Күш атасы Қажымұхан мен қазақ әнінің ұлық анасы Күләштің мүсіндерін қашаған - Тілеуберді Бинашев

АСТАНА. 12 шілде. ҚазАқпарат - 2011 жылдың қыркүйек айында Алматы қаласының мәдени-рухани өмірінде жанымызға шуақ себелеген бір жағымды жаңалық болғаны есімізде.

Күш атасы  Қажымұхан мен қазақ әнінің ұлық анасы Күләштің мүсіндерін қашаған  - Тілеуберді Бинашев

Сонда К.Байсейітова атын­­дағы республикалық музы­калық мектеп-интернаттың жасыл желекке малынған саябақ ауласында қазақтың «Чудо» атанған Кү­ләш әншісіне әсем ескерткіш қо­йылған болатын. Алаштың әнін Әмі­реден кейін әлемге танытқан ғаламат дарын иесінің ғажайып болмыс-бейнесін сомдауға жүрегі дауалаған мүсінші кім десеңіз, өзіміз көптен білетін, кеудеқағары жоқ биязы азамат Тілеуберді Бинашев екен. Ұлы әншінің ғана емес, ән деген сұлу әлемнің де ажарын ашып тұрғандай сол ескерткіш көп­шіліктің көңілінен шығып, Ал­матының көркіне үйлесе, «кетігін тауып қалана» кеткен-ді. Сол жолы аңызға айналған ән «чудосының» керемет келісті мүсінделгеніне, ән-Күләштің құдіреті мақпал мұңы­мен қоса айшықты бейнесін тап­қандығына қазақтың тағы бір бұл­бұл әншісі Бибігүлден бастап көпт­еген білікті адамдар ризашы­лықтарын білдірген-ді. Күләштің осынау мәрмәр мүсіні аузын ашса ән шырқайтындай, көмейінен кәу­сар әуен құйыла жөнелетіндей әсер­ге бөлейтіндігі оны жасаған мүсіншінің де дарын-шеберлігін айғақтап тұрғандай, деп жазады журналист  Қорғанбек Аманжол «Егемен Қазақстан» басылымында жарық көрген ауқымды мақаласында.

Жоғарыда қазақ әнінің ұлық анасы Күләштің бейнесін сомдауға жүрегі қалай дауалаған деген са­уалдың шетін қылтиттық. Нақ осы бедерлі-белесті туындысына дейін аттай 33 жыл бойы мүсіншілікпен айналысып, оқуын да оқыған, то­қуын да тоқыған, қазақтың небір аймаңдай айтулы тұлғаларын биік тұғырларға қондырып, тәуелсіз елдің күнделікті тәу етер тарихына енгізген Тілеубердінің хақысы бар екен. Ең ұлы қазақтарды мүсіндеп сомдауға. Жүрегі дауалағанда қандай! Өрімдей жиырма жасында күш атасы Қажымұқанның сом темірді саз балшықтай илеген алапатын мүсін тілімен қашап шы­ғып, Темірланның төріне орнатуға өресі мен өжеттігі бірдей жеткен Тілеуберді емес пе. Шынына келсек, біздегі бірде-бір мүсіншінің басында кездеспеген феномен жағ­дай. Балуан атаның ескерткішін жасарда қиялына қанат бітірген Қажымұқанның Айдархан деген ұлы. Түрі аумаған Қажымұқан, бойы 2 метр. Алыптан туған алыпты кезінде балуан қыламыз деп Омбының спорт мектебіне де берген көрінеді. Бірақ ол өзі дәрігер­лікті қалапты. Осы Айдарханды Темірланның «Ленин туы» бөлім­ше­сіндегі қарашаңырақ үйінде жа­лаңаш ұйықтап жатқанында көр­ген Тілеуберді кенет селк ете қа­лып, Қажымұқанды көргендей болады. Сол арада көктен іздегені жерден табылғандай күй кешіп, дереу қағаз-қарындаш алып, көп­тен көңілде жүрген, көз алдында алаңсыз жатқан қымбат бейненің суретін нобайлап салып ала қояды. Сөйтіп, балуан ата жайлы барлық естіген-білгенін, оқып-түйгенін, фо­тосуреттерінен зерделегенін санасына сіңіріп, ой елегінен өткізіп, сол қымбат әсерлерді ескерткішке нұрдай балқытып құйды.

