«Күт және ұмытпа» - СҚО-да соғысқа аттанған жігіттің тасқа жазған хаты сақталған

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында майданға аттанған жігіттің сүйіктісіне арнап тасқа қашап жазған хаты сақтаулы.

«Күт және ұмытпа» - СҚО-да соғысқа аттанған жігіттің тасқа жазған хаты сақталған
Фото: Александр Антонов

Күннің көзінде, желдің өтінде жетпіс жылдан астам уақыт жатқан бұл тасты жергілікті тұрғын, «Константиновка-2004» ЖШС бас инженері Виталий Новгородцев ойда-жоқта тапқан екен.

- Константиновка елді мекені Бабық-бұрлық өзенінің сол жақ жағасында орналасқан. 1936 жылы оның оң жағалауында мемлекетке қарайтын диірмен салынды. Көп ұзамай бірнеше үй тұрғызылған. Өзеннен өтетін жалғыз аяқ өткел бар. Мен бұл тасты осы жолдың бойында байқап қалдым. Анықтап қарасам, қашалып жазылған жазу бар екен, - дейді Виталий Новгородцев.

Ерекше тастың үстіне жұлдыз салынған. Қасында «13 октябрь, 1941» деген жазуы бар. Одан төмен «Жди и помни меня» деп және аты-жөнінің бас әріптері жазылған. 
Жәдігер бірнеше жыл жергілікті мектептің музейінде сақталған.

- Өлкеміздің тарихынан сыр шертер, құнды жәдігерлер сақталған музейіміз бар. Бұл тас осы музейде тұрды. Оқушылармен бірге оны зерттеп, кімнің жазып қалдырғанын анықтамақ болдық. Нәтижесінде елді мекеннен соғысқа кеткен бірнеше адамның есімі сәйкес келді. Кейін бұл тасты өзіміздегі Жеңіс саябағына апарып қою туралы шешім шықты, - дейді Константиновка орта мектебінің директоры Василий Мантариди.

Осы тастың негізінде Константиновка елді мекенінде ескерткіш пайда болды. Ол соғысқа барған барлық адамның құрметіне арналды. Ескерткішті жергілікті шебер Александр Антонов тұрғызды.

- Бұл оқиға ешкімді бейжай қалдырмайды. Тасқа жазған адамның оқиғасын білу қызық, бірақ елді мекенде бүгін көпті көргендер қалмаған. 
Ескерткіште жарын күткен әйелді және тырналарды бейнеледім, - дейді Александр Антонов.

Естеріңізге салайық, СҚО-да үш майдангер ғана қалған. Солардың бірі – Василий Макиенко жуырда 99 жасқа толды

Соңғы жаңалықтар