Курчатов екінші АЭС салуға несімен қолайлы
СЕМЕЙ. KAZINFORM — Қазақстанда екінші атом электр станциясын салу мәселесі талқылануда. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев жаңа станция бой көтеретін орын ретінде Абай облысындағы Курчатов қаласы қарастырылып отырғанын айтты.

Қандай артықшылықтар бар?
Бұл жердің АЭС салуға қаншалықты қолайлы екенін және жергілікті тұрғындардың жобаға деген көзқарасын анықтап көрдік. Қала әкімі Болат Абдралиевтің айтуынша, атом электр станциясының құрылысы жаңа жұмыс орындарын ашып, халық санының өсуіне ықпал етеді.
— Ұлттық ядролық орталық 2012 жылы техникалық-экономикалық негіздеме жасаған кезде Курчатов қаласы АЭС салуға қолайлы аймақ ретінде мойындалған. Бұл жердің сейсмикалық тұрақтылығы, жеткілікті су қоры және қуатты энергетикалық инфрақұрылымының болуы басты артықшылықтар ретінде қарастырылды, — деді әкім.
Расымен де қаланың бірқатар артықшылығы бар. Біріншіден, онда атом электр станциясын пайдалануға қажетті су ресурстары мен энергетикалық жүйелер орналасқан. Демек, тапшылық болмайды. Екіншіден, аймақтың сейсмикалық белсенділігінің төмендігі АЭС-тің қауіпсіздігіне кепіл. Соның арқасында уайым бұлты да қалыңдамайды.
Курчатов — «ядролық» тарихы бар қала
Курчатов қаласының ядролық ғылымға қатысты тарихи тереңде. 1947 жылы жабық ғылыми қалашық ретінде құрылған ол КСРО-дағы ядролық зерттеулердің орталығына айналды. Күні бүгінде дейін Курчатов әскери-ядролық дәуірден атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануға көшудің үлгісі іспеттес.
Осында бірегей ғылыми ресурстар мен инфрақұрылым шоғырланған. Бұл қаланы атом өнеркәсібін одан әрі дамыту үшін таптырмас орынға айналдырады.
Шаһар тұрғындарының басым бөлігі атом өнеркәсібінде жұмыс істейді және саланың қауіпсіздік негіздерімен жақсы таныс. Сондықтан олар жаңа атом станциясының құрылысына оң көзқараспен қарайды. Мұны қаладағы сайлаушылардың 70%-дан астамы АЭС құрылысын жақтап дауыс берген референдум нәтижелері де көрсетті.
Экология және қауіпсіздік
Экология және қауіпсіздік мәселелері осы жобаның басты бағыттары болып қала бермек. Осы ретте, Ұлттық ядролық орталық басшылығының да пікірін сұрап көрдік.

— Біз салынған нысанның қауіпсіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге дайынбыз. АЭС қоршаған ортаға көмір станцияларымен салыстырғанда әлдеқайда аз зиян келтіреді. 1 ГВт қуат өндірісі үшін жылына небәрі 50 кубометр радиоактивті қалдық шығарылады. Ал дәл осындай көлемдегі көмірмен жұмыс істейтін электр станциялары жүздеген мың тонна қалдық шығарады. Осылайша, атом энергетикасы Қазақстан үшін экологиялық таза шешімдердің біріне айналып отыр, — деді орталықтың бас директоры Эрлан Батырбеков.
Оның айтуынша, АЭС Қазақстанның энергетикалық секторын дамытуға елеулі үлес қосады.

Солтүстік-шығыс өңірлердегі көмірмен жағылатын жылу электр станцияларын экологиялық таза атом энергиясына ауыстыру мүмкіндігі қарастырылуда. Бұл экологиялық ахуалды жақсартып қана қоймай, елдегі ғылым мен техниканың дамуына да серпін береді.
Қаланы да оң өзгерістер күтіп тұр
Курчатов қаласының өзін де оң өзгерістер күтіп тұр. Бүгінде мұнда 12 мыңға жуық адам тұрады. Еңбекке жарамды халықтың төрттен бірі Ұлттық ядролық орталықта жұмыс істейді.

Қазіргі уақытта осында Үлбі металлургиялық зауыты жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ тау-кен және өңдеу өнеркәсібіне қатысты жобалар әзірленуде.
Бұдан бөлек, қалаға инфрақұрылымды дамытуға және жаңа өндіріс орындарын ашуға инвестиция тартылып жатыр.
Қорыта айтқанда, Курчатовтағы екінші атом электр станциясының құрылысы Қазақстан үшін энергетика, ғылым және экономика салаларында жаңа мүмкіндіктер ашады. Бұл қала өзінің стратегиялық тұрғыда тиімді орналасуының, білікті кадрларының көптігі және жергілікті халықтың қолдауының арқасында елдің атом энергетикасын дамытудың орталығына айналуына толық негіз бар. Десе де сарапшылардың пікірінше, осы тұғырға көтерілу — жіті дайындыққа, қоғамдық пікірдің ескерілуіне және экологиялық стандарттардың қатаң сақталуына тікелей байланысты.
Еске салсақ, осыған дейін Қазақстандағы екінші АЭС қай облыста салынуы мүмкін екендігін жазғанбыз.