Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Құрылтай сайлауы Қазақстанның жаңа саяси жүйесін қалай өзгертеді – сарапшы пікірі

АСТАНА. KAZINFORM – 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауын кезекті сайлау науқаны ретінде ғана емес, Қазақстанның жаңа саяси архитектурасын легитимдеу ретінде қарастырған жөн. Мұндай пікірді Kazinform агенттігінің меншікті тілшісіне берген сұхбатында өзбекстандық саясаттанушы, философия ғылымдарының кандидаты, «Қазақстан халқы Ассамблеясына ХХ жыл» медалінің иегері Равшан Назаров айтты.

Легитимация новой политической архитектуры Казахстана — узбекский эксперт о выборах в Курултай
Фото: oxu.az

Сарапшы Парламентаралық одақтың деректерін келтірді. Оған сәйкес, бүгінде әлемде 107 мемлекетте бір палаталы, ал 82 елде екі палаталы парламент жұмыс істейді.

– Қазақстан үшін басты міндет – «бір палата» құрылымын жай ғана көшіріп алу емес, оның тиімді жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін тетіктерді бейімдеу. Олар – мықты комитеттер, заң шығару процесінің ашықтығы, партиялардың нақты бәсекелестігі, парламенттік бақылау және азшылықтың құқықтарын қорғау рәсімдері, – деді Равшан Назаров.

Ол алдағы Құрылтай сайлауы Қазақстанның 2026 жылғы институционалдық цикліндегі ең маңызды саяси оқиға екенін атап өтті.

– Мұнда төрт функцияны бөліп көрсетуге болады. Біріншісі – легитимдеу функциясы. Азаматтар алғаш рет жаңа заң шығарушы институтты тікелей қалыптастырады. Сондықтан сайлаудың сапасы бүкіл конституциялық өзгерістердің қоғам тарапынан қалай қабылданатынын айқындайды. Екіншісі – партиялық-саяси функция. Егер жаңа жүйе пропорционалды өкілдікті көздесе, партиялардың маңызы артады: сайлаушы жекелеген депутатқа емес, саяси бағдарлама мен командаға дауыс береді. Үшіншісі – институционалдық функция. Бұған дейін заң шығару процесі Мәжіліс пен Сенат арқылы өтетін. Енді рәсімдердің едәуір бөлігі бір органда шоғырланады. Бұл заңдарды қабылдауды жеделдетіп, палаталар арасындағы қарама-қайшылық мүмкіндігін жоя алады, бірақ сонымен бірге парламенттік рәсімдердің сапасы мен тежемелік әрі тепе-теңдік тетіктерінің маңызын арттырады. Төртіншісі – кадрлық функция. Құрылтайдың алғашқы депутаттары іс жүзінде жаңа парламенттік мәдениеттің «негізін қалаушыларға» айналады. Құрылтайдың мемлекеттік шешімдерді жедел қабылдайтын орган болып қала ма, әлде толыққанды саяси пікірталас алаңына айнала ма – бұл соларға байланысты. Сондықтан мен алдағы сайлауды жаңа Конституцияның емес, жаңа саяси жүйенің конституциялық нормаларды нақты мазмұнмен толықтыра алу қабілетінің сынағы деп атар едім, – деді сарапшы.

Өзбекстандық сарапшы заң шығару бастамасы құқығына ие Қазақстанның Халық Кеңесін құру мәселесіне де жеке тоқталды. Оның айтуынша, бұл жерде атауды жай ғана өзгертуден әлдеқайда терең трансформация жүріп жатыр. Кеңеске заң шығару бастамасы құқығын беру туралы ұсыныс – түбегейлі жаңа қадам. Бұл консультативтік-өкілдік модельден заң шығару процесіне институционалдық қатысу моделіне көшуді білдіреді.

– Реформаның ең қызықты тұсы дәл осы жерде болуы мүмкін. Халық Кеңесі азаматтық қоғам мен бір палаталы парламент арасындағы өзіндік көпірге айнала алады. Этномәдени бірлестіктердің, қоғамдық ұйымдардың, өңірлердің және басқа да қоғамдық институттардың өкілдері арқылы заң шығару процесі қосымша кері байланыс арнасына ие болады. Егер Кеңес заң жобаларын өз бетінше енгізіп, оларды негіздеп, парламенттік тыңдауларға қатысып, Құрылтайда қаралуына қол жеткізе алса – бұл шынымен де саяси қатысудың жаңа институтына айналады, – деді Равшан Назаров.

Сарапшының пікірінше, ендігі басты міндет – институционалдық құрылымның жеңілдетілуі саяси процестің қарапайымдануына әкелмеуін қамтамасыз ету. Осы тұрғыда Швеция, Дания, Финляндия және Жаңа Зеландияның халықаралық тәжірибесі Қазақстан үшін пайдалы болуы мүмкін. Бұл елдердің тәжірибесі бір палаталы парламенттің мықты парламенттік институттармен, ашық заң шығару процесімен, нақты саяси бәсекелестікпен және дамыған қоғамдық бақылау жүйесімен ұштасқан жағдайда тиімді жұмыс істей алатынын көрсетеді.

– Осы тұрғыдан алғанда, 2026 жыл Қазақстан үшін «жаңа саяси архитектураның емтиханына» айналып отыр: референдум оның конституциялық негізін қалады, Құрылтай сайлауы оған саяси легитимдік беруі тиіс, ал Халық Кеңесі қоғамның қатысуына қосымша арна қалыптастыруы керек, – деп түйіндеді Равшан Назаров.

Айта кетейік, қазақстандықтардың 73,8%-ы Құрылтай сайлауында дауыс беруге ниетті.