Құрманғазы оркестрінің Ұлттық домбыра күніне арналған концерттерін 2000-нан астам адам тамашалады
АСТАНА. KAZINFORM — Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі Ұлттық домбыра күніне арналған концерттік бағдарламасын көрерменге ұсынып келеді.
Бүгін Алматы қаласындағы Орталық саябақта және MEGA Alma-Ata сауда ойын-сауық орталығында өткен концерттерге 2000-нан астам адам жиналды.
Мерекелік кеш көркін халық күйлері мен әндері және қазақтың көрнекті композиторларының таңдаулы шығармалары аша түсті. Оркестрдің орындауында «Көңіл ашар», «Ата толғауы», «Махамбет», «Балбырауын», «Адай», «Сарыарқа», «Саржайлау», «Әсем қоңыр», «Көроғлы», «Бозінген» және қазақтың дәстүрлі музыка өнерінің сан қырын танытатын өзге де туындылар шырқалды.
Концертке Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының солисі Нұрғалым Аманбай, дәстүрлі әнші Жайна Бауыржанқызы, әншілер Асхат Үрпеков пен Аружан Алпыспаева, сондай-ақ Ардақ Итекеева қатысты.
Оркестрге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жексен Айсын мен халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Нарын Қажғали дирижерлік етті.
Ұлттық домбыра күніне арналған мерекелік концерттер легі ертең MEGA Alma-Ata сауда ойын-сауық орталығында өтетін қорытынды кешпен аяқталады.
Айта кетелік ЮНЕСКО Қазақстан халқын Домбыра күнімен құттықтаған еді.