Құс шаруашылығының ұлттық ғылыми-зерттеу орталығын құру қажет — Тоқсейітова
АСТАНА. KAZINFORM — Елімізге жыл сайын шетелден шамамен 178 млрд теңгеге балапандар мен инкубациялық жұмыртқалар әкелінеді. Бұл туралы Құрылтай отырысында Үкімет басшысына сауал жолдаған депутат Рәбиға Тоқсейітова айтты.
— Бүгінде құс шаруашылығы — агроөнеркәсіп кешенінің технологиялық озық салаларының бірі және азық-түлік қауіпсіздігінің маңызды саласы. Құс еті мен жұмыртқа өндірісі артып, ішкі нарықтың үлкен бөлігін қамтамасыз етіп отыр. Бұл — мемлекет қолдауының нәтижесі. Алайда, өндіріс көлемінің өсуіне қарамастан, құс шаруашылығына қажетті негізгі генетикалық және асыл тұқымды материал шетелден сатып алынып жатыр. Сала өкілдерінің мәліметінше, жыл сайын шет елдерден шамамен 178 млрд теңгеге балапандар мен инкубациялық жұмыртқалар әкелінеді және бұл сома жыл сайын өсіп келеді. Бұл еліміздің шетелдік генетикаға, жеткізушілерге, валюта бағамына, халықаралық логистикаға және ветеринария-санитариялық шектеулерге тәуелді екенін білдіреді, — деді ол.
Оның айтуынша, дамыған елдер тек өндіріспен шектелмей өздерінің ғылымы мен селекциясына инвестиция құяды. Сондықтан Қазақстанға да өзіндік генетиканы, кросстарды, технологияларды құру қажет.
— Осыған байланысты «Ауыл» партиясының фракциясы Құс шаруашылығының ұлттық ғылыми-зерттеу орталығын құруды маңызды деп санайды. Бұл болашақта импортқа тәуелділікті төмендетуге, валюта шығындарын қысқартуға, құстың өнімділігін арттыруға, жем-шөп шығыны мен өнімнің өзіндік құнын қысқартуға, биологиялық қауіпсіздікті күшейтуге, өз ғылыми мектебін құруға, жаңа буын мамандарды даярлауға мүмкіндік береді және келешекте отандық асыл тұқымды материалдарды шет мемлекеттер нарығына шығаруға жол ашады, — деді Құрылтай депутаты.
Осы ретте Рәбиға Тоқсейітова Премьер-министр атына мынадай ұсыныстар енгізді:
- Ұлттық құс шаруашылығы ғылыми-зерттеу орталығын құру мәселесін қарастырып, оған жауапты мемлекеттік органды айқындау;
- 2021–2026 жылдары құс шаруашылығына қажетті негізгі асыл тұқымды материал және инкубациялық жұмыртқа бойынша импорт көлемі мен құны туралы мәлімет ұсыну;
- кейінгі 5 жылда құс генетикасы мен селекция саласындағы ғылыми зерттеулерге мемлекет қанша қаражат бөлгенін және қандай ғылыми әзірлемелер нақты өндіріске енгізілгенін хабарлау;
- нақты жыл сайынғы көрсеткіштерді белгілей отырып, импорттық құс асыл тұқымды материалға тәуелділікті азайту бағдарламасын әзірлеу;
- салаға заманауи басқару жүйелерімен, цифрлық платформалармен және роботтық жабдықтармен жұмыс істей алатын жоғары деңгейлі технологтар, генетик, зооинженерлер, ветеринарлар және биофармацевтер даярлауға жауапты жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдарды белгілеу.
Бұған дейін депутат Шолпан Каринова Қазақстан тарихына қатысты контенттің ғылыми негізділігі мен деректілігін қамтамасыз ететін жүйе қалыптастыру мәселесін көтерген еді.