Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Күрестен Будапешттегі рейтингтік турнирде Қазақстан қоржынына қос медаль түсті

АСТАНА. KAZINFORM – Мажарстан астанасы Будапештте күрестен өтіп жатқан рейтингтік турнирде Қазақстан құрамасы тағы екі медаль олжалады.

Казахстанский борец Едыге Касымбек завоевал золото турнира в Будапеште
Фото: ҚР ҰОК

Жарыстың екінші күні еркін күрес шебері Едіге Қасымбек 125 келіге дейінгі салмақта чемпион атанды.

Едіге алдымен 1/8 финалда румыниялық Омар Саремді 6:2 есебімен тізе бүктірді. Содан кейін ширек финалда аса тартысты бәсекеде бахрейндік Шамиль Шариповтан 4:3 есебімен басым түсті. Ал жартылай финалда қытайлық Бухердунға еш мүмкіндік қалдырған жоқ – 10:0.

Е.Қасымбек финалда Польша өкілі Камиль Коциолекті 5:0 есебімен сенімді түрде жеңді.

Әйелдер арасында Зейнеп Баянова 50 келіге дейінгі салмақта үздік үштікке ілікті.

Зейнеп Баянова
Фото: kazwrestling_official Instagram парақшасынан

Батыс Қазақстан облысының өкілі әуелі оңтүстіккореялық Миран Чонды айқын басымдылықпен ұтты – 11:1. Ширек финалда ресейлік Надежда Соколовадан 0:5 есебімен жеңіліп жатып, таразы басын өзіне аудара білді – 16:11. З.Баянова жартылай финалда америкалық Сара Чавеске жол берді – 0:4.

Зейнеп қола жүлде үшін украиналық Оксана Ливачпен белдесуі керек болатын. Алайда қарсыласы жарақатына байланысты боз кілемге шықпағандықтан, жеңіс қазақстандық балуанға берілді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық балуандардың рейтингтік турнирде алты медаль жеңіп алғанын жазған едік.