Құрылтай сайлауы: Лондонда дауыс беру қалай өтіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Құрылтай сайлауы күні сырттағы Қазақстан азаматтары дауыс беруі үшін 61 шет мемлекеттегі ҚР дипломатиялық өкілдіктері жанынан 79 сайлау учаскесі жұмысқа кіріскен еді. Ұлыбританиядағы отандастарымыздан сайлауда дауыс беру тәжірибесі, әсері және осы саяси науқаннан күтетін үміті жөнінде сұрадық.
Пікір білдіргендердің бірі — Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы Әсем Қоңырханова. Ол қазір Ұлыбританияның Лидс қаласында ғылыми тағылымдамадан өтіп жатыр. Отандасымыз Құрылтай сайлауында дауыс беру үшін бірнеше сағат жол жүріп, Лидстен Лондонға арнайы барған.
— Сайлауға қатысу — әр азаматтың борышы, себебі бұл күні ел тағдыры, ұрпақ болашағы шешіледі. Мемлекетіміз үшін бір тамшы болсын үлес қосқым келді. Ал сайлауға қатысып жатқан келешек депутаттардан үлкен үміт күтеміз, еліміздің жан жақты дамуына ат салысып, халықтың сеніп тапсырып отырған аманатына жауапкершілікпен қарайды деп сенеміз. Еліміздің болашағы жарқын болсын деп тілеймін! — деді Әсем.
Тағы бір Қазақстан азаматы Әзима Сапарғалиева жуырда Лидс университетінде магистратура бағдарламасын аяқтамақ.
Ол шетелде оқып, әртүрлі ұлт өкілдерімен аралас-құралас болған соң, Қазақстанға деген махаббаты күшейе түскенін айтады.
— Біздің студенттік орта халықаралық болғандықтан, оқу барысында әлемнің түкпір-түкпірінен келген көптеген жастармен таныстым. Олардың арасында қауіпсіздік себептерімен өз еліне қайта алмай жүрген немесе мүлдем тұрақты Отаны жоқ азаматтар да бар. Олардың басынан өткен тағдырын тыңдаған сайын өз елімнің тыныштығы мен тәуелсіздігіне шексіз риза болып, мақтаныш сезімі ұялайды. Сондықтан сайлауға барып, ел болашағы үшін шешім қабылдауға қатысу — бұл мен үшін жай ғана азаматтық жауапкершілік емес, бағалай білуге тиіс үлкен құқық пен бақыт. Шетелде жүріп дауыс беру ерекше толқыныс пен Отанға деген жақындықты сезіндіреді, — деді Әзима.
Сонымен бірге, ол сайлаудың қай күні, қай мекен жайда өтетіні алдын ала хабарланғанын атап өтті. Мұндай ақпараттар елшіліктің ресми ақпараттық арналары мен студенттік чаттарда жарияланған.
— Лондондағы ҚР Елшілігі жанынан құрылған сайлау учаскесінде азаматтар үшін барлық қолайлы жағдай жасалған: комиссия мүшелері өте сыпайы қарсы алып, процестің жылдам әрі ашық өтуін қамтамасыз етті. Жалпы, бұл сайлаудан және сайланатын депутаттардан елдегі саяси мәдениетті одан әрі дамытып, жастардың, оның ішінде шетелде білім алып жатқан мамандардың әлеуетін тиімді пайдалануға, қоғамдағы нақты мәселелерді шешуге бағытталған салмақты реформалар күтеміз, — деп түйіндеді Әзима.
Бізге пікірін жолдаған келесі отандасымыз — Мөлдір Әшімова. Ол — Қорқыт ата атындағы Қызылорда унивеситетінің Компьютерлік ғылымдар бойынша аға оқытушысы. Бүгінде Лидс университетінде ғылыми тағылымдамадан өтіп жүр. Ол да дауыс беру үшін Лондонға барған.
Отандасымыз Құрылтай сайлауында шетелде жүріп дауыс беру патриоттық сезімін күшейткенін айтады.
— Мен үшін бұл сайлауға қатысу — ең алдымен азаматтық жауапкершілік. Шетелде жүрсек те, еліміздің болашағына қатысты маңызды шешімдерге қатысып, өз таңдауымызды білдіру қажет деп есептеймін. Кәмелет жасқа толғаннан кейін сайлау сайын ата-анаммен бірге өзім оқыған мектептегі сайлау учаскесіне баратынмын. Сондықтан бүгін Лондонда дауыс беру мен үшін ерекше әсерлі болды: арада қанша мың шақырым жатса да, сол таныс дәстүр туған үймен, ата-анаммен және еліммен байланысымды қайта сезіндірді. Кейде дәл осындай қарапайым сәттер қашықтыққа қарамастан, өзіңді үйге жақын сезіндіреді, — деді ол.
Сонымен қатар, Құрылтайдың жаңа құрамынан үлкен үміт күтетінін жеткізді.
— Ғалым ретінде мен үшін қабылданатын шешімдердің ғылыми зерттеулерге, нақты деректерге және сарапшылардың ұсыныстарына сүйенуі өте маңызды. Шетелде ғылыми ортада жүріп, ғылым мен мемлекеттік саясаттың өзара байланысының қаншалықты маңызды екенін жақсырақ көресің, — деді Мөлдір.
Одан бөлек, Құрылтайға сайланатын депутаттар аймақтардың жағдайына жете мән берсе екен деген тілегін білдірді.
— Сонымен қатар, мен өзім өңірден шыққан азамат ретінде аймақтардың мүддесі ірі қалалардың мүддесімен тең дәрежеде ескерілгенін қалаймын. Қазақстанның дамуы тек мегаполистермен өлшенбеуі керек. Өңірлерде де мықты мамандар, талантты жастар, ғалымдар мен кәсіпкерлер бар. Сондықтан жаңа депутаттар өңірлердегі білім, ғылым, инфрақұрылым, экология және жастарға арналған мүмкіндіктерге ерекше назар аударса екен деймін, — деп түйіндеді отандасымыз.
Айта кетейік, бұған дейін қазақстандықтар Мәскеудегі Құрылтай сайлауында белсенді дауыс беріп жатқанын жазғанбыз.