Құрылтай сайлауы үлкен бастамаларға жол ашады – Айдос Сарым
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Парламенті Мәжілісі VIII шақырылымының депутаты Айдос Сарым «Құрылтай сайлауы: конституциялық негіздер және саяси трансформация» деген атаумен ұйымдастырылған сарапшылар алаңында алдағы сайлаудың мән-маңызына тоқталды.
– Біздегі конституциялық реформа елдегі саяси жүйенің архитектурасын, экожүйесін жобалаудың кезеңін аяқтады деп айтуға болады. Алдағы Құрылтай сайлауы – жаңа Конституцияның практикалық тұрғыдан жүзеге асыру кезеңі. Осы кезде жаңарған мемлекеттік, қоғамдық институттар, саяси өкілдік институттары және қоғамдық қатынас институттары шын мәнінде жүзеге аса бастайтын кезеңге келе жатырмыз. Сондықтан алдағы кампания біз үшін өте маңызды. Конституцияның жүзеге асуындағы ең алғашқы институционалдық шара – Құрылтай сайлауы. Ол болашақта үлкен бастамаларға жол ашады: Вице-президент тағайындалады, жаңа Үкімет, бүкіл басқарушы орган – сот, Жоғары сот, Сайлау комиссиясы т.б. келеді. Осының барлығын қамтамасыз ету үшін алдағы Құрылтай сайлауы шын мәнінде адал, таза, абсолютті легитимді түрде өтуі керек. Легитимділік – болашақта Конституцияның шын мәнінде жүзеге асу кезеңдерін қамтамасыз ететін алғышарты, – деді ол.
Сонымен бірге, сарапшы әлеуметтанулық зерттеулердің нәтижесіне жүгіне отырып, халық реформалардан гөрі, реформалардың жүзеге асуын күтіп отырғанын атап өтті.
Айта кетейік, бұған дейін Құрылтай сайлауын өткізуге қаржы қайдан бөлінетінін жазғанбыз.