14:43, 27 Қаңтар 2009 | GMT +5
Күріш те өндіреді, кірпіш те шығарады
ҚЫЗЫЛОРДА. Қаңтардың 27-сі. ҚазАқпарат (Руслан Игілік) - Қазалылықтар жас кәсіпкер Мерей Есқожаевты жақсы біледі. 1997 жылы кәсіпкерлікті бастаған ол Әйтеке би кентінде шағын күріш ақтау цехын ашқан.

Аудандағы жеке серіктестіктерден ақталмаған күріштің "Маржан", "Кубань" сорттарын сатып алып, өңдеп, базарға шығарып отырды. Кейіннен Қазалы қаласындағы бұрынғы автобазаның орнын сатып алып, ондағы ескі ғимаратқа 30 млн. теңгеге күрделі жөндеу жүргізеді. Сөйтіп, болашақ күріш ақтау зауытының негізін қалайды. Ұзамай қытайлық кәсіпорындармен келісім-шарт жасасып, соның негізінде ол жақтан түрлі қондырғылар алдырады. Қытай Халық Республикасында жасалған МСТР 60 маркалы зауыттың жалпы құны 10 млн. теңге. Өнім қуаттылығы тәулігіне 100 тоннаны құрайды.
Бұл күндері зауыт 29 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр, орташа жалақы 30 мың теңге. Зауыт өнімдері Қазақстанның барлық облыстарына шығарылса, Ресейдің Екатеринбург, Новосібір қалаларымен сауда-саттық байланысын тығыз орнатқан. Цехтарда таза өнімдер 5, 10, 20, 25 килолық қаптамалармен шығарылады. Күріш сапасы жоғары. Қаптамалардың сыртқы безендірілуі де сонадайдан шалынады. Шаруа қожалықтарының ақталмаған күрішін сатып алып келген кәсіпкер өткен жылдан бастап егін егуді де қолға алды.
Жеке кәсіпкер күріш ақтау зауытының жұмысын жолға қойған соң, жалпы құны 13 952 000 теңге құрайтын қытайдың "Баошень Групп" компаниясының бір ауысымда 96 мың кірпіш шығаратын зауытын сатып алды. Тиісті құжаттары мен қондырғылар толықтай дайын болған соң, Қытайдан келген мамандар 2007 жылы шілде айында зауыт құрылысын бастап кетті. Қазіргі таңда зауытта кірпіш өнімдері шығарылуда. Өткен жылдан бастап аудандағы салынып жатқан 1200 орындық мектепке сапасы жоғары осы зауыттың кірпіші пайдаланылуда. Зауытта 50 адам еңбек етеді, орташа жалақы көлемі 28 мың теңге.
Отызды енді ғана еңсерген жас кәсіпкер іскерлікпен қатар аудандағы көптеген іс-шараларға демеушілік жасап келеді. Жыл сайын өтетін қарттар мен мүгедектер күніне орай қайырымдылық жасау үрдіске айналған. Қазалы қаласындағы көп балалы аналар мен тұрмысы төмен отбастарына материалдық көмек жасау бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. Аудандағы "Жиенәлі ахун", "Қуандық әулие" мешіттерінің жөндеу жұмыстары мен діни мерекелер кезіндегі жиындарға үнемі материалдық қолдау көрсетуді дағдылы іс санайды.
Жас кәсіпкердің жемісті жұмысы елеусіз қалған емес. Қаржыландырушы "Банк Центр Кредит" АҚ Қызылорда филиалының 2005 жылдан үш жыл қатарынан "Сенімді серіктес" аталымының жеңімпазы атанды. Сонымен қатар Қызылорда қаласында өткен "2007 жылғы Қазақстан Республикасында шағын кәсіпкерлікті дамыту саласындағы жетістіктері үшін" республикалық конкурсының "Ауыл шаруашылық саласындағы үздік кәсіпкер" номинациясын иеленді.