Құрылтайдың саяси бәсекедегі рөлі қандай – сарапшы пікірі
АСТАНА. KAZINFORM – Құрылтай қордаланған мәселелердің шешілуіне ықпал етеді. Бұл туралы Jibek Joly телеарнасының «Бүгін Live» бағдарламасында саясаттану ғылымдарының докторы Әсем Қайдарова айтты.
Сарапшының пікірінше, жаңа институттың негізгі міндеттерінің бірі – елдегі әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге ықпал ету.
– Депутаттар тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеруге жұмыс істейді. Өңірдегі халықтың мәселесін шешетін бюджетпен байланысты заңдардың қабылдануына ықпал етеді, – деді сарапшы.
Осы тұрғыдан алғанда, Құрылтай құрамына депутаттарды іріктеу кезінде партиялардың ұстанымы мен кандидаттардың кәсіби деңгейіне мән беру қажет. Себебі депутаттың сапасы оның халықтың мәселесін заң шығару деңгейінде қаншалықты тиімді қорғай алатынын айқындайды. Бұл ретте заң шығару үдерісіндегі өзгерістер де жаңа институттың рөлін арттыра түседі. Бұған дейін заңдар алдымен Мәжілісте, кейін Сенатта қаралса, енді бұл жұмыс Құрылтай аясында жүзеге асырылады.
Бәсекелестік назардан тыс қалмайды. Қазір депутаттыққа тіркелген кандидаттар саны – 545, ал Құрылтайдағы орын саны – 145. Сайлауға 7 партия қатысып отыр. Мұндай көрсеткіштер саяси бәсекенің жоғары екенін көрсетіп, партиялар мен кандидаттардың жауапкершілігін арттырады.
– Бұл ретте партиялардың заң шығарушы билікке қаншалықты ықпал ете алатыны назар аударатын мәселеге айналады, – деді ол.
Саясаттанушының айтуынша, Құрылтайдың тиімділігі оның халықтың мәселесін билікке жеткізумен байланысты болмақ.
– Жаңа институттың алдында тұрған басты міндет – билік пен қоғам арасындағы байланысты ашу керек. Депутат – халықтың өкілі. Қоғамның дауысын билікке жеткізеді. Сондай-ақ саяси партиялар саяси кезеңде ғана белсенді болмауы керек, – деді саясаттанушы.
Еске салайық, Құрылтай сайлауы 23 тамызда өтеді. Жақында оған тағы 405 шетелдік байқаушы аккредиттелді.