Құсбегілік - қазақтың төл өнері ? «Қыран» федерациясының президенті

АЛМАТЫ. Cәуірдің 1-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Халықаралық құстар күні. Біз осыған орай «Қыран» федерациясының президенті, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрлан Өнербайды халқымыздың құсбегілік өнері турасында әңгімеге тартқан едік.

Құсбегілік  -  қазақтың  төл   өнері  ?  «Қыран» федерациясының президенті
- Нұрлан Әлтайұлы, еліміздегі құсбегілік өнердің жай-күйі қандай? - Құсбегілік ата бабамыздың сонау есте жоқ ескі заманнан келе жатқан өнері. Оның тарихы 3 мың жылдың ар жағында жатыр. Кезінде аталарымыз қызығушылық үшін ғана қолына құс қондырып, оны аңға салуға баулымаған. Қасиетті бұл өнердің арқасында қиын-қыстау, жаугершілік замандарда бүтін бір ауылдарды асыраған құсбегілер туралы ел арасында аңыз, әңгіме өте көп. Кеңес дәуірінде ол «ескінің сарқыншағы» деген сыңайда қаралғандықтан, құсбегілік өнер өткен ғасырдың аяғына таман үзілуге шақ қалды. Оны қайта жаңғыртуға бүгінде құсбегілер ауылы атанып кеткен, Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы Нұра (Сөгеті) ауылының Әбен Тоқтасынов, Сейітжан Көдеков сияқты ақсақалдары үлкен үлес қосты. Ал 1997 жылы онда республикада алғашқы боп «Жалайыр Шора» атындағы құсбегілер орталығы ашылды. Алматы облысындағы бүркітшілердің басын қосатын федерация «Қыран» деп аталады. Онда қазір 48 бүркітші бар. Мұндай федерациялар кейін өзге облыстарда да «бүркітші», «қыран» деген сияқты атаулармен құрылды. Бұрын құсбегілікпен зейнетке шыққан ақсақалдар ғана айналысқандықтан, түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысушылардың денін де солар құрайтын. Қазір олардың құрамы күрт жасарып келе жатыр. Мәселен, Алматы облысында биыл 12-ші рет ұйымдастырылған «Сонар» республикалық жарысына қатысушылардың басым бөлігін жастар құрады. Оған жер-жерде құрылып жатқан құсбегілік орталықтар да үлкен ықпал етуде. Сондай-ақ республикалық құсбегілер федерациясы тарапынан да көптеген игі шаралар атқарылып жатыр. Мысалы, жыл сайын Қазақтың туризм және спорт академиясында жастардың оқуына көмектесіп, бүркітшілердің халықаралық жарыстарға қатысуы үшін өздеріне киім-кешек, құстарына қажетті әбзелдерін жасап беруде. Еңбекшіқазақ ауданының Нұра ауылында этноауыл ашу туралы да үлкен жоспарымыз бар. Бұл ұсынысымызды облыс басшылығына айтқанбыз, олар қолдау білдіріп отыр. Сондай-ақ Қазақтың туризм және спорт академиясында құсбегілік өнерді дамытатын кафедра ашу да ойда бар. Сөйтіп болашақта жастарды осы өнер түріне арнайы баулып, мамандар дайындамақпыз. - Жасыратыны жоқ, қазір құсбегілер негізінен бүркітті ғана ұстайды. Тарихи және әдеби шығармаларда бабаларымыз бүркіттен өзге құстарды да баулығаны айтылады. Бұл мәселе туралы сіздің жеке пікіріңіз қандай? - Қазіргі кезде құсбегілер қолға үйреткен құстар арасында кең тарағаны бүркіт пен қыран ғана. Ителгі, лашын сияқты өзге түз құстары өте аз. Оны жігіттің жігіті ғана тәрбиелеп, қолына қондырып жүр. Өйткені оларды қолға түсірудің өзіндік қиындығы бар. - Ал сұңқар баптау қазір араб елдерінде қатты дамып келе жатқан сияқты... - Оны құсбегілер жарысын өткізіп жүрген жерлерде өзім де талай рет айтқанмын. Мысалға, қазір бізге Өзбекстан, Қырғызстан мен Ресейдің Якутия, Бурятия деген жерлерінен құсбегілер келіп жүр. Егер біз құсбегілер жарыстарына Еуропа мемлекеттері мен Австралия және араб елдерін де шақыратын болсақ, бір кезде әртүрлі жолмен сыртқа кетіп қалған құстарымыз жерін танып, қалып та қоюы мүмкін. Біз қазір халықаралық-қатынаста құшағы ашық елміз ғой. Ешкімге есігіміз жабық емес. Келем деген келеді. Осы жерде саяткерлік құрып, аңшылық жасайды. - Федерация тарапынан түз тағысын баулуда арнайы әдебиеттер мен нұсқаулықтар шығару жайы қазір қалай жүргізіліп жатыр? - «Қыран» федерациясы қоғамдық қоры алдыңғы жылы «Қазақ құсбегілері» деген альбом шығарғанбыз. Оны бүкіл республикаға тараттық. Бұл альбомда құсбегілікті атадан балаға жалғастырып келе жатқан бүркітшілердің тарихы, өмірбаяны мен құстарының қанша түлкі, қасқыр алғаны жан-жақты қамтылған. Былтыр біздің кейбір бүркітшілеріміз Англияға барып халықаралық үлкен жарыстан жүлделі орындармен оралды. Осының өзі еліміздегі құсбегілік өнерден көп хабар береді. Енді оны халықаралық дәрежеде одан ары жалғастыру үшін біз міндетті түрде ақпараттық анықтамалықтар шығармақпыз. Ол кітап түрінде, суретпен көмкерілген альбом және тағы басқа түрлерде болуы мүмкін. - Құсбегілікті халқымыздың төл өнері ретінде халықаралық ұйымдарда заңдастыруға бола ма? - Кез-келген дәстүрлі өнер түрін, мейлі ол атадан балаға мирас болып келе жатқан, тек өз ұлтымызға ғана тән болса да оны жеке ауылдың, болмаса жеке бір өңірдің аумағында ғана емес, республикалық деңгейде дамыту керек. Оған үкімет тарапынан қолдау жасалуы қажет. Мемлекеттік қолдау болған жерде ғана дәстүрлі өнерді өркендетіп, оны басқа елдерге насихатап дамытуға болады. Сондай-ақ қандай да бір ел белгілі бір өнер түрін дамытып, ұрпағына үйретіп, үлкен дәрежеге көтеріп жатса, әрине бұл жерде оған ешкім де таласа алмайды. - Әңгімеңізге рахмет!