Құрманғазы атындағы халық аспаптары оркестрінің 80 жылдығын тойлау басталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлттық кәсіби музыка өнеріміздің қарашаңырағы атанған, әлемге әйгілі Қазақстанның еңбек сіңірген ұжымы, Дүниежүзілік және Халықаралық конкурстардың лауреаты, «Халықтар достығы» орденді Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі 2014 жылдың 2-3 желтоқсаны аралығында өзінің 80 жылдық мерейтойы аясында іс-шаралар өткізеді, деп хабарлады WWW.KURMANGAZY.COM.
«Алғашқы қадамын академик Ахмет Жұбанов аттатып, тұсауын кескен қасиетті өнер ұжымы 80 жаста! Тарихи тамырын сонау 1934 жылдан бастау алған оркестр - ғасырлар бойы қазақ мәдениетін әлемге танытқан шын мәніндегі ұлы оркестр. Оркестр ұжымы осы айтулы мерекесін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арнап, Елбасымыздың ерен еңбегін айшықтауды мақсат тұтады», делінген хабарламада.
Мерейтой шымылдығы 2 желтоқсан күні сағат 18.30-да Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында елімізге белгілі өнер саңлақтарының қатысуындағы концертпен ашылып, 3 желтоқсан күні сағат 11.00-де оркестр ғимараты залында өтетін бірінші Республикалық «Қазақ ұлт аспаптары оркестрлерінің репертуар мәселесі» атты конференциямен және сағат 18.00 қорытынды концертпен жалғасын табады. Кеште: КСРО Халық артисі, Еңбек ері - Бибігүл Төлегенова, Қазақстанның Халық артисі - Нұрғали Нүсіпжанов, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты - Майра Мұхамедқызы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты - Талғат Күзембаев, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткерлері: Дәлел Уәшев, Алтынай Жорабаева, Мемлекеттік «Дарын» Жастар сыйлығының иегері - Батыржан Мықтыбаев, Мәдениет қайраткері - Қайрат Какимов, Тұңғыш Президент қоры сыйлығының иегері - Ерлан Рысқали, Халықаралық және Республикалық конкурстардың лауреаттары: Айзада Капонова, Ардақ Итекеева, Ағайша Жұрбай, Айнагүл Адилова, Әсел Рақымжан және Б. Байқадамов атындағы Мемлекеттік хор капелласы қатысады. Сонымен қатар, әр жылдары үздік өнерлерімен танылған оркестрдің бас дирижерлары: Қазақстанның Халық артисі - Алдаберген Мырзабеков, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері - Айтқали Жайымов, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері - Дүйсен Үкібай, Қазақстанның Еңбек сіңірген артисі - Жалғасбек Бегендіков және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері - Жанас Бекентұровтар өнер Оркестрдің бас дирижеры, Халықаралық конкурстардың лауреаты Арман Жүдебаев.