Құрылтай сайлауы: 7 саяси партия сайлауалды штабтарын ашты
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін, 23 шілде күні сағат 18:01-де Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысатын партиялардың сайлауалды үгіт-насихат науқаны басталды. Үгіт-насихат жұмыстары 22 тамыз сағат 00:00-ге дейін жалғасады.
Құрылтай сайлауына қатысу үшін Қазақстанның жеті саяси партиясы тіркелді. Науқанның алғашқы күні партиялар сайлауалды штабтарын ашып, сайлаушылармен жұмыс жүргізу жоспарларын таныстырды.
«Әділет» партиясы
«Әділет» партиясы Астанада республикалық сайлауалды штабын ашып, сайлаушылармен жұмысты бастады. Штабтың ашылу рәсімі алғаш рет ЖИ-модераторы бар цифрлық форматта ұйымдастырылды. Бір мезетте ел бойынша партияның 20 өңірлік және 226 аумақтық штабы, сондай-ақ 30 мыңға жуық сенімді өкілі жұмысқа кірісті. Сайлауалды науқан аясында партия 21 мыңнан астам іс-шара өткізуді жоспарлап отыр.
ЖСДП
Жалпыұлттық социал-демократиялық партия Астанада Орталық сайлауалды штабын ашып, сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Шараға партия төрағасы Асхат Рахымжанов, Құрылтай депутаттығына кандидаттар, партия белсенділері мен қоғам өкілдері қатысты. Азаматтармен байланысты күшейту мақсатында партия «Ашық мінбер», «Халық телефоны» және «Болашақ Құрылтайға хат» атты жаңа жобаларды іске қосты. Осы алаңдар арқылы азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарын қабылдауды жоспарлап отыр.
«Байтақ» жасылдар партиясы
«Байтақ» жасылдар партиясы сайлауалды науқанды үйлестіретін Орталық штабтың жұмысын бастады. Ашылу рәсіміне партия төрағасы Азаматхан Әміртаев, Құрылтай депутаттығына кандидаттар, штаб мүшелері мен партия аппаратының қызметкерлері қатысты. Ашылудан кейін алғашқы отырыс өтіп, алдағы міндеттер мен жұмыс кестесі бекітілді. Өңірлік штабтар жиынға онлайн форматта қосылған.
Қазақстанның халық партиясы
Қазақстанның халық партиясы ел бойынша сайлауалды 155 штабты іске қосып, үгіт-насихат науқанын бастады. Оның ішінде 17 облыстық, 29 қалалық және 109 аудандық штаб бар. Партия өкілдерінің айтуынша, бұл штабтар сайлаушылармен кездесулер өткізуге және өңірлердегі партия өкілдерінің жұмысын үйлестіруге негіз болады. Сондай-ақ науқанның алғашқы күні партия өзінің ресми әнұранын таныстырды.
«Ауыл» партиясы
Мұнда сайлауалды штабтың ашылу рәсіміне партия төрағасы әрі штаб жетекшісі Қайрат Айтуғанов, Құрылтай депутаттығына кандидаттар, өңірлік штабтардың басшылары және жастар қанатының өкілдері қатысты. Партияның мәліметінше, алдағы бір айда ел бойынша 6 500-ден астам үгіт-насихат іс-шарасы өткізіліп, олар 2,2 миллионнан астам сайлаушыны қамтиды. Науқанның басталу кешінде штабтардың негізгі жұмыс бағыттары мен партияның сайлауалды бағдарламасы таныстырылды.
«Ақ жол» демократиялық партиясы
«Ақ жол» демократиялық партиясы сайлауалды үгіт-насихат науқанын Алматы облысындағы демалыс базасында бастады. Іс-шараға партия төрағасы Дания Еспаева, Құрылтай депутаттығына кандидаттар, партия белсенділері және жастар қанатының өкілдері қатысты. Науқанның басталуы партияның барлық 20 өңірлік филиалымен тікелей телекөпір арқылы байланыс орнатумен өтті. Ресми бөлім аяқталған соң партия өкілдері Алматы қаласында алғашқы үгіт-насихат акциясын өткізді.
Respublica партиясы
Respublica партиясы республикалық сайлауалды штабын ашып, бір уақытта елдің барлық 20 өңіріндегі штабтарының жұмысын бастады. Шараға партия басшылығы, Құрылтай депутаттығына кандидаттар мен белсенділер қатысты. Ашылу рәсімінің ерекшелігі – партия төрағасы Айдарбек Қожаназаровтың Instagram желісінде смарт-көзілдірік арқылы тікелей эфир өткізуі болды. Соның арқасында көрермендер іс-шараны бірінші адамның көзімен тамашалай алды. Салтанатты рәсімнен кейін кандидаттарға куәліктері табысталып, олар сайлауалды үгіт-насихат жұмысына кірісті.
Айта кетейік, сайлауалды үгіт-насихат науқаны 22 тамызда аяқталады. Одан кейін «тыныштық күні» басталады.
Еске салайық, 1 шілдеде Қазақстан Президенті Құрылтай сайлауын тағайындады. Кейін Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай депутаттарын сайлаудың күнтізбелік жоспарын және сайлауға қатысатын саяси партиялардың тізімін бекітті.
Қазіргі таңда барлығы 545 кандидат тіркелген. Ал Құрылтай құрамына 145 депутат енеді. Осылайша бір депутаттық мандатқа орта есеппен 3,8 кандидаттан келеді.