Құрбан айт - қайырымдылық мерекесі!

АСТАНА. ҚазАқпарат -Бүгін 12 қыркүйек - күллі мұсылман асыға күтетін ұлық мерекенің бірі - Құрбан айт. Мұсылманның мәртебелі екі мейрамының бірі саналатын Құрбан айт күні Алла разылығы үшін құрбандық малы шалынып, ақ түйенің қарны жарылатын, мұсылмандар шаттыққа бататын күн. Дәл осы күні қасиетті Меккеде қажылық парызын өтеушілер Қағбаға жүзін қаратып, Арафат тауында жалбарынып, дұғалар оқиды, Жаратқаннан тілек тілейді. Дүйім мұсылман баласы Ибраһим пайғамбар заманынан келе жатқан игі істі қайта жаңғыртып, Алланың жолында құрбандық шалу арқылы бір-біріне дінге деген беріктіктерін танытатын болады.

Құрбан айт - қайырымдылық мерекесі!

Жалпы құрбандық шалу уәжіп. Ол төрт түрлі шартпен орындалады. Атап айтқанда, құрбан шалушы адам мұсылман болып, оның ақыл-есі дұрыс бүтін, балиғат жасына толған болуы керек. Құрбан айт уақытында жолаушыламаған, негізгі қажеттіліктерінен тыс нисап мөлшеріндегі қаражаттарға ие болған адам болуы керек. Ал нисап мөлшеріне келсек, дін мамандары мұны 85 грамм алтынмен, яғни соған тең келетін қаражат құнымен бағалайды. Қолында осындай қаражаты бар азаматтарға құрбандыққа мал шалғаны уәжіп деген сөз. Қасиетті Құран Кәрімде Алла Тағаланың былай дегені баян етіледі: «Әрі барша адамдарды қажылыққа шақыр, олар жаяу немесе ұзақ жерден арып-аршып, түйемен саған келсін. Келгесін олар мұның өздеріне тигізген пайдаларын көрсін. Алладан өздеріне ризық ретінде құрбандық малдарды белгілі бір күндерде Алланың атын атап айтып, құрбандыққа шалсын. Оның етін өздерің де жеңдер, жоқ-жітікке де жегізіңдер!» (Хаж сүресі. 27-28 аяттар). Осының өзі де Құрбан айт мерекесінің қайырым мен шапағатқа шақыратын, мейірбандық мерекесі екенін аңғартады. Өйткені, игі істерді істеу арқылы адамзаттың, мұсылманның бір-біріне деген ризашылығы артады, күнделікті өмірде жағдайы жоқ адамдардың бар екенін басқалардың да есіне салып, бір уақыт қайырымдылықты жүректерге ұялатады. Сондықтан да, ислам дінінің ғалымдары құрбандыққа шалынған малдың етін жеуді мұстахап деп, оны кедейге,  мұқтаж жандарға таратып беруді уәжіп деп көрсетеді. Жалпылама келгенде, шалынған малды үш бөлікке тарату да бар. Мәселен, құрбандықтың бір бөлігін өзіңе, бала-шағамен дәм тату үшін, екінші бөлігін көршілерге, туған-туыстарға, үшінші бір бөлігін жоқ-жітікке, мұқтаж жандарға үлестірген абзалырақ.

Құрбандыққа қандай мал шалынады?

Дін мамандарының айтуынша, құрбандыққа шалынатын малға да мән берілуі керек. Оған кез келген мал жарай бермейді. Мәселен, құрбандыққа қой-ешкі, сиыр, түйе секілді мал жарамды. Ал үйрек, тауық, қаз секілді құс жануарларын, елік, арқар секілді түз тағылары мен аң-құстарды шалуға болмайды, яғни олар жарамсыз саналады. Қой, ешкі, сиыр, түйелердің  еркектері де, ұрғашылары да құрбандыққа жарамды. Әйтсе де, ондай мал тым арық, ауру, ақсақ, бір мүшелері кем болмауы шарт. Жасына келсек, қой мен ешкі ең кемі бір жасар болуы керек. Дегенмен, ерте туған, қоңды келетін алты айлық қозылар, бір жасар қой, ірі малдар да құрбандыққа жарамды. Сиыр екі жасқа, түйені бес жасқа толғанда құрбандыққа шалуға болады. Құрбандыққа шалынатын мал аурусыз, дене мүшелері толық болып, оның бойында құрбандық шалуға кедергі келтіретін кемшіліктері болмауы шарт.

