Күре жол: Тапсырыс беруші тарапынан бақылау болмайынша кемшіліктер жойылмайды - маман
ОРАЛ. KAZINFORM – Жол құрылысы кезінде сапаға ерекше маңыз беріледі. Осы орайда Батыс Қазақстан облысында қандай жұмыстар атқарылып отыр, негізгі түйткілдер қандай?
«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК БҚО филиалының бөлім басшысы Дәурен Әміровтің жауап бергеніндей, өткен жылы республикалық және жергілікті маңызы бар жолдарда 93 нысанда, 48 көше-жол желісінде сараптама жұмыстары жүргізілген.
Дәурен Манарбекұлының сөзіне қарағанда, мекеме жүргізген барлығы 638 инспекциялық тексеріс нәтижесінде 2 мыңға жуық материал сынамасы іріктеліп алынып, сыналды. Соның ішінде жол-құрылыс материал сынамаларының 27 пайызы нормативтік талаптарға сай келмеген.

Сонымен қатар тексеріс барысында 369 кемшілік пен бұзушылық анықталса, соның 135-і күні бүгінге дейін жойылған жоқ. Олқылық пен сәйкессіздіктерді жою бойынша уәкілетті органдарға 137 хат жолданды. Соның ішінде сараптама қорытындысына сәйкес жолданған 12 хат негізінде БҚО мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы 3 млн 735,4 мың теңге көлемінде айыппұл салды. Қалған 125 хат аудан және ауылдық округ әкімдіктеріне жіберілді.
- Бұл ретте министрлікте бірнеше жиын өткізіліп, кемшіліктер мен сәйкессіздіктер анықталғанымен, оларды жою бойынша шаралар қабылданбағанына екпін түсіргім келеді. Мұның негізгі себептері – тапсырыс беруші, сондай-ақ мердігер және техникалық қадағалау тарапынан бақылау жеткіліксіз. Екіншіден, мердігерлер мен техникалық қадағалаудың жеке зертханалары жоқ. Үшіншіден, құрылыс материалдарының кіріс және операциялық бақылау жұмыстары жүргізілмейді, - дейді Д.Әміров.
Маманның мәлімдеуінше, тағы бір айтатын жайт, көбінесе республикалық және облыстық маңызы бар жолдарда кемшілік-сәйкессіздіктер жойылып жатады. Ал аудандық жолдар мен көше-жол желісінде бұл жұмыс жоқтың қасы.

Басты себептердің бірі – нысандарда жөндеу жұмыстары құрылыс маусымының ортасында немесе соңында басталады. Сол себепті мердігерлер жұмысы кідіреді. Уақытылы аяқтамаған соң бұл сапаға да әсер етеді. Қолайсыз ауа райына тап болып, суық түсуіне байланысты кемшіліктерді жойып үлгере алмайды.
Өткен жылы «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» назарынан барлық асфальтбетон зауыттары да тыс қалған жоқ. Сонда 24 зауыттың 14-і талапқа сай келмейтіні белгілі болды. Бұлай жалғаса берсе, мұның соңы сапасыз асфальтбетон қоспасын өндіруіне соқтыруы мүмкін.
- Қызылорда қаласында өткен V Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы жол құрылысына байланысты барлық жұмыстың сапалы әрі уақытылы орындалуы қажеттігін атап көрсетті. Бұл жол сапасы қызметкерлеріне де үлкен жауапкершілік жүктейді. Қазіргі таңда республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының қысқы күтім жұмыстарына бақылау жүргізудеміз. Жыл басынан бері 14 инспекциялық тексеріс нәтижесінде көктайғаққа қарсы 11 құмды-тұзды қоспа сынамасы іріктеліп алынып, сыналды. Оған қоса тексеріс барысында 21 кемшілік пен бұзушылық анықталды. Келісім-шарттың және жоспар-кестенің жоқтығына байланысты облыстық және аудандық маңызы бар жолдарға біздің тарапымыздан бақылау жүргізілмейді, - деп қосты Д.Әміров.
Бұдан бұрын БҚО жолдарының сапасын тексерген кезде 250-ден астам ақау анықталғанын жазған едік.