Құтқарушы бір адамның салмағын көтеретін мұздың қалыңдығы қандай болатынын айтты
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы қаласы ТЖД бастығының орынбасары Әнуар Юсупов тұрғындарды жұқа мұзды баспауға шақырды.
Оның айтуынша, қазір су айдындарында жазатайым оқиғаның алдын алуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Маман қала аумағында қыста қауіп тудыратын 6 су айдыны бар екенін атап өтті. Олар:
• Түрксіб ауданы, Әуежай көлі;
• Жетісу ауданы, «Кемел» шағын ауданындағы Бірінші мамыр тоғандары;
• Медеу ауданы, «Көлсай» шағын ауданындағы атауы жоқ су айдыны мен «Сұлусай» шағын ауданындағы Юннат көлі;
• Алатау ауданы, «Қарасу» шағын ауданындағы көл.
– Қазір су айдындарында мұздың қалыңдығы 3-4 см ғана, кей жерде мүлдем мұз жоқ. Сондықтан барынша сақ болып, абайлау керек. Бір адамның салмағын көтеретін мұз 15 см-ден басталады, ал іс-шара өткізу үшін оның қалыңдығы кемінде 25 см болуы тиіс, - деді Әнуар Юсупов.

Оқыс оқиғаның алдын алу үшін қауіпті жерлерде ескерту мен тыйым салатын белгілер орнатылған. Сонымен қатар құтқарушылар, полиция мен жедел-құтқару бөлімшелері 48-ден астам рейд өткізген. Әнуар Юсупов көл мен көлшіктерде