Құрбандық шалынатын кезде мал шалынатын жердің тазалығына да назар аударған жөн. Малды ұрып, балағаттауға, оның көзінше пышақ қайрауға, басқа бір малды бауыздауға да болмайды. Айта кетерлігі, Алматы, Астана секілді еліміздің үлкен қалаларында құрбандық малын шалатын арнайы орындар белгіленген. Құрбан шалынатын малды ұрмай, соқпай, құрбан шалынатын орынға жетелеп апарып, құбылаға қарата сол жағымен жатқызып, бауыздайды. Мал бауыздалмастан бұрын, құрбандық иесі: «Иә, Алла Тағалам! Досың Ибраһим, сүйіктің Мұхаммедтен (с.ғ.с) қабыл еткеніңдей, менен де қабыл ала гөр!» деп сосын, «Аллаһу Акбар!», «Лә иллаһа Иллалаһ!» деп айтылады.

Құрбан мерекесіндегі аса маңызды  шараның бірі - Құрбан айт намазы. Айт намазын оқу мұсылмандар үшін уәжіп! Бұл күні үлкен мерекеге дайындалғандай мұсылман жамағат айт намазына да ертеден дайындалады. Алдымен ғұсыл құйынып, кейін әдемі, таза киімін киіп, үстіне хош иісті сеуіп, мешітке айт намазына қатысады. Бұл орындалуы тиіс ізгі амалдардың бірі болып табылады. Осы күні мұсылман адамның көңілі көтеріңкі, жүзі жарқын болып, мерекелік көңілмен жүргені абзал. Ондай тойдың әсері сезілуі үшін соңғы жылдары Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да түрлі шаралар ұйымдастырып жатыр. Мәселен, бұл күндері мешіттер алдындағы алаңдарда киіз үйлер тігіліп, ас беріліп, түрлі ұлттық ойындар ұйымдастырылады.

Намаздан кейін құрбандық шалатындар сол орынға асықса, қалған жұрт, бала-шаға «Айт құтты болсын» айтысып, мерекелейді. Айт күндері кез келген адам мейлінше көтеріңкі көңілде болып, жылы жүзде жүруі, ренішкен адамына кешірімді болып, таныстарының да көңілін аулауы керек. Айт күні науқастанған кісілердің көңілін сұрап, оларға арнайы соғу, жетім-жесірге қол ұшын беру, мұқтаж жандарға да айттың шарапатын сездіру мейлінше сауапты іс. Бұнымен қоса, әке-шешесінің, туған туыстары мен бауырларының үйін аралап, сый-сияпат үлестіру де құпталады.

Айт мерекесінде бұндай игі амалдар жасау адамның бір-біріне деген жылылығын арттырып, сыйластықтарын жақсарта түседі. Имандылықтың артуына да септігін тигізеді. Түптеп келгенде, иманның өзі мейірімділік, ізгілік пен ортадағы берекелікті білдіріп, қоғамның ұйытқысына айналатын шарапатты мінезділікті де аңғартады.  Сондықтан да, қоғамда Құрбан айт секілді ізгілік пен мейірім мерекесінің қадірін арттыруға барша азаматтар ат салысқаны игі. Ұлық мерекені насихаттау, құрбан шалу дәстүрін жандандырып, қоғамдағы қайырымдылық шараларын кеңінен ұйымдастыру  - ислам дініндегі маңызды міндет. Бұны әрбір мұсылман баласының санасына сіңіре берген абзалырақ.

Ұлық мерекеміз құтты болсын қадірлі жамағат!