«Құрғақ порт» - Қорғастың болашағы

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында іске асырылып жатқан жобалар Қазақстанның транзиттік-көліктік әлеуетін дамытуға және Жаңа Жібек жолы экономикалық белдеуін құруға үлкен сер­пін береді. Осындай бірегей жобалардың бірі - «Қорғас-Шығыс қақ­пасы» арнайы экономикалық аймағы.
None
None

Екі айдың көлемінде өзінің операциялық қызметін жүргізіп жатқан «Құрғақ порт» Еуропалық одақтан Қытай Халық Республикасына және Қытайдан Еуразия құрлығына автомобиль көліктерін тасымалдау қызметін көрсетуде. Онда жұмыс істейтін қызметкерлердің штаттық бірлігі жергілікті тұрғын­дардан құралып, олар әлемнің алдыңғы қатарлы логистикалық орталықтарында білімдерін ұдайы жетілдіру үстінде.

Қазіргі күні «hewlettpackard», «dbschenker», «Toyota», «FESCO», «BRAVIS» компанияларымен жүктерді «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында өңдеп, Алтын көл станциясы арқылы контейнерлік поездарды транзиттеуді қалыптастыру бойынша келісімшарттарға қол қойылды. Сондай-ақ, «Құрғақ порт» жобасы аясында теміржолдың кірме жолдары, қоймалар мен контейнерлер алаңы салынған. Осы уақытта «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығында экспорттау-импорттау бойынша сауда-саттық операцияларын қалыптастыру және келісімшарттық логистика бойынша 5 инвестициялық жоба іске асырылуда. Тағы 10 жоба қарастырылу үстінде. Жобалардың инвестициялық жалпы құны 300 млн. теңгені құрайды. Бүгінде Еуразия құрлығындағы осынау ең тартымды инвестициялық жобаның қуаты күн санап арта түсті. Мәселен, соңғы 8 айда порт арқылы тасымалданған жүк көлемі үш есеге өскен. Порт аумағында өткен жиында «ҚТЖ» ҰК» АҚ президенті Асқар Мәмин атап өткендей, болашақта порт аймағында 100 мыңға жуық тұрғыны бар әсем қала бой көтеретін болады. Ол үшін облыстық әкімдік қажетті жер телімін бөлгені де мәлім. Осы ретте кезексіз шешілетін бірінші мәселе - азаматтардың әлеуметтік жағдайы. Сәйкесінше, тұрғынүй, мектеп, балабақша, емхана салу жоспарланып отыр. Қазіргі сәтте облыс әкімдігінің тапсырысы бойынша қаланың бас жоспары дайындалды. Елбасының Қытай Халық Республикасына жасаған сапарында дәл осы Қорғас портын дамытуға 600 млн. доллар көлемінде инвестиция тарту туралы келісім жасалғаны белгілі. Бұл қаржы трансұлттық жобаға тың серпін беріп, қазірде мұнда ірі көлемдегі көлік тасымалына дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Көлік-логистикалық кешен­нің қызметіне бүгінде Орталық Азия, Парсы шығанағы және Еуропа мемлекеттері үлкен қызығушылық танытуда. Себебі, құрғақ порт арқылы жүктер Батыс Еуропа елдеріне 10 күнде жетеді. Бұл теңіз жолына қарағанда әлдеқайда жылдам әрі арзан. «KTZE-KhorgosGateway» ЖШС бас директоры Карл Гейсман: «Біз екі айдың ішінде 7 мыңнан аса контейнерді рәсімдеп, 150-ге тарта поезды «Құрғақ порт» арқылы жөнелттік. Мұнда биыл 100 адам жұмыс тапса, олардың 80 пайызы жергілікті азаматтар. Сонымен қатар, 20 адамнан тұратын бірінші топты Үндістандағы құрғақ портқа тәжірибе алу үшін жібердік. Келесі жылы тағы да 300 адамды жұмыспен қамтитын боламыз. Оның да 80 пайызы жергілікті тұрғындар болады», - дейді Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы басшыларының келісімімен іске асырылған осы бір ірі жобаның әлеуеті зор екендігі бүгіннен-ақ байқалуда. Ал келешекте мұнда жылына 750 мың контейнер жүк өңделетін болады. Осылайша Қорғас аймағын болашақта ірі құрғақ портқа айналдыру үшін жан-жақты шаралар жүзеге асырылуда. Нәтижесінде, Қорғас Қытайдың алып нарығымен елімізді және өзге де Еуразия елдерін байланыстыратын болады. Бұл біріншіден, ішкі нарықтағы тауар айналымын жақсартса, екіншіден Қытайға қатынайтын дәліз жолдар арқылы еліміздің инфрақұрылымына үлкен үлас қосады.

Соңғы жаңалықтар