Құрғақ қымыз бен жылқы еті шетелдік ветеринариялық талаптарға сәйкестендіріледі

АСТАНА. KAZINFORM – Құрғақ бие сүті мен жылқы еті шет мемлекеттердің ветеринариялық талаптарына сәйкестендіріледі. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.

мясо
Фото: Мухтор Холдорбеков/ Kazinform

- Жылқы шаруашылығы агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламаларға енгізілген. Соңғы бес жыл ішінде жылқы шаруашылығын дамытуға бюджеттен 9,4 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Оның ішінде осы жылға шамамен 900 млн теңге қарастырылды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 2024 жылдың қорытындысы бойынша жылқы саны 4,4 млн басқа жетті. Бұл 1991 жылғы көрсеткіштен 2,5 есе жоғары, - деді Олжас Бектенов.

Үкімет басшысының дерегінше, жылқы етін және бие сүтін өндіру мен өңдеу бағыттарында оң серпін байқалады.

Мәселен, соңғы бес жылда жылқы етінің өндірісі 30 пайызға артып, 170,9 мың тоннаны құрады. Ал бие сүтінің өндірісі 21 пайызға өсіп, 33,4 мың тоннаға жетті.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді, оның ішінде жылқы еті мен бие сүтін қайта өңдеуді ынталандыру мақсатында Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі (2,5 % мөлшерлемемен және 10 жылға дейінгі мерзімге) Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы қаржыландырылатын жобалар тізбесіне енгізілді. Сондай-ақ «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы өңдеуші кәсіпорындарға айналым қаражатын толықтыру мақсатында 5 пайыз мөлшерлемемен жеңілдетілген несие беру тетігі іске асырылып жатыр.

- Ауыл шаруашылығы министрлігі экспортқа бағытталған өнімдерді, оның ішінде құрғақ бие сүті мен жылқы етін шет мемлекеттердің ветеринариялық талаптарына сәйкестендіру бойынша жұмыстар жүргізуде. Жылқы шаруашылығы субъектілеріне техника мен жабдық сатып алуға 25 пайызға дейінгі мөлшерде инвестициялық субсидиялар ұсынылады. Сондай-ақ жылқы және жабдық сатып алуға жеңілдетілген несиелер мен лизинг мүмкіндігі қарастырылған, - деді Премьер-министр.

Бұған дейін «Тұлпар күні» арнайы ұлттық мерекесін белгілеу мәселесі қосымша пысықталатынын жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар