Күре жол бойында бизнес ашқан кәсіпкерлерді ынталандыру керек – Премьер-Министр
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов елдегі бүкіл инфрақұрылымға – әуежайлардан бастап қонақ үйлерге, сауда нүктелеріне, тамақтану орындарына, концерт алаңдарына дейін қауіпсіздік пен жайлылық тұрғысынан ревизия жүргізуді тапсырды. Бұл туралы Премьер елдегі туризм саласын дамыту және цифрландыру туралы Үкімет отырысында айтты.

− Туризмді дамыту саласында қабылданып жатқан барлық шара кешенді түрде жүруге тиіс. Осыған байланысты Туризм және спорт министрлігі Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, 3 айда туризмнің бірыңғай цифрлық экожүйесін құру жөніндегі нақты іс-шаралар жоспарын бекітуі керек. Курорттық аймақтар мен табиғи парктердің бас жоспарларын цифрландыруға ерекше назар аудару қажет. Сондай-ақ ұлттық туристік порталға кіруге мүмкіндік беретін QR-кодтарды әуежайларда, вокзалдар мен шекара бекеттерінде, туристер көп жиналатын жерлерде орналастыру қажет, − деді О.Бектенов Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Сонымен бірге Үкімет басшысы өңір әкімдіктеріне 2 айда барлық мәдени, оқиғалық, спорттық және басқа да іс-шаралардың бірыңғай күнтізбесін бекітуді тапсырды.
Мәдениет, Сыртқы істер министрліктерімен бірлесіп, ел ішінде және шетелдерде Қазақстанның туристік әлеуеті туралы белсенді ақпараттық науқан өткізу керек. Өтінім беру рәсімдерін толығымен цифрландыру арқылы Neo Nomad Visa-ны танымал ету қажет. Қорыта айтқанда, икемді визалық саясат жүргізілуге тиіс.
− Өңір әкімдері туристік объектілерді қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуі керек. Көлік, Сауда, Ұлттық экономика, Туризм министрліктері мен әкімдіктер жол бойындағы сервисті жақсарту жұмыстарын жалғастырсын. Күре жол бойындағы дәмханалар, жанармай құю бекеттері мен техникалық қызмет көрсету станциялары қабылданған стандарттарға сай болуы керек. Сондай-ақ осы бизнесте жұмыс істейтін кәсіпкерлерді ынталандыру мәселесін пысықтауды тапсырамын. Бұл ретте туристер қауіпсіздігін арттыруға ерекше назар аударылсын. Бүкіл инфрақұрылымға – әуежайлардан бастап қонақ үйлерге, сауда нүктелеріне, тамақтану орындарына, концерт алаңдарына дейін – қауіпсіздік пен жайлылық тұрғысынан ревизия жүргізілуі қажет, − деді Премьер-Министр.
Айта кетейік, соңғы 5 жылда Қазақстандағы туристер саны 7,5 есе өсті. Былтыр елімізге 15 млн-нан астам адам саяхаттап келген.
«Астана Концерт» компаниясының продюсері Мәлік Хасенов америкалық актриса және әнші Дженнифер Лопестің Астанада өтетін концертінен қанша экономикалық пайда түсетінін айтты.