Күршад Зорлу Қазақстанның жаңа парламенттік кезеңін тарихи қадам деп бағалады
АСТАНА. KAZINFORM — Түркияның биліктегі Әділет және даму партиясы (AK Parti) төрағасының орынбасары, Түркі мемлекеттерімен байланыс жөніндегі төрағасы Күршад Зорлу Қазақстанда өткен Парламент сайлауына орай құттықтауын жеткізді. Ол сайлаудың ел және жалпы Түркі әлемі үшін тарихи маңызына тоқталды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Анкарадағы меншікті тілшісі.
Күршад Зорлу Қазақстанда өткен Парламент сайлауына байланысты бауырлас қазақ халқын және бүкіл Түркі әлемін құттықтады.
Түрік саясаткері өз мәлімдемесінде дауыс берудің алдын ала бейресми нәтижелеріне тоқталып, Құрылтайда өкілдік ету құқығына ие болған партияларды құттықтады.
Зорлудың айтуынша, сайлау қорытындысы бойынша қалыптасып отырған жаңа кезең Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл Түркі әлемі үшін де айрықша маңызға ие. Ол Қазақстанның заң шығарушы органы көптеген ғасырдан кейін алғаш рет түркі халықтарының саяси дәстүрінен бастау алатын тарихи «Құрылтай» атауымен жұмысын бастайтынына назар аударды.
Күршад Зорлу Қазақстанның бір палаталы парламенттік жүйеге көшуін де атап өтті. Сонымен қатар ол Қазақстан мен Түркия арасындағы парламентаралық байланыстар мен өзара іс-қимылдың одан әрі дами беретініне сенім білдірді.
— Құрылтай түркі мемлекеттерінің саяси дәстүрінде әділдік пен кеңесудің, өзара пікір алмасудың, сондай-ақ халқы еркін екенінің жарқын нышаны, — деп атап өтті түрік саясаткері.
Зорлу бұл тарихи қадам Қазақстанның демократиялық дамуына жаңа серпін беріп, Түркі әлемінің интеграциясын нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.
Құттықтауын қорытындылай келе, Күршад Зорлу Қазақстанға одан әрі табыс тілеп, «Алға, Қазақстан!» деген ұран жолдады.
Айта кетейік, Құрылтай сайлауы қарсаңында Қазақстанның Анкарадағы елшілігінде және Ыстанбұл, Анталья және Измир қалаларындағы Бас консулдықтарда сайлау учаскелері құрылды.