Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Құрылтай депутаттарының сайлауына тағы 10 халықаралық байқаушы аккредиттелді

АСТАНА. KAZINFORM — Құрылтай депутаттарының сайлауын бақылайтын халықаралық байқаушылар саны 86 адамға жетті. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман хабарлады.

Құрылтай депутаттарының сайлауына тағы 10 халықаралық байқаушы аккредиттелді
Фото: Kazinform

Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай депутаттарының сайлауына тағы 10 халықаралық байқаушыны аккредиттеді.

ОСК отырысында Мұхтар Ерман халықаралық байқаушылардың кезекті тобын аккредиттеу үшін қажетті құжаттар келіп түскенін мәлім етті.

— Олардың қатарында Үндістан, Индонезия, Малайзия және Өзбекстан мемлекеттерінің өкілдері бар. Сыртқы істер министрлігінен келіп түскен құжаттарды қарау қорытындысы бойынша Орталық сайлау комиссиясы оларды аккредиттеу туралы қаулы жобасын әзірледі, — деді Мұхтар Ерман.

Оның айтуынша, халықаралық байқаушыларды аккредиттеу жұмысы жалғасып жатыр.

— Бүгін қабылданған шешімді ескерсек, аккредиттелген халықаралық байқаушылардың жалпы саны 86 адамға жетеді, — деді ОСК төрағасының орынбасары.

Еске сала кетейік, ТМД ПАА байқаушылары референдумның ұйымдастырылуы туралы айтқан еді.