12:51, 06 Наурыз 2009 | GMT +5
Құрылысы басталған мектеп пен аурухана нысандары толық салынып бітеді, ал жаңа нысандар кейінге қалдырылады ? Н. Назарбаев
АСТАНА. Наурыздың 6-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Құрылысы басталған мектеп пен аурухана нысандары толық салынып бітеді, ал жаңа нысандар кейінге қалдырылады.
Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында халыққа арнаған Жолдауы барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жергілікті жердегі автокөлік жолдарын және әлеуметтік инфрақұрылымдарды, ең алдымен мектеп пен аурухананы жаңғырту қолға алынуы тиіс. Бұл әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар үшін жұртшылықты жұмыспен қамтуды жоғары деңгейде ұйымдастыруға міндет етсе, ал қаржылық қолдау Үкімет пен әкімдікке тапсырылады. Біз бастаған мектеп пен аурухана нысандары толық салынып бітеді, жаңа нысандарды кейінге қалдырамыз. Бірақ, қолданыстағы мектептер мен ауруханаларды жөндеуге қаражат бөлетін боламыз. Осы арқылы да жұмыс орындарын ашуға болады», деді Н. Назарбаев.
Сондай-ақ Елбасы құрылысы жоспарланған магистралды автокөлік жолдары мен теміржолдарды тоқтата тұру қажеттігін айтып, оның есесіне қаражатты облыс орталықтарындағы және ауданаралық жолдарға жұмсау керектігін атап өтті. «Бұл жұмысты біз бәрібір ерте ме, кеш пе бастаймыз. Сондықтан да біз ең тиімді шараларды қамтамасыз ететін боламыз», деді Президент.
«Жұмыспен қамту стратегиясын қоса қаржыландыруға арнап жергілікті бюджеттерден де ресурстар бөлінуі тиіс. Біз жұмыстан айырылғандар үшін жаңа жұмыс орындарын ашатын боламыз. Сондай-ақ біз қазіргі қоғамдық жұмыстарды есептемегенде, кемінде 350 мың қазақстандықты жұмыспен қамтамасыз ете аламыз», деді Н. Назарбаев.
Елбасының айтуынша, бүгінгі Қазақстанда еңбек нарығын дамыту үшін толық мүмкіндіктер бар. Ал қосымша бөлінген қаражат нақты салаға жұмсалатын болады. «Біріншіден, бұл коммуналдық желілерді қайта жөндеу мен жаңғырту, сумен қамтамасыз ету, энергетика нысандарын, кәріздік желілерді жаңғырту, Үкіметке әкімдермен бірлесіп осы мақсаттарға қажетті шығындарды айқындауды және бюджеттен бөлінген әрбір тиынды қатаң қадағалауды тапсырамын», деді Н. Назарбаев.