Құс жолы 10–11 млрд жыл бұрын бағытын өзгерткен — ғалымдар зерттеуі
АСТАНА. KAZINFORM — Ұлыбританиялық астрономдар шамамен 10–11 миллиард жыл бұрын Құс жолы басқа галактикамен жойқын соқтығысқанын дәлелдейтін айғақтар тапты. Соның салдарынан галактиканың дискісі 90 градусқа бұрылған. Бұл Құс жолының шеткі бөліктерінің құрылымындағы кейбір ерекшеліктерді түсіндіреді. Бұл туралы Корольдік астрономиялық қоғамның (RAS) баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады ТАСС.
— Біз бұған дейін де Құс жолы Гайя–Энцелад деп аталатын галактикамен соқтығысқан деп болжағанбыз. Енді сол апаттың Құс жолы дискісінің орналасуын өзгерткенін дәлелдейтін айғақтар таптық. Бұл галактикадағы жұлдыздардың басым бөлігі бұрын оның ортасын мүлде басқа траекториямен айналғанын білдіреді, — деді Дарем университетінің (Ұлыбритания) ғылыми қызметкері Кирилл Батраков.
Оның айтуынша, ғарышта галактикалардың соқтығысуы мен бірігуі жиі кездесетін құбылыс. NASA-ның қазіргі бағалауынша, көзге көрінетін галактикалардың шамамен төрттен бірі осындай «ғарыштық соқтығыстарды» бастан өткерген. Мұндай оқиғалардың басты салдары — жаңа жұлдыздардың түзілу үдерісінің күрт жеделдеуі. Ал ғаламның алғашқы кезеңдерінде мұндай апаттар бұдан да жиі болуы мүмкін.
Ұзақ уақыт бойы ғалымдар Құс жолы тек шағын ергежейлі галактикалармен ғана соқтығысқан деп есептеп келді. Алайда кейін GAIA ғарыш телескопы галактиканың шеткі бөліктеріндегі жұлдыздардың қозғалысын бақылай отырып, Құс жолы бірден бірнеше ірі галактикамен соқтығысқан болуы мүмкін екенін анықтады. Бұл жаңалық осындай ғарыштық апаттардың басқа да іздерін іздеуге және олардың салдарын зерттеуге қызығушылықты арттырды.
Осы болжамды тексеру үшін астрономдар компьютерлік модельдеу жүргізіп, GAIA анықтаған соқтығысу белгілерін қайта жаңғыртуға тырысты. Есептеулер Құс жолының қазіргі құрылымын дәл қайталау үшін Гайя–Энцеладпен болған соқтығыс салдарынан оның ежелгі дискісі бастапқы қалпымен салыстырғанда 90 градусқа бұрылғанын көрсетті.
Ғалымдардың айтуынша, бұл Құс жолының көне тарихындағы маңызды оқиға оның серік галактикаларының орналасуы мен қозғалысындағы көптеген ерекшеліктерді түсіндіреді. Сондай-ақ галактикалық гало аймағындағы жұлдыздардың Құс жолының ортасын неге әдеттегіден баяу айналатынын да осы құбылыс арқылы түсіндіруге болады.
Зерттеушілер бұл деректерді Құс жолының және басқа да спираль тәрізді галактикалардың эволюциясын зерттеу кезінде ескеру қажет екенін атап өтті.
Осыған дейін ғалымдар миллиардтаған жыл бұрын Құс жолы галактикасы жұтып қойған ежелгі ергежейлі галактиканың қалдығы болуы мүмкін 20 жұлдызды анықтаған болатын.