Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Құрылтай сайлауы: Respublica-ның партиялық тізімінен бір кандидат шығарылды

АСТАНА. KAZINFORM — Саяси партияның партиялық тізімдерін тіркеу мәселелері бойынша ҚР Орталық сайлау комиссиясының отырысында ОСК хатшысы Шавхат Өтемісов бір кандидат тізімнен не себепті шығарылғанын мәлімдеді.

Respublica Party approves list of 76 candidates for Qurultay elections
Фото: Kazinform

– Respublica партиясы 76 адамнан тұратын партиялық тізімді ұсынды. Орталық сайлау комиссиясы жіберген сауалға сәйкес, уәкілетті мемлекеттік органдар Құрылтай депутаты болып сайлану үшін партиялық тізімге енген адамдардың Конституция мен «ҚР Сайлау туралы» конституциялық заңының талаптарына сәйкестігіне тексеру жүргізді. Орталық сайлау комиссиясында бұл тізімдегі Сәния Бақытжанқызы Темірғалиеваның оны осы партиялық тізімнен өз еркімен шығару туралы өтініші 11 шілдеде ресми тіркелді. «ҚР Сайлау туралы» конституциялық заңының 90-бабының 1-тармағына сәйкес, Respublica партиясының партиялық тізімінен оның өтініші негізінде Сәния Бақытжанқызы Темірғалиеваны шығару бойынша Орталық сайлау комиссиясы өз құзіреті шеңберінде шешім жобасын дайындады, – деді ол.

Осылайша, Сәния Бақытжанқызы Темірғалиева тізімнен алынғандықтан, Respublica партиясының партиялық тізімінде бастапқы хабарланғандай 76 емес, 75 кандидат тіркелді.

– 38 кандидат – әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар. Олардың үлесі – 50,7%. Заңда белгіленген квота сақталды. Партиялық тізімге енгізілген барлық адам Конституцияның және «ҚР Сайлау туралы» конституциялық заңының талаптарына сәйкес келеді, – деді Шавхат Өтемісов.

Айта кетейік, бұған дейін Орталық сайлау комиссиясы алғашқы партияның тізімін тіркегенін жазғанбыз.