Бұл 1977 жыл болатын. Қазіргі Ордабасы, сол кездегі Бөген ауда­нының бірінші хатшысы Рәшид Нұғманов бас болып аудан ор­талы­ғы Темірланда қазақтың атақ­ты балуаны Қажымұқанның тұңғыш мұ­ражайын ашты. Мұра­жайдың алдына күш атасының аруағын та­ныт­қан, Тілеуберді сом­даған жа­ңағы ескерткіш қо­йылды. Қажы­мұқан болсын, кім болсын, жалпы, қазақ­қа ескерткіш қою үрдісте жоқ кеңес уақыты ғой. Жиырма жасар албырт Ті­леу­берді Рәшид ағасы­мен қол­даса, сол сіреу мұзды бұз­ғандай еді. Ескерткішті елдің бәрі ұнатты. Айдархан тас тұғырдағы әкесін құ­шақ­тап, екі иығы сел­кіл­деп, ең­кіл­деп жылап жіберді. Ес­керт­кіштің ашылу салтанатына кел­ген Қажы­мұқанның кіші ұлы Жанәбіл де алғысын айтып, қуана құптап жатыр. Күш атасына ес­керткіш ор­натылғаны туралы Мәс­кеуден бү­кілодақтық «Время» бағ­дарла­масы хабарлады, «Известия» газе­ті жазып, күш атасының ес­керт­кіші мен Тілеубердінің суретін қоса берді. Бұның бәрі, әрине, жиырмадағы жас жігіт үшін зор бақыт, болашақ бастауындағы ай­қа­ра ашылған ақ жол еді. Қазақ­станның басшысы Дінмұхамед Қонаев сол уақыттарда үнемі Түр­кістанға өтіп бара жат­қанда жа­ңадан орнаған Қажекең ескерт­кі­шін көріп жүреді екен. Ол кісі ба­луан­ның көзін көрген. «Қа­жы­мұқанның образы жақсы бе­ріл­ген екен» деп ілтипатын біл­діреді. Ал тағы біраз жылдар өт­кен­де сә­лем бере келген Тілеубердіге: «Жұ­мы­­сың­ды өзіңнен бұрын біледі екен­мін», дей отырып батасын беріпті.

Осылайша, Алматы көркем­сурет училищесіне келіп түскен­де Тілеуберді атағы алысқа кеткен, дуалы ауыздардың ілти­патына ілін­ген әйгілі Қажымұқан ескерт­кішінің дыңдай авторы болатын. Сөйтіп, Алматыда «Қажы­мұ­қан­ды жасаған қойшы бала» атанды. Айтса айт­қандай, ба­ла­лық шағы Байырқұм ауылында, Сырдария, Арыс өзен­дерінің алабында өтті. Қойшының баласы қой со­ңында көбірек жүрер еді. Әкесінің атымен аталар Мелдеш құдығы деген жер. Ойы-қыры, әр шұқыры түгел жадында жат­талған. Сол құдық­тан да су емес, сыр тарт­қандай, тү­біндегі айна суға үңіліп ұзақ тұрар еді-ау. Кейіннен қазақы пәл­сафаға құрыл­ған «Құ­дық» деген ойлы композициясы өмірге келген.

