақсатында құбандыққа шалынатын малдарды сату және сою, тарату шаралары арнайы рұқсат етілген орындарда өткізіледі. «Нұр Астана» орталық мешітінің Бас имамы Наурызбай Өтпеновтың айтуынша, биыл елордада Құбан айт намазы 15 қазан таңғы сағат 8-ден 10 минут кеткенде басталады. Сонымен қатар ол қала ішіндегі аумақта, мешіт маңында, көп қабатты тұрғын аулаларында құрбандық малдары сатылмайтынын және сойылмайтынын айтып өтті.


Мұсылмандар Құрбан айт мерекесін қалай атап өтеді?
Мейрамның алғашқы күні жақсылап ғұсыл құйынғаннан (денені толықтай жуу) кейін, әдемі таза киімдерін киіп, үстіне хош иіс сеуіп, мешітке айт намазына барады. Қажылық өтеушілер Қағбаға жүзін қаратып дұға оқиды. Бақилық болған жақын-жұрағаттарына арнап Құран бағыштайды. Құрбандық етімен ауыз ашу үшін намаздың алдында ештеңе жемеу абзал. Айт намазы оқылғаннан кейін Аллаһ разылығы үшін мал шалынып, ақ түйенің қарны жарылады. Көрші-қолаң, туыс-туғанды қыдырыстап, «Айт құтты болсын!» айтысады. Айт күндері мейлінше көтеріңкі көңіл күйде, кешірімді болуға тырысу керек. Ренжіскен кісілер қайта табысып, айт күндері татуласқан жөн. Ауырып жатқан кісілердің көңілін сұрап, арнайы бас сұғу, жетім-жесір, мұң-мұқтаждарға қол ұшын беріп, оларға да айттың қуанышын сездіру өте сауапты істерге жатады. Бұған қоса, әке-шешесіне, отбасындағы жандарға, көрші-қолаң, жора-жолдастарына мүмкіндігінше кішігірім болса да сәлем-сауқат, сый-сияпат жасап, айт мейрамын ерекше өткізуге де болады. Осылай, бүтін мұсылман баласы адамдарды бір-бірінен алыстатпай, қайта жақындата түсуді насихаттайтын хақ дін - Ислам діні мен пайғамбарлардың ісін қайта жаңғыртады.

Құрбандық шалу. Бұл күні шариғат бойынша барша мұсылманға ортақ ғибадат - құрбандық шалынады. Құрбандық деп Құрбан айт күндерінде ғибадат ниетімен шалынатын малды айтады. Сондықтан бұл құрбандық шалу мерекесі, яғни Құрбан айт деп аталады.

Құрбан айт күндері (үш күні ішінде) шалынатын мал «ұдһия» деп аталады. Құрбандық шалудың мәнісінің кеңдігін ұғыну үшін діннің не екенін, құлшылықтың не үшін жасалатынын жақсы білген жөн. Құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Сондай-ақ пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады.

Алайда, кез-келген мал құрбандыққа жарай бермейді. Құрбандық ретінде шалынатын малдың ерекшеліктері мынадай болу қажет: 1. Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр, түйе секілді малдар (еркек-ұрғашысы бірдей) жарамды. Ал үйрек, қаз, тауық, түйетауық, елік секілді және тағы басқа да аң-құстар құрбандыққа жарамсыз. Бұларды құрбандық ретінде шалу харамға жақын мәкрүһ болып табылады. Өйткені мұнда отқа табынушылардың нышаны бар. 2. Құрбандыққа жарайтын қой мен ешкі ең кемі бір жасар болуы қажет. Дегенмен, алты айлық тоқты бір жасар қой секілді ірі, қоңды болса ол құрбандыққа жарамды. Ал ешкі міндетті түрде бір жасқа, сиыр екі жасқа, түйе бес жасқа толған болуы қажет. 3. Құрбандық малдың дені сау, етті және дене мүшелері түгел болуы керек. Сонымен қатар оның бойында малды құрбандыққа жарамсыз ететін кемшіліктер болмауы тиіс. Атап айтқанда, екі немесе бір көзінің соқыр болуы, бауыздалатын жерге өздігінен жүріп бара алмайтындай әлсіз, көтерем болуы, екі құлағының не бір құлағының басым бөлігі болмауы, тістері түгелдей немесе бір бөлігі түсіп қалған болса, қос мүйізі немесе бір мүйізі түбінен түсіп қалған болса, сондай-ақ желін ұшының түсіп қалуы, жетекке көнбейтін, үйірге қосуға жарамайтындай асау немесе ауру екендігі анық белгілі болса.

