Құсбегілердің Азия чемпионаты: Ең әсерлі сәттер
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда саятшылардың ІІ ашық Азия чемпионаты өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан атынан түрлі облыстардан келген 70 бүркітші қатысты. Бұдан тыс, 30 қарашадан 2 желтоқсанға дейін жалғасқан жарыстарға Венгрия, Словакия, Түркия, Ресей, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен 20-ға жуық құсбегі келді.
Саятшылар бүркітпен, сұңқармен және қаршығамен аң алудан жарысты.
Бүркітшілер арасында бірінші орынды Қырғызстан өкілі Аман Исмаилов еншіледі. Екінші орын Ақмола облысының тумасы Байрақ Тастанбекке бұйырды. Алматылық Ақберен Құрманғалиев үшінші орынды қанағат тұтты.
Сұңқарлар жарысында да қырғызстандық саятшы озық болды. Туголбай Абдукадыров - бірінші, алматылық Руслан Абулов - екінші, Жамбыл облысынан келген Айбар Үсен үшінші орын алды.
Қаршығалар жарысында Берікболсын Бабажан (Жамбыл облысы) жеңіске жетті. Екінші орынды Түркістан облысынан келген Зәки Махмұдхан, үшінші орынды Алматы облысынан Бексұлтан Сейітжан иеленді.