Құрылтай Қазақстанның киберқылмысқа қарсы күресін күшейтетін құжатты қабылдады

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Құрылтайдың жалпы отырысында «Компьютерлік қылмыстар туралы конвенцияны ратификациялау туралы» Заң екі оқылымда қаралып қабылданды.

Қазақстан Республикасының Құрылтайы
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Құжат 2001 жылы Будапешт қаласында қабылданған. 2023 жылғы сәуірде Қазақстан Еуропа Кеңесінің Конвенцияға қосылу туралы ресми шақыруын алды.

- Конвенцияның негізгі мақсаты – киберқылмысқа қарсы іс-қимыл жасау және халықаралық ынтымақтастықты қамтамасыз ету. Құжат компьютерлік деректерді жедел сақтауға, электрондық дәлелдемелерді іздеу мен алуға, бұғаттауға, трафик туралы мәліметтерді жинауға, сондай-ақ құқықтық көмек туралы сұрау салуларды жолдауға мүмкіндік береді. Бұл қажетті цифрлық деректер Қазақстаннан тыс жерде орналасқан басқа да қылмыстарды тергеп-тексеру кезінде ерекше маңызды. Осы ретте ынтымақтастық ұлттық заңнаманы және мемлекеттік егемендікті сақтай отырып жүзеге асырылады, - ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов.

Конвенцияда егер сұрау салуды орындау мемлекеттің мүдделерін қозғайтын болса, оны орындаудан бас тарту көзделген. Бүгінде осы Конвенцияға 80-нен астам мемлекет қосылған. Олардың қатарында АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Германия, Франция, Жапония және Австралия бар. ТМД елдерінен – Армения, Әзербайжан және Молдова.

- Конвенцияны ратификациялау трансұлттық киберқылмыстарды тергеп-тексеру кезінде қатысушы мемлекеттермен жедел өзара іс-қимыл жасау аясында азаматтардың құқықтарын қорғауға құқықтық негіз қалыптастырады, - деді министрдің орынбасары.

Трансшекаралық қылмыстарды ашу мүмкіндігі артады

Құрылтайдыі Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мәліметінше, Еуропа Кеңесінің 2001 жылғы Компьютерлік қылмыстар туралы конвенциясы – ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстармен күресуге бағытталған алғашқы халықаралық шарт.

Құжат халықаралық құқықтық көмек көрсету тетіктерін, оның ішінде экстрадициялауды, ақпарат алмасуды, бірлескен тергеу әрекеттерін жүргізуді қамтиды, бұл Қазақстанның трансшекаралық қылмыстарды ашудағы мүмкіндіктерін арттырады.

Конвенцияның мақсаттары:

- компьютерлік жүйелер мен желілердің, компьютерлік деректердің құпиялылығын, тұтастығын және қолжетімділігін бұзуға бағытталған қылмыстарға, сондай-ақ осындай жүйелерді, желілер мен деректерді теріс пайдалануға қарсы іс-қимыл жасау;

- осындай қылмыстық әрекеттерді анықтауға және тергеп-тексеруге жәрдемдесу арқылы мұндай қылмыстық әрекеттермен тиімді күресу үшін жеткілікті өкілеттіктер беру;

- компьютерлік қылмыстарды жасағаны үшін сот қудалауын мемлекетішілік деңгейде де және халықаралық деңгей де жүзеге асыру;

- жедел және сенімді халықаралық ынтымақтастыққа қатысты уағдаластықтарды әзірлеу.

Заң киберқылмысқа қарсы іс-қимыл саласындағы жұмыстың тиімділігін арттыру, шет мемлекеттермен электрондық дәлелдемелермен және ақпараттармен жедел алмасу, сондай-ақ халықаралық стандарттарға сәйкес ұлттық заңнаманы және құқық қолдану практикасын жетілдіру үшін құқықтық негіз құруға бағытталған. Конвенцияның ережелері Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарының адам құқықтары мен бостандықтарының сақталуына кепілдік беретін ережелеріне қайшы келмейді. Конвенция киберқылмысқа қарсы күрес жөніндегі ұлттық заңнаманы нығайтуға, ұлттық мүдделер мен азаматтардың құқықтарын қорғауға ықпал ететін болады, ал оны жасасу халықаралық қылмыс деңгейінің арта түсуі жағдайында конституциялық құқықтардың іске асырылуына оң әсерін тигізеді. Конвенцияны іске асыру Қазақстанның қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнамасын киберқылмысқа қарсы күрес саласындағы халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге септігін тигізеді.

- Конвенцияға қосылу қолданыстағы екіжақты шарттар мен құқықтық көмектің өзге де халықаралық тетіктерін алмастырмайды, керісінше оларды киберқылмыс саласындағы мамандандырылған құралдармен толықтырады. Халықаралық ынтымақтастық ұлттық заңнаманы, процестік кепілдіктерді, адамның құқықтары мен бостандықтарын сақтай отырып жүзеге асырылатынын атап өту маңызды. Конвенция шетелдік органдардың Қазақстан Республикасының ақпараттық жүйелеріне бақылаусыз қол жеткізуін көздемейді және мемлекеттік өкілеттіктерді шетелдік тарапқа беруді білдірмейді, - деді депутат Үнзила Шапақ.

Бұған дейін хабарланғандай, жақында Астана қаласының Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты заманауи телекоммуникациялық технологияларды пайдаланып, алаяқтық қоңыраулар ұйымдастырған трансұлттық қылмыстық топтың 24 мүшесін кінәлі деп таныды.