Қой немесе ешкі іспетті ұсақ малды тек бір адам ғана, ал түйе немесе сиыр секілді ірі-қара малдарды бір кісіден жеті адамға дейін бірігіп соя алады. Және біріккен кісілердің барлығының ниеті құрбандық құлшылығын өтеу мақсатында болуы керек. Егер де осы адамдардың ішінен біреуі құрбандыққа тек етін алу ниетімен қосылса, барлығының да құрбандығы қабыл болмайды. Сонымен қатар, құрбандық малды кез-келген адамның дүниеден озған туысының немесе қадір тұтқан кісілердің, құрбандық жасауға жағдайы жоқ адамдардың сауабына бағыштауға рұқсат етіледі.

Шариғат бойынша нисап мөлшеріндегі, яғни 85 грамм алтынға тең ақшасы бар, бас бостандықтағы, ақыл-есі бүтін, жолсапарда емес мұсылманға құрбан шалу уәжіп етілген. Ал құрбандық шалуға шамасы жоқ мұсылмандар, ниеттері арқылы сауапқа жете алады. Хадистерде «мұсылман баласының ниетінің тазалығына қарай сауабы беріледі», «оның ізгі ниеті амалынан қайырлы» деп айтылған. Яғни, қай істе болмасын мұсылман баласын ниетін таза ұстауға шақырады. Сол себепті «Раббым, мүмкіндік нәсіп еткеніңде мен де құрбандық шалар едім» - деген ниетте болса, «мейірімді Раббымыз оған да құрбандық шалған жанның сауабындай сауап береді», деп жазылған. Құрбан шалуға жағдайы жоқ кісілерге жасалған және бір жеңілдік, ол - айт күні жуынып-шайынып, тазалану. Себебі бұл тазалық оларға құрбандық шалғандай сауап әкеледі.

Құрбандық шалу ғибадаты Аллаһ Тағала талап еткен, белгіленген мезгілде және орында жасалуы шарт. Сондықтан құрбанның дұрыс болуы үшін діни тұрғыдан оның белгіленген уақытта бауыздалғаны жөн. Құрбан шалудың уақыты құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Жарықтандыру жүйесі нашар орындарда түрлі қателіктерге жол бермеу үшін түнде құрбандық шалу мәкрүһ болып саналады. Ал жарықтандыру мүмкіндігі жеткілікті жерлерде түнде де құрбандық шалына береді. Құрбан айтқа арнап сатып алынған мал айт күндері бауыздалмаса, малдың өзін садақа ретінде атау қажет. Үзір себептерге байланысты Құрбан айт намазына бара алмай қалған адам, намаз оқып болатындай уақыт өткеннен кейін құрбан шала беруіне болады.

Құрбандық шалушы бай болсын, кедей болсын өзінің құрбандығының етін жеуіне болады. Малдың етін үш бөлікке бөліп тарату мұстахап (жақсы амал) саналады. Бір бөлігі - туған-туыстарына және бай болса да көршілеріне таратылады. Екінші бөлігі - кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі - өзінің отбасына, бала-шағасына тиесілі. Халық арасында қан шықса болды деген теріс ұғым қалыптасқан. Шариғат бойынша құрбандыққа шалынған малдың етін, терісін, сирақ-басы мен сүтін сату не болмаса оларды құрбандық жасалған жерде лақтырып кету мәкрүһ саналады. Барынша ысырап жасамауға тырысып, құрбандықтың ішек-қарнына дейін пайдаға жаратуға тырысу керек. Ең абзалы малдың етінен бөлек мүшелерін сатып ақшасын мұқтаж жандарға беру.

Атап айтқанда, бүгінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биылғы Құрбан айт мерекесіне қызу дайындық жүргізді. Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының тапсырмасымен өңірлерде ұлық мерекенің сәні мен мәнін келтіретін қайырымдылық акциялар өтеді. Сонымен қатар, айт күндері мешіт аулаларына арнайы дастархан жайылып, қазақтың ұлттық спорт түрлерінен, мәселен, палуандар күресі, арқан тартыс, гір тасын көтеруден жарыстар ұйымдастырылады. Сонымен қатар тәлім мен тағылымы мол айтыс өнеріне де мән беріліп отыр.

«Мұсылмандардың ұлық мерекесі әрі мемлекеттік мейрам - Құрбан айтты жоғары деңгейде өткізу үшін мешіттер мен арнайы орындарда баннерлер, плакаттар ілінсін; ұлағатты ұрпақ, иманды жастар буынын қалыптастыру үшін ғибратты кештер, мерекелік ойын-сауықтар, арнайы қайырымдылық акциялар ұйымдастырылсын; құрбандық еті мүгедектер, қарттар, жетім мен жесірлерге, мұқтаж жандармен қатар жатақханада тұратын студенттерге де таратылсын; мерекелік іс-шаралар ұлттық нақышпен өткізілсін, уағыздарда ел бірлігі, мұсылмандар ынтымағы, діни тұрақтылық мәселелері қамтылсын», - делінген Бас мүфтидің аймақтағы өкіл имамдарға жолдаған бұйрық-хатында.