Құрмет һәм тарихты сақтау: Астанадағы әскери парад қалай өтті
АСТАНА. KAZINFORM — 7 мамырда ел астанасында ауқымды әскери парад өткізілгені көпке аян. Бұл жай ғана шеру емес, Қазақстан армиясының қуаты мен айбынын айшықтаған маңызды оқиға болды. Қарулы Күштердің қалыптасу кезеңдері, ұрпақтар сабақтастығы мен Ұлы Жеңіс тарихын сақтау жолы – түгел қамтылды. Осыған орай Kazinform агенттігі шолуын ұсынамыз.

Әскери қызметтің абыройы
Әскери парад басқа шерулерден қарағанда көп нәрсемен ерекшеленеді. Әрдайым ұқыпты ұйымдастырылып, егжей-тегжейіне дейін ойластырылатын әскери механизм саналады. Сап түзеген сарбаздар, зауыттан жаңа шыққандай көрінетін ауыр техника, синхронды түрде әуе өнерін көрсеткен ұшқыштар – бәрі бір ансамбль секілді үйлесім тапты.

Бұл әсерлі оқиғаны тікелей көргендер нағыз әсерге бөленді десек болғандай. Аспаннан зуылдай ұшқан жойғыш ұшақтардың құдіреті мен дірілін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Алайда заманауи телевизиялық технологиялардың арқасында теледидар арқылы да көрермендер елорданың панорамасын және ұсақ бөлшектерге дейін тамашалап, парадтың атмосферасына сезіну мүмкіндігіне ие болды.
Журналистер тікелей әскери техниканың ішінде отырып репортаж жасады, ұшақтар мен тікұшақтардан көрініс көрсетіп, көрерменді парадтың қатысушындай етті.
Бұндай әсерлі көріністің артында үлкен еңбек жатыр. Әскери парад та Қарулы Күштер үшін бір емтихан тәрізді. Және бұл жолы емтихан жоғары деңгейде тапсырылды деп баға берсек артық емес.
Ал Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Қазақстан Ұлы Жеңістің 80 жылдығына ерекше мән бергенін атап өтті.

– Елдің барлық өңірлерінде мыңдаған іс-шаралар ұйымдастырылуда. 500-ге жуық көше қазақ жауынгерлерінің есімін иеленетін болды. Бүкіл ел бойынша «Батырларға тағзым» шеруі өтеді. Онда соғыс ардагерлерінің ұрпақтары олардың суреттерін алып жүретін болады. Бүгінгі таңда жаһандық саясатқа өшпенділік пен агрессия еніп жатқанда, соғыс шындығын жеткізу – аса маңызды. Тарихи шындықты бұрмалауға жол беруге болмайды, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент қазіргі күрделі кезеңде «Қазақстанның басты міндеті – ұлттық мүддені қорғау екенін» айтты.
Ұрпақтар сабақтастығы
Қазақстанда әскери парадтар жиі өтпейді. Сондықтан олардың арасындағы тарихи сабақтастыққа назар аудару маңызды.
1990 жылы Алматыда өткен соңғы кеңестік парад 45 жылдық Жеңіске арналды. Онда Панфилов дивизиясының жалауы көтерілді. 1995 жылы да парад Алматыда өтті. Ол кезде шеруді соғыс ардагерлері бастап шықты. 2005 жылы Астанада өткен парадқа 340 ардагер қатысты.

2015 жылғы парад – 70 жылдық Жеңіске арналған ең ауқымды шара болды. Ол кезде ардагерлер автобуспен келіп, көрермендер оларды қол шапалақтап қарсы алған болатын.
2017 және 2018 жылдардағы парадтарда нақты жауынгерлік жаттығулар да көрсетілді. Алайда содан кейін біраз уақыт парад өтпеді. Тек 2025 жылы 7 мамырда Астанада Жеңістің 80 жылдығына және Отан қорғаушылар күніне арналған жаңа парад осы өтіп отыр.
– Ұлы Жеңіске халқымыз үлкен үлес қосты. Соғыс жылдарында 1,2 миллионнан астам қазақстандық майданға аттанып, олардың жартысы ерлікпен қаза тапты. 500-ден астам жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры атағын алды, – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Армиядағы жаңа буын
1992 жылы 7 мамырда Қазақстан Президентінің Жарлығымен Қарулы Күштер құрылды. 1993 жылғы алғашқы әскери доктринада әскер саны қысқартылып, кадр сапасына мән берілді. Кейінгі доктриналар халықаралық терроризм, гибридтік соғыстар және қарулану жарысы секілді жаңа қауіптерге бейімделуге бағытталды.

Қазір арнайы операция күштері құрылып, десанттық әскерлер дербес құрылымға айналды. Территорияны қорғау мақсатында аумақтық әскерлер құрылды. Тек өткен жылдың өзінде 75 мыңнан астам оқу-жаттығу өткізілді.

Құрлық, әуе және теңіз күштері жаңа қару-жарақпен жабдықталып, заманауи ПВО жүйелері мен ұшқышсыз ұшу аппараттары көрсетілді. Олардың қатарында Wing Loong, Skylark және түріктің ANKA дрондары бар.

Қазақстандық мамандар антидрон қаруын жасап шығарды. Сонымен қатар бронетехника жаңартылып, отандық десант кемелері суға түсіріліп жатыр. Әскеріміз халықаралық тәжірибе жинақтап, БҰҰ-ның бітімгершілік миссияларына қатысуда.
Патриоттық тәрбие және болашақ
Президент атап өткендей, батырлық дәстүр атадан балаға жалғасып келеді. Бүгінде олардың ұрпақтары Қазақстан қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отыр.
– Біздің армия – Тәуелсіздігіміздің тірегі. Қарулы Күштер ел аумағын қорғап, бейбіт өмірді қамтамасыз етіп отыр. Әскери қызметшілеріміз халықаралық беделге ие, – деді Мемлекет басшысы.

Мәжіліс депутаты Павел Казанцевтың айтуынша, әскери-патриоттық тәрбие туралы заң жобасы әзірленуде. Әскери кафедралар мен бастапқы әскери дайындықты мектептер мен колледждерде кеңейту ісі жоспарланған.


Қорыта айтқанда, парад – елдің тарихын сақтау, армияның беделін көтеру және жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу ісіндегі маңызды қадам. Ұрпаққа аманат еткен қасиетті жерімізді қорғау жолындағы елдің айбыны мен мақтанышы екені даусыз.