Құрылтай депутаттарының саны емес, сапасы маңызды – Максим Рожин

АСТАНА. KAZINFORM – Құрылтай заң шығарумен қатар Үкіметті бақылау мәселесін іске асырады. Бұл туралы «Референдум-2026» онлайн марафоны барысында Мәжіліс депутаты Максим Рожин айтты.

Құрылтай депутаттарының саны емес, сапасы маңызды – Максим Рожин
Фото: видеодан алынған скрин

– Құрылтай депутаттарының саны емес, сапасы маңызды. 145 адам елдегі заң шығару, Үкіметті бақылау мәселесін іске асырады. Өйткені, Парламенттің, алдағы уақыттағы Құрылтайдың ықпалы күшейеді. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы бар. Осы қалай іске асады? Қарапайым тілмен айтқанда, Президент стратегиялық бағытты айқындайды. Үкімет оны орындайды. Ал Құрылтай оны бақылап, соған сай елге қажетті заңдарды шығару жұмысымен айналысады. Бұл формулада адам саны емес, сапасы маңызды. Заң шығару процесінде сапаны кәсіби деңгейдегі Құрылтай қамтамасыз етеді. Кәсіби деңгейдегі Құрлытайда 145 депутаттың ғана емес, сол Құрылтай аппаратының да мықтылығы маңызды, - деді Мәжіліс депутаты.

Сонымен қатар ол заңдарды не үшін жылдам қабылдау қажеттігін түсіндіруге тырысты. 

– Заң елдің өміріне тікелей әсер етеді. Сондай-ақ ол – Үкімет пен жалпы атқарушы биліктің жұмыс істеуіне тікелей жол ашатын құжат. Бұл ретте Құрылтайдың заңдарды жылдам қабылдауының Үкіметке, елде қабылданатын стртатегиялық дүниелерге тікелей әсері бар. Сағат сайын өзгеріп жатқан әлемдегі дүниелерге еліміз төтеп беруі тиіс. Ал төтеп беретін ең бірінші орган заң шығаратын – Құрылтай. Жылдамдық осы үшін керек, - деді Максим Рожин.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи жаңа Конституция жобасы қабылданса, елдегі саяси партиялардың саны артуы керек деген пайым айтты.

Соңғы жаңалықтар