Құрылыстағы отандық материалдардың үлесін тұрақты қадағалап отыру керек - Бектенов
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов импорттық құрылыс материалдарының жоғары үлесі сынға алды.
- «Kazakh Invest» компаниясы мемлекеттік органдармен, әкімдіктермен, «Самұрық-Қазына» қорымен және «Бәйтерек» холдингімен бірге осы жылдың 1-ші сәуіріне дейін ақпараттың толықтығы мен дұрыстығын қамтамасыз ете отырып, ұлттық цифрлық инвестициялық платформада жобалардың өзекті пулын қалыптастырсын. Бұл қолданыстағы жобаларға қолдау шараларын көрсету барысында жедел шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді, - деді О. Бектенов.
Сонымен қатар ол Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында елімізде мұнай-газ химиясы өнімдерін өңдеу деңгейі төмен екенін атағанын еске салды.
- Аталған сала өңдеу өнеркәсібіндегі жаңа бағыттарды дамытуға негіз болуға тиіс. Энергетика және Өнеркәсіп министрліктеріне «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, кейін отандық компаниялардың өңдеуіне қажетті ішкі нарыққа қолжетімді полимер шикізатын жеткізудің ашық әрі тұрақты шарттарын қамтамасыз етуді тапсырамын. Өнеркәсіп министрлігі полимер өнімдерін одан әрі өңдеуге арналған жобалардың нақты пулын ұсынсын, - деді Үкімет басшысы.
Бұдан бөлек Премьер-министр құрылыс саласы дәстүрлі түрде өнеркәсіптің дамуына айтарлықтай үлес қосып отырғанын айтты. Алайда, бұл салада, әсіресе нысандарды жеке қаржы көздерінің есебінен салу кезінде импорттық құрылыс материалдарының үлесі жоғары болып отыр.
- Өнеркәсіп министрлігіне өңір әкімдіктерімен бірлесіп, ірі нысандарды, соның ішінде жеке инвестициялар есебінен жүргізілетін құрылыс жұмыстарында отандық материалдардың үлесін тұрақты түрде қадағалап отыруды тапсырамын, - деді Олжас Бектенов.
Бұған дейін хабарланғандай, Премьер-министр министрліктерге экспорттық әлеуеті жоғары жаңа жобалардың тізбесін ұсынуды тапсырды.