Күре жолда үзілген тағдырлар: Атырауда жол апатының көбеюіне не себеп

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысында жол-көлік оқиғасы жиі тіркеледі. Бұл түйткіл тұрғындарды да, жергілік әкімдік пен полиция қызметкерлерін де алаңдатып отыр.

апат
Фото: Атырау облысы ПД

Облыс әкімі аппараты қауіпсіздік және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Лейла Бердіғалиеваның мәліметінше, жол-көлік оқиғасынан зардап шеккендер саны былтырғыдан 150,6 пайызға өскен. 

— Биыл 11 айда 812 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Соның салдарынан 1213 адам зардап шегіп, жарақат алды. Ал 91 адам қаза тапты. Көлік жүргізушілері 145 жаяу жүргіншіні қаққан. Жол бойында 180 мәрте бетпе-бет соқтығысқан, — дейді Лейла Бердіғалиева. 

дтп
Фото: Атырау облысы ПД

Оның айтуынша, жүргізушілердің жаяу жүргіншілерді қағу дерегі Атырау қаласындағы Құрманғазы, Л.Владимирский көшелерінде, сондай-ақ «Нұрсая» шағынауданында жиі тіркелген. 

— Жол-көлік оқиғасынан кәмелетке толмаған 330 жасөспірім зардап шекті. Оның ішінде 9 бала қаза тауып, 321-і түрлі жарақат алды. Төрт жеткіншекті жаяу жүргіншілерге арналған жолақта көлік қаққан. Ал екі бала жол апатынан, тағы үшеуі әртүрлі жағдайда қаза тапты, — дейді спикер.

Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Әділбек Шахметовтің пікірінше, жол-көлік оқиғасына адам факторы әсер етеді. 

полиция
Фото: Атырау облысы ПД

— Адам факторы — алдымен жүргізушілер. Олардың жол ережесін бұзуына бірнеше себеп әсер етеді. Біріншіден, жүргізушілер өзінің де, көлік салонындағы жолаушылардың да өмірін сақтау тұрғысында жауапкершілікті сезінбейді. Екіншіден, діттеген жеріне тез жетуді ойлап, жылдамдықты шамадан тыс асырады. Үшіншіден, көлік айдап келе жатып, мобильді телефонмен сөйлеседі. Төртіншіден, жолдағы маневр жасау талаптарын бұзады. Бесіншіден, алдағы көлікті басу озу қағидасын бұзады. Алтыншыдан, алкогольдік ішімдік ішіп, рульге отыру, — дейді Әділбек Шахметов.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл жергілікті полицейлер үшін «Кибер-Шериф» ақпараттық кешенімен қамтылған 28 көлік сатып алынған.

апат
Фото: Атырау облысы ПД

Бұл құрылғымен ақпан айынан бері көлік қозғалысына бақылау жүргізеді. 

— Бұл — жол ережесін бұзатын, қауіп төндіретін жүргізушілерді тез анықтайтын кешен. Аталған құрылғының бейнекамерасымен 360 градустағы көріністі бақылауға болады. Бір мезгілде 50 автокөліктің жылдамдығын қадағалауға мүмкіндік бар. Жылдамдықты шектен тыс асырған, қарсы бағытқа шыққан, көрінбейтін мемлекеттік тіркеу нөмірлері тағылған, ұрланған немесе борышкерлер жүргізген көліктер автоматты түрде анықталады. Құқық бұзушылық деректері полиция қызметкерлерінің қатысуынсыз, автоматты түрде базаға түседі. Электронды хаттама қаулысы 1 апта ішінде көлік иелерінің мекен жайына жіберіледі, — дейді департамент бастығы Нұрхат Оразбаев.

Оның дерегіне сүйенсек, патрульдік полиция қызметкерлеріне 4 әуе дроны, 8 «Оракул-Инсайт» мобильді-тасымалау құрылғысы берілген. Ал 15 бағанаға «Трафик-Сканер» стационарлық жылдамдық өлшегіш құрылғысы орнатылған. 

апат
Фото: Атырау облысы ПД

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің пікірінше, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға басымдық берілуі керек. Мұндай іс-шара әсіресе Атырау қаласында көбірек қолға алынғаны жөн. 

— Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қажетті құрал-жабдықтар, арнайы көліктер сатып алынды. Бірақ әлі күнге дейін статистикалық көрсеткіш көңіл көншітпейді. Ең өкініштісі, жол апаты құрбандарының басым көпшілігі — балалар. Осыған байланысты ведомствоаралық комиссия жаяу жүргіншілер мен жол қозғалысындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін нақты ұсыныстар әзірлеуі қажет. Талдау жүргізуге және нақты шешім қабылдауға қажетті ақпарат бар, — дейді Серік Шәпкенов. 

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда жыл басынан бері көлік рөліне отырған 732 мас жүргізуші ұсталғанын хабарлаған едік. 

дтп
Фото: Атырау облысы ПД

 

Соңғы жаңалықтар