Құрылтай сайлауы: «Байтақ» жасылдар партиясының тізімі тіркелді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы «Байтақ» жасылдар партиясы қоғамдық бірлестігінің партиялық тізімін тіркеді.
ОСК мүшесі Азамат Айманақұмовтың айтуынша, партия 47 адамнан тұратын партиялық тізімді ұсынған.
— Орталық сайлау комиссиясының сұрауы бойынша уәкілетті мемлекеттік органдар партиялық тізімге енгізілген кандидаттардың Конституция мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заң талаптарына сәйкестігін тексерді. Партиялық тізімдегі 18 кандидат — әйелдер, жастар және мүмкіндігі шектеулі адамдар. Олардың үлесі — 38,3 пайыз, белгіленген квота сақталған. Партиялық тізімге енгізілген кандидаттардың барлығы Конституция және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заң талаптарына сәйкес келеді, — деді Азамат Айманақұмов.
Оның мәліметінше, Парламент Мәжілісі депутаттарының алдыңғы сайлауында сайлаушылар дауысының 1-3 пайызы аралығында дауыс жинаған саяси партиялар сайлау жарнасының 70 пайызын төлейді.
— «Байтақ» жасылдар партиясы Парламент Мәжілісінің сегізінші шақырылымы депутаттарын сайлауда 2,3 пайыз дауыс алған. Осыған байланысты партия заңнамаға сәйкес сайлау жарнасының 70 пайызы мөлшеріндегі жарнаны төледі, — деді ОСК мүшесі.
Орталық сайлау комиссиясының шешімімен «Байтақ» жасылдар партиясының партиялық тізімі тіркелді.
Бұған дейін Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысатын «Қазақстан халық партиясының» партиялық тізімін тіркеді.