Құрылыс жобаларын тексеру уақыты екі есе қысқаруы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда құрылыс саласын цифрландыру жұмысы жалғасып жатыр. Қазір аумақты жоспарлаудан бастап нысанды пайдалануға беруге дейінгі барлық кезеңді қамтитын бірыңғай цифрлық жүйе енгізіліп жатыр. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен брифингте ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Жәннат Дүбірова айтты.
Оның айтуынша, жүйенің негізгі тетіктерінің бірі — мемлекеттік қала құрылысы кадастры. Онда елдің бас жоспарлары, егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары және инженерлік желілерге қатысты мәліметтер жинақталған.
— Деректер бір жүйеге жинақталғаннан кейін оларды талдауға мүмкіндік туады. Соның бірі — компьютерлік көру технологиялары мен кеңістіктік деректерді өңдеу құралдарын пайдалану. Бұл нақты құрылыс пен бекітілген қала құрылысы құжаттары арасындағы сәйкессіздіктерді жедел анықтауға мүмкіндік береді, — деді вице-министр.
Оның сөзінше, бұл үшін цифрлық карталар, суреттер және автоматты талдау жүйелері қолданылады. Алдын ала бағалау бойынша тексеру уақыты бірнеше күннен бірнеше сағатқа дейін қысқарады.
Сонымен қатар жобалар мен құжаттарды тексеруді автоматтандыру жұмысы басталған. Жүйе бас жоспарлар мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларындағы мәліметтерді автоматты түрде салыстырып, сәйкессіздіктерді анықтайды.
Вице-министрдің айтуынша, бұл бір жобаны тексеру уақытын 16 сағаттан 8 сағатқа дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде артық жұмыс азайып, адами фактордың ықпалы төмендейді.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда жер қойнауын пайдаланудың Бірыңғай платформасы арқылы 729 лицензия берілгені хабарланған еді.