Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Құрылтай депутаттарының сайлауына 34,3 млрд теңге бөлінді

АСТАНА. KAZINFORM — Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Михаил Бортник мәлім етті.

Құрылтай депутаттарының сайлауына 34,3 млрд теңге бөлінді
Фото: Kazinform

Оның айтуынша, республикалық бюджет былтыр бекітілген кезде Құрылтай депутаттарының сайлауын өткізу жоспарланбаған. Осыған байланысты қажетті қаржы Үкімет резервінен бөлінген.

— Сайлау бюджеті аумақтық сайлау комиссияларының өтінімдері негізінде және сайлау туралы заңнаманың талаптарына сәйкес қалыптастырылды. Онда сайлау процесін толық ұйымдастыруға қажетті барлық шығыс ескерілген, — деді Михаил Бортник.

ОСК мүшесінің мәліметінше, қаржының ең қомақты бөлігі — 8,5 млрд теңге — ел бойынша жұмыс істейтін 70 мыңнан астам сайлау комиссиясы мүшесінің еңбекақысын төлеуге бағытталады. Биыл республика бойынша 10 674 сайлау учаскесі жұмыс істейді.

Сондай-ақ бөлінген қаражат есебінен 47 жаңа сайлау учаскесі ашылады. Бұдан бөлек, сайлау бюллетеньдері, плакаттар, ақпараттық стендтер мен әдістемелік материалдар дайындалып, сайлау комиссиялары байланыс, көлік және өзге де қажетті материалдық-техникалық құралдармен қамтамасыз етіледі.

Шетелдегі дауыс беруді ұйымдастыруға да жеке қаржы қарастырылған.

— Осы мақсатқа Сыртқы істер министрлігіне 124,5 млн теңге бөлінген. Бұл қаражат Қазақстанның шетелдегі 30 сайлау учаскесінің жұмысын ұйымдастыруға және сайлау бюллетеньдерін жеткізуге жұмсалады, — деді комиссия мүшесі.

Айта кетейік, Құрылтай сайлауында жеті партиядан 546 кандидат бақ сынайды.