Қой баға жүріп, жер сызып, тас қашап ермек етеді. Қой қосылып кеткенде әкесінен талай таяқ та жеуші еді. Туған жердің әр тасынан сыр аңдауды сонда да қой­мады. Жалаңаяқ шөп басып, жусан иіскегеннен айрықша рахат табатын. Айтақырға түрлі суреттер салып, дария жағасында сазбал­шықтан қиялдағы мүсіндерді нобайлап, ұзақ күнді өткізетін. Осының бәрі болашақта жүрер жолына, мүсін өнеріне келуіне түрткі болғандай.

Байырқұм жері аңыздармен аяланған киелі мекен, тұнған тарих. Ертегідегі Мұңлық-Зар­лық­тың бейіті де осында. Сырдария­ның осы тұсында Ханшайымның аралы бар. Бала кезден санасын жаулап, қиялын баураған мұңды аңыз, зарлы баян. Өспірімнің өнер­дегі арман-аңсарын оятқан. Сол арманы ақырында туып-өскен жері Арыста биіктігі 12 метр еңселі «Мұңлық-Зарлық» монументі болып орнады. Көп жайларына ке­ңесші болып көрнекті жазушы Дулат Исабеков ағасы көмектесті. Осы еңбегі үшін туған ауданының құрметті азаматы атанды. Ал жас кездегі Қажымұқаны үшін әркез Ордабасы ауданы құрмет тұтады.

Тілеуберді шығармашылы­ғы­нан қазақ рухы менмұндалап тұ­рады, ұлттық болмыстың ұлы сарыны естілгендей болады. Осы тұрғыдан келгенде ол исі қазақ үшін біраз тірліктерді жасап тас­та­ған салиқалы да сарабдал мү­сін­ші десек, қателеспес едік. Ай­талық, Қазақ хандығының негізін салған Керей мен Жәнібек хан­дардың за­манға сай заңғар ес­керт­кіші Жаңа­қорғанда бой көтерді. Кезінде Мұхтар Құл-Мұхаммедтің айтуымен Абылай ханның ескерткіш-макетін тұң­ғыш жасаған да Тілеу­берді болатын. Қазір ескерткіш Орталық мұражайда, қазақ тарихынан сыр шертер қастерлі жәді­гер­лер қата­рында. Бір нұсқасы Абылай хан атындағы шет тілдер универ­ситетінің алдында тұр. Қа­зақтың үш биі, күй атасы Құрма­нғазы, Көкшетаудан қоныс тапқан атақты ұшқыш Талғат Бигелдинов, музыка ғұламасы Ахмет Жұ­банов, Қарасай батыр, Исатай-Махамбет, Кейкі батыр, Шоқан мен Ыбырай, Б.Момышұлы, Д.Қо­наев, М.Тынышбаев, тағы бас­қа ардақты­лары­мыздың ес­керт­кіш, мүсін­де­рін жасап, ел кәде­сіне жаратқан Тілеубердінің, шын мәнінде де, ақын Ибрагим Исаев айтса айт­қандай, «әр оюы қазақ боп күрсінетіні де, әр қиюы қазақ боп қиялдайтыны да» рас.

 2. Үйдегі мұражай

 Тілеуберді жастайынан көне жә­дігерлерді, өнер-мәдениетке қа­тыс­ты заттарды, ескілікті тұрмыс бұ­йым­дарын жинай жүретін-ді. Әрі-бе­ріден соң бұл хоббиін, сонау «қойшы бала» кезінен бастаған. Арыс пен Сырдарияның бойында әлі күнге дейін сыры ашылмаған, зерттелмеген ежелгі қалалар орындары баршылық. Байырқұм деген төбенің жан-жағы дуал-қорған­дар­мен қоршалған, арықтармен әдіп­тел­ген. Соның бәрі есте жоқ ескі замандардан елес береді. Зерек бала осылардан өзінше сыр түйіп, зерде­сіне құйып ала қоюшы еді. Солар­дың орнынан шұқылап жүріп көп жәдігерлер жинаған. Бұған кейінірек көне Отырар орнынан жинаған коллекциясы қо­сылды. Х ғасырдағы құмыралар, шүмек, түбек, тобық. Қазақ аңшы­лығының құралдары, темір қақпан. Мысыр елінен келген перғауындар бейнелері. Лениннің Сталинмен бірге отырған суреті дейсіз бе, өт­кен ғасырдың 30-40-шы жылда­рындағы қызық телефон аппараттары дейсіз бе. Қазір қолда­ныстан қалған тұрмыс-салт бұйым­дары: түрлі ыдыс-аяқ, қазан, табақ, қасық, ожаудың нешеме түрі, ара, балта, балға, таразылар, басқа да құрал-саймандар. Кісіні қызықты­рып, қиялды тербейтін небір көне дүниеліктер. Сыры кетсе де, сыны кетпеген, құнын жоймаған. «Керек тастың ауырлығы жоғы» да рас-ау.

