Құрылтай жасанды интеллект, көші-қон және энергетика мәселелерін қарастырады
АСТАНА. KAZINFORM - Құрылтай Төрағасы Айбек Дәдебай Бюро отырысын өткізді. Онда Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау, заң шығару қызметіндегі негізгі басымдықтар және Құрылтай регламентін дайындау мәселелері талқыланды, делінген Құрылтайдың Telegram парақшасында.
Қолданыстағы заңнаманы түгендеп, оны жаңа Конституцияға сәйкестендіру Бірінші кезектегі міндеттердің бірі ретінде белгіленді. Бұл жұмыс Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айқындап берген басымдықтармен, сондай-ақ өзекті әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси мәселелермен бірге бейінді комитеттердің жұмыс жоспарына енгізіледі.
Депутаттар жасанды интеллект пен цифрлық активтерді дамыту, көші-қон саясатын жетілдіру, ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдау, энергетикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және баламалы энергетиканы дамыту, сондай-ақ онлайн-платформалар мен бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін реттеу және басқа да мәселелер бойынша жұмыс жүргізеді. Сонымен қатар алдағы үш жылға арналған республикалық бюджетті қарау жұмыстың жеке бағыты болады.
Айбек Дәдебай парламенттік бақылаудың тиімділігін арттыру, депутаттардың халықпен тұрақты байланысын қамтамасыз ету және «Е-Parliament» жүйесін жедел енгізу қажеттігін атап өтті.
Бюро отырысында Құрылтай Регламентінің жобасын әзірлеуге қатысты бірқатар міндет қойылды. Сонымен қатар Құрылтай Төрағасының орынбасарларына тұрақты комитеттерге жетекшілік ету міндеті бекітілді.
Айта кетейік, осыған дейін Айбек Дәдебай Құрылтай төрағасы болғаны туралы жаздық.
Құрылтайдың алғашқы сессиясында жаңа саяси жүйенің алғашқы қадамы қалай болатыны талқыланды.