Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Құрылтай сайлауы күні 16 сағаттық жалпыұлттық online-марафон өтеді

АСТАНА. KAZINFORM – 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауы күні «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының ұйымдастыруымен ауқымды медиажоба – жалпыұлттық online-марафон өтеді. Тікелей эфир сағат 09:00-ден түнгі 00:30-ға дейін жалғасады, деп хабарлайды Kazinform.

ы
Фото: Видеодан алынған скрин

Ел тарихында тұңғыш рет өтетін Құрылтай сайлауына арналған медиажоба барысында қоғамдағы өзекті тақырыптар талқыланып, сайлау барысынан үздіксіз ақпарат беріледі. Оған қоғам қайраткерлері, белсенді азаматтар, өз саласында жетістікке жеткен мамандар, БАҚ өкілдері, сарапшылар, блогерлер, спортшылар мен өнер жұлдыздары қатысады.

Іс-шара аясында бірнеше алаң жұмыс істейді. Басты сахнада түрлі тақырып бойынша спикерлер ой бөліседі. Touch Screen арқылы негізгі статистикалық мәліметтер мен Қазақстанның әр сала бойынша халықаралық көрсеткіштері ұсынылады. Әр екі сағат сайын меншікті тілшілер шетелдегі дауыс беру барысы туралы баяндайды.

– Брифинг алаңында Орталық коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен шетелдік бақылаушылар және ҚР Орталық сайлау комиссиясы науқанға қатысты ресми ақпараттарды жариялайды. Өз саласында жетістікке жеткен тұлғалар мен қоғам белсенділері 5-7 минуттық мотивациялық және танымдық дәрістер оқиды. Дискуссия алаңында қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық, тарихи-мәдени тақырыптар бойынша пікірталастар ұйымдастырылады, – делінген хабарламада.

Экспресс-камерада жедел пікірлер мен қысқа сұхбаттар беріледі. Сонымен қатар викторина және түрлі ойын-сауық шаралары қарастырылған.

«Қарқынды құрылыс» жобасы аясында ел аумағында салынып жатқан ауқымды нысандардың құрылыс алаңдарынан тілшілер арнайы хабар таратады.

Марафонның басты ерекшеліктерінің бірі – Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан тікелей қосылымдардың ұйымдастырылуы. Эфир барысында үш мегаполистің тыныс-тіршілігі көрсетіліп, қалалардың көрікті жерлерінен репортаждар, тұрғындармен және түрлі сала өкілдерімен сұхбаттар ұсынылады.

Жалпыұлттық online-марафон республикалық және аймақтық медиа ресурстардың ресми сайттары мен әлеуметтік желілерінде тікелей көрсетіледі. Марафонға қатысты жедел жаңалықтар мен маңызды ақпараттар «Онлайн марафон – 2026» Telegram арнасында жарияланып отырады.

Айта кетейік, 23 тамызда сайлау учаскелерінде онлайн тіркеу сервистері іске қосылады.