Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Құрылтай сайлауы алдындағы үгіт-насихат науқаны басталды

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай сайлауына қатысатын жеті саяси партияның барлығының партиялық тізімдерін тіркеді. 145 депутаттық мандатқа 545 кандидат үміткер болып отыр.

Выборы в Курултай Казахстана (2026)
Фото: Kazinform / ЖИ

1 шілдеде Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай сайлауына қатысатын саяси партиялардың тізімін бекітті. Олардың қатарында «Ақ жол» демократиялық партиясы, «Ауыл» партиясы, «Әділет» саяси партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы, Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы, Қазақстан халық партиясын және «Respublica» партиясы бар. 

13 шілде сағат 18:00–дегі жағдай бойынша комиссияға аталған жеті саяси партияның барлығының партиялық тізімдері келіп түсті. Осыдан кейін құжаттар партиялық тізімге енгізілген азаматтардың Конституцияның 35-бабы 3-тармағы, 54-бабы 3-тармағы және конституциялық заңның 4-бабында белгіленген талаптарға сәйкестігін тексеру үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға жолданды.

Тексеру аяқталғаннан кейін Орталық сайлау комиссиясы заңнама талаптарына сәйкес келетін кандидаттарды тіркеді.

Тіркеу қорытындысы бойынша ең көп кандидат ұсынған партия — «Әділет». Оның тізіміне 186 кандидат енгізілді, яғни тіркелген барлық үміткердің үштен бірінен асады. Одан кейін Respublica — 75 кандидат, Қазақстанның Халық партиясы — 72, «Ауыл» — 69, «Ақ жол» — 63, «Байтақ» — 47 және Жалпыұлттық социал-демократиялық партия — 33 кандидат ұсынды.

Партиялық тізімдерде депутаттар, кәсіпкерлер, қоғам қайраткерлері, спортшылар, журналистер, экологтер, дәрігерлер, мұғалімдер, инженерлер, заңгерлер, сондай-ақ білім, ғылым, медицина, мәдениет, IT және мемлекеттік сектор өкілдері бар.

Тіркелген барлық партиялық тізімде әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар үшін белгіленген 30 пайыздық квота сақталған. Ал Орталық сайлау комиссиясы бұл талап тек партиялық тізімдерді жасау кезінде ғана емес, депутаттық мандаттарды бөлу барысында да орындалуы тиіс екенін еске салған болатын.

Жастардың, мүгедектігі бар адамдардың және әйелдердің ең жоғары үлесі Respublica партиясының тізімінде тіркелген — 50,7% (38 адам). Одан кейін «Әділет» — 47,3% (88 адам), Жалпыұлттық социал-демократиялық партия — 42,4% (14 адам), «Ауыл» — 42% (29 адам), Қазақстанның Халық партиясы — 41,7% (30 адам), «Байтақ» — 38,3% (18 адам) және «Ақ жол» — 34,9% (22 адам).

Жалпы 545 кандидат тіркелді. Ал Құрылтай құрамына 145 депутат енеді. Осылайша, бір депутаттық мандатқа шамамен 3,8 кандидаттан келеді.

Сайлау науқанының келесі кезеңі — Орталық сайлау комиссиясының күнтізбелік жоспарына сәйкес іс-шараларды өткізу, оның ішінде сайлауалды үгіт-насихат және дауыс беру күніне дейінгі өзге де рәсімдер.

Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары 23 шілде күні сағат 18:01–де басталып, 22 тамыз күні сағат 00:00–де аяқталады.

Айта кетейік, бұған дейін Құрылтай депутаттарының сайлауына тағы 10 халықаралық байқаушы аккредиттелгенін жазғанбыз.