Тоқсаныншы жылдардың со­ңы­на қарай еңбегі жанып, есімі танылып, біздің мүсіншіміздің де өз қолы өз аузына жете бастаған шақта көкейіне бір ғажап ой келе қалды. «Осы жұрт бірдеңеге қолы жетсе, мейрамхана, сауна ашады, ал мен болсам шеберханама жал­ғастыра мансардылы үй салып, мұражай ашайын» деп түйді. Тілеубердінің осы бір ізгілікті ойы іске асқанына да он жыл толыпты. Үйдегі мұражайдың аты - «Өнер ордасы». Сөрелеріне 300-ге жуық бағалы жәдігер-экспонаттар қо­йыл­ған. Біз жоғарыда жіпке тізген жәдігерлерге қоса мұнда не жоқ дейсіз. Халқымыздың ерен тұл­ғалары Дінмұхамед Қонаев пен Өзбекәлі Жәнібековтің, әлемге танымал Шыңғыс Айтматовтың көзі тіріде ырза көңіл, мырза пейілмен сыйлаған қолтаңбалы кітаптары. Қадыр Мырза-Әлінің күйтабақта оқыл­ған өлеңдері. Мұхтар Шаха­нов­тың көптеген кітаптары. Әри­не, ағаның автографымен. Асанәлі Әшімовтің «Қыз Жібек» фильміне түскен кезде қолданған садағы, темекі тартқан мүштіктері мен күлсалғыштары, қатысқан фильм­дерінің дискілері. Асекеңнің ұлы - аяулы Сағидың Шоқан рөлінде ойнаған кезде ұстаған асатаяғы. Қазақстанның атақты суретшілері Тоқболат Тоғысбаев, Әбдірәшит Сыдыханов, Нағымбек Нұрмұхам­бетов, Ерболат Төлепберген, Бек­сейіт Түлкиевтің қолтаңба жазып, қолдарын қойып, шын ықы­ласпен сыйға тартқан шығар­малары да мүсіншінің үйіндегі меншікті мұ­ра­жайдың шырайын келтіріп тұр. Гүлфайруз Исмайылова сынды хас шебердің қолынан шыққан Күләш Байсейітованың портретін советтік дәуірде қызы­ғып салоннан сатып алған-ды. Кейін өзі ән бұлбұлы­ның бейнесін сомдағанда ол шығарма­ның да шапағат-ықпалын сезінген болатын. Енді бір әредікте осы Гүл­файруз апайдың жұбайы, қазақ мәдениетіне үлкен еңбек сіңірген суретші Е.Сидоркиннің «Қыз қуу» атты қызғылықты картинасын кө­реміз. Сөйтеміз де бұл Тілеудің өзі Алматының Сидоркин көшесінде тұрып жатқанын еске алып, миық­тан күле бір нышандап қоямыз.

Қазақстанның халық суретшісі, қазақтың тұңғыш мүсіншісі Хакім­жан Наурызбаев ақсақал: «Менің қандай мүсінші екенімді шәкіртім Тілеубердінің өнерінен бағамдай беріңдер», дейді екен. Әмбе Ті­леубер­дінің өзіне: «Сенің мықты­лығың жусан иісін иіскеп, малдың қиын күреп ауылда өскендігіңде, халықтың әдет-ғұрыптарын жақсы білетініңде. Біле білсек, өнер адамы үшін ауылдың өзі бір академия ғой», деп тәмсілдеп отыратын кө­рінеді. Ұлы ұстаз Тілеуберді бо­йын­дағы нағыз талантқа тән адам­гершіл парасатты да жазбай таныпты. Содан да болар, қайтыс болар алдында қайран қайта тумас Хакеңнің алғыскер де адал шәкірт­ке аманаттап кеткен барлық құрал-саймандары - балта мен балға, ара, қысқаш, қашауы, көне алаша төсеніші, «Маяк-202» радиоқабыл­да­ғышына дейін, Кеңшілік ақын айтпақшы, «кемпірауызы мен қыс­қашы әр үйде кеткеннің» кебін кимей, өнер ордасында қастерлі жәдігерлерге айналған. Әзиз адамды ақтық сапарға жөнелтуді ұйым­дастырушылардың бел ортасында болып, басына құлыптас белгіні де өз қолымен жасап орнатқан-ды. Жөн білетін жігіттің ұстазын ұлық­таған бір өнегесі осындай. Қазақ­тың асылдары мен арыстарын ардақ тұтқан Тілеубердінің өзіне де Қажымұқандай алып ата­ның му­зейінде жеке бұрыш арналғанын дәл осы арада айта кетпек лазым.

Үйдегі мұражайдың көз тоқта­тарлық көптеген көркем жәдігер­лері - Тілеубердінің өзінің төл туындылары. Олардың әрқайсысы өзінше сыр шертеді, әрқилы өмір пәлсафасын аңдатады, ұлттық рух ұлағатын па­йым­датады дер едік. Әсіресе, мүсін­дік композицияларында көрермен қа­уымды ізгі мұ­ратты ойларға же­телейді. Тілеу­бер­дінің сұңғаттық тілі сұлу. Ше­шімдері тосын да ойлы әрі батыл болып келеді. Халықтың қара­пайым даналығынан нәр алған­ды­ғы «Асығың алшысынан түссін», «Қақ­пан», «Отырардың қирауы», «Дала қызы», «Келін», «Қаратау», «Етік­ші», «Насыбай», «Түс», «Ата­­ме­кен», «Айтыс», «Жетісу қыз­дары», т.б. шығармашылық ком­­позицияларынан анық көрі­не­ді. Мысалы, «Құдық» деген туындысы «Судай таза, терең бол!» дейтін тәлімді қасиетке мең­зесе, «Жеті ата», «Жеті қазына» аталатын күрделі монументалдық си­пат­тағы композициялары ұлттық құндылықтарымызды астарлы нышанмен асқақтата, ажарын аша бейнелеген. Бір өкініштісі, олар әзірге үйдегі мұражайда үнсіз томсарған. Арыста туған арманшыл қазақтың жеті атасын дана­лық орайында «әл-Фараби, тарихын таразылауда - Қазақ орда­сы­ның ханы, музыка саласында - Қор­қыт баба, ел қорғауда - Қазақ­тың қас батыры, имандылықта - Қожа Ахмет Яссауи, әділ билікте - Қазақтың турашыл биі, ата кәсіпте  ат үстінде қыран бүркіт ұстаған құсбегі-саятшы бейнесінде па­йым­далған осынау туындысы 7 метр биіктікте Астанада қойылса деп талаптанып, үміт етуден жалығар емес.

Мұражай ішінен біртуар сазгер Шәмшінің де сұлу мүсінін байқап қалғанбыз. Тілеуберді кезінде Шәм­­ші ағасымен сыйлас, дастар­қандас болған. Сазгер аға мүсінші інісін «Сен Қажымұқанның авто­рысың, алыпты жасағансың» деп жақсы көреді екен. Ағаға деген сағыныштан тамаша композиция туыпты. Тербелген суға қарап тебі­ренген Шәмші. Арыс толқындары аққуға айналып кеткен. Әр аққу қанатының сызығындағы ноталардан ән қалықтайтындай... Әзірге композиция қалыбын өз қаржы­сына құйдырыпты. Осы көрікті көзайым да Алматыдағы Шәмші сая­бағына орнатылса, ол да игі мақ­саттың жүзеге асқаны болар еді.

Шынымен де, мүсінші Тілеу­бер­дінің арман, мақсаты көп-ақ. Өзіндік өрелі пікір, пайымдары да назар аударарлық. Мысалы, ол жастар жиі баратын саябақтарға Қозы Көрпеш - Баян сұлу, Еңлік - Кебек, Қыз Жібек пен Төлеген ескерткіштері орнатыл­ғаны жөн деп есептейді. Біз өзіміз­дің мың жылдық мәдениеті бар ұлт екені­мізді, рухымыздың байлығын біл­діру үшін нақты тарихи тұлға­лар­­мен қатар аңыз-ерте­гіле­ріміздегі Жиренше шешен, Қожа­насыр, Алдар көсе, Тазша бала ес­керткіш­терін мүм­кіндігінше әр қа­лада тұрғызып, жастар санасына сондай ұлттық образдары сіңір­геніміз абзал емес пе дейді Тілеу­берді. Астана қаласын­да бой көтеріп жат­қан ғимараттарда ұлттық на­қыш­­­тың аздығына қын­жылады. «Көк­төбеде әспеттеп ес­керт­кіш қоятын­дай «Битлз» тобы­ның бізге қандай жақсылығы өтіп еді? Оданша ондай ескерткішті Алматымен біте қайнасқан «Досмұқасан­ға» неге қоймасқа?» деп мұңаяды. Алматы әкімі жариялаған мәдениет жылында осы Тілеуберді сияқты ұлт­жанды өнер адамдарының осындай пікір-пайымдары қаперге алынып жатса, құба-құп дер едік. Әйтпесе, Пав­лодарға апарып, қа­зақ­қа үш қайнаса сорпасы қосыл­май­тын Чарли Чап­линнің ескерт­кішін тұрғызған­ның несі сән? Не мағына­сы бар? Кереку жеріне Шәкен Айманов ескерт­кішін ор­нат­сақ, бізге кім қой дейді? Міне, Тілеубердінің осы тұрғыда айтылар азаматтық пайымдары да неше сан.

Бұл күнде зерделі қауымға Ті­леубердінің өнері мен таланты ке­ңі­нен танылған. Бұл күнде өзі де са­ғы­нышқа айналған Тұманбай Мол­да­ғалиевтай ақын аға оның «жүре­гінен өнердің үнін естуі» бекер емес. Се­бе­бі, «Болашақты болжап бір және көр­дің, Толқынымен ойна­дың жаңа көл­дің. Менің Құра­лайымды гүл арқы­лы, Қайта мына дүниеге сен әкел­дің». Өнер мен талант тағы­лымын ақындар жүрек­пен сезінеді-ау. Тұма­ғаңның тағы бір ақын інісі Серік Тұрғынбекұлы Ті­леубердіге арнап: «Қара жерге гүл бітірдің, Қара тасқа тіл бітір­дің. Ұр­пақтарға дәл бүгінгі - Бабаларды үл­гі қылдың», деп сырлы жыр тол­ғаса, ол да шыннан шынайы. Олай болса, ішінде асыл арман қоздай­тын, түсінде тәтті қиял боздайтын, жаңа руханиятымыз бен мә­дение­тімізде ескіден тартып есті сөз айтатын, өнер арқауын көне­ден қозғап, келешекке жалғай­тын біздің Тілеу­берді мүсінші дос сом­даған және сомдай берер ұлы­лық пен қазақ рухының ескерт­кіштері мен мүсін­дері болашаққа шеру тарта бергей.