«Құрсақты құрту - қазақтың болашағына балта шабу» - баспасөзге шолу

***
Кеше Астанадағы Медиа орталықта ХІ Еуразиялық медиа форум өз жұмысын бастады. Халықаралық деңгейдегі бұл үлкен басқосу алаңына Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, сөз сөйледі. Осы алқалы жиын арқау болған мақала «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Ашық үнқатысу алаңы» деген тақырыппен берілген. Басылымның атап өтуінше, Мемлекет басшысы жаңа медиа орталық жұмысының басталуы арқылы Қазақстан елордасы Еуразия ақпараттық коммуникациясы маңызды торабының біріне айналғанына тоқталды. «Медиа-саланың рөлін арттыру тек экономикада ғана емес, сонымен бірге, саясатта, әлеуметтік өмірде қоғамның рухани-адамгершілік жағдайының дамуының жоғары стандарттарын қалыптастырушы мен «бұқаралық инновация құралдары» деп атап отырған жаңа БАҚ-тың пайда болуына алып келеді. Мен бұдан ұлттық және жаһандық масс-медианың XXI ғасырдағы басты миссиясын көремін», - деді Н.Назарбаев.
Осы басылымның жазуынша, кеше Премьер-Министр Серік Ахметовтің Беларусь Республикасының астанасы Минскіге ресми сапары басталды. Сапар аясында С.Ахметов алдымен ел Президенті Александр Лукашенкомен кездесті. Кездесу барысында сауда-экономикалық саладағы екіжақты ынтымақтастық жайы, сонымен қатар, Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістік шеңберіндегі өзара іс-қимылды дамыту мәселелері талқыланды. «Бүгінде біз Қазақстан және Ресеймен бірігіп Кеден одағын құрып отырмыз. Мен бұл одақ Қазақстанға, ол мемлекетте тұрып жатқан халыққа көмегін тигізеді деп ойлаймын. Нұрсұлтан Әбішұлы айтқандай, бұл ұйымды ешқандай саясиландыруға болмайды», - деді А.Лукашенко. Қазақстан Премьер-Министрі өз кезегінде А.Лукашенкоға Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың игі тілегі мен сәлемін жеткізді. С.Ахметов сондай-ақ, Қазақстан мен Беларусь арасындағы қарым-қатынас жаңа сапалық деңгейге көтеріліп, екі ел басшылары негізін қалаған ынтымақтастық бүгінде оң сипат алып отырғанын тілге тиек етті. Мақала «Байыпты байланыстар бағдары» деген тақырыппен берілген.
***
«Айқын» газетінің бүгінгі санында ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің жауапты хатшысы Жеңіс Қасымбекпен арадағы сұхбат «Біз үшін ең басты мәселе - ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген ол: «Біз өткен жылы Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ICAO) Техникалық ынтымақтастық бюросының мамандарын елімізге арнайы шақырдық. Олар біздің ұсынысымызды қабыл алып, ағымдағы жылдың қаңтар айында өз жұмыстарына кірісіп кетті. Солармен бірлесе отырып, Азаматтық авиация туралы қолданыстағы заңнамаға енгізу үшін 40-қа жуық өзгертулер әзірледік. Бұл өзгертулер ұшу қауіпсіздігіне үздіксіз бақылау жүргізу, ұшақтарды сертификаттау үдерісіне қатысты. Сондай-ақ Азаматтық авиация комитетінің бақылау функциясын кеңейтуге, азаматтық авиация саласының кадрлық ресурсын күшейтуге бағытталған», - дейді.
«Қазақстанда «погон» таққандардан «Президенттік резерв» құрылатын болды. Қайрат Мәмидің төрағалығымен өткен Сенаттың кешегі жалпы отырысында осыны рәсімдейтін заң қабылданып, Елбасының қол қоюына жолданды», - деп жазады «Айқын» газеті. Егер осы заңға Елбасы қол қойса, онда бұдан былай құқық қорғау орындарына тек «жалғандық детекторынан» өтіп қана, қызметке тұру мүмкін болады. «Құқық қорғау органдарындағы қызметке кандидаттарды анағұрлым сапалы іріктеу үшін полиграфты пайдалану ұсынылып отыр. Бұған қоса, Мемлекет басшысы биылғы жылдың 30 қаңтарында Ақордадағы құқық қорғау және арнайы органдардың кеңесінде полиграфты тек қызметке қабылдауда ғана емес, сондай-ақ аттестаттау және қызметтік тергеу жүргізу кезінде де қолдану туралы тапсырма берді. Полиграфтан өту тәртібін Үкімет айқындайтын болады», - деді Бас прокурордың бірінші орынбасары Иоган Меркель. Мақала «Президенттік резерв» шенділерден құрылады» деген тақырыппен жарияланды.
***
«Құрсақты құрту - қазақтың болашағына балта шабу». «Алаш айнасы» газетінің жұма күнгі санында медицина ғылымының докторы, профессор Сәдуақас Мұстафаевпен арадағы сұхбат осындай тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалына егжей-тегжейлі жауап берген ол: «Денсаулық сақтау саласында қол жеткізген жетістіктер көп болғанымен, кейде артқа тартатын кемшіліктер де жоқ емес. Алғашқы еңбек жолымды Қызылорда облысында бастағанмын. Осы салада жүргеніме, міне, қырық жылға жуықтап қалыпты. Ол кездері бүгінгідей ақшаңқан, заманауи үлгіде жабдықталған ауруханалар атымен жоқ болатын. Жоғары технология деген түсімізге де кірмейтін. Ескірген құрал-жабдықтармен жұмыс істегенде де бүгінгідей ана мен бала өлімі деген болмайтын. Қандай жағдай болғанда да адам өмірін сақтап қалуға барымызды салатынбыз. Бүгінде денсаулықтары нашарлағандықтан да болар, көп науқас өз дертімен күресе алмай жатады. Оған себеп экология деп қоямыз. Оның да әсері бар ғой, әрине. Алайда денсаулығын күтуді әрбір адам өзі бала жасынан үйренуі керек. Ауруы әбден асқынып кетіп, халі нашарлағанда ғана аурухана табалдырығын аттап, содан бар кінәні дәрігерге артып қою дұрыс емес дер едім», - дейді.
Елімізде қайырымдылықпен айналысатындардың тым аз екендігі ешкімге жасырын емес. ҚР Статистика агенттігінің мәліметтері бойынша, елімізде 9092 үкіметтік емес ұйым бар. Олардың 2067-сі Алматы қаласында орталықтандырылған. Тіркелген ұйымдардың негізгі міндеттері - қоғамдық маңызы бар жұмыстарды атқару. Ал филантропия саласындағы мәселелерді талқылап, шешімін табатын пікірталас алаңы да, кәсіпкерлерімізге жеңілдіктер ұсынып, оларды марапаттап отыру шаралары да жоқтың қасы. Меценаттық десе бірден салықтық жүйеге сілтеуді әдетке айналдырған қалталы азаматтар дамыған елдердегідей қайырымдылық үшін салықтан босату қарастырылмайынша, бір тиын бермейміз дегендей кейіп танытады. Ал заң шығарушы орган салық атаулы бар болғаны сылтау деуден тайынбайды. Осылайша, әлі күнге шешімін таппаған күрделі мәселеге Елбасымыз да араласып, жуырда отандық кәсіпкерлерді меценат болуға өзі шақырды. Алайда екіжақты қызу тартыс әлі де жалғасуда. Қызу тартыстың тамырына «Алаш айнасы» газетінің «Ой-көкпар» «Қазіргі салықтық заңнама меценаттықтың дамуына қолбайлау болып отырған жоқ па?» деген тақырыптан үңіле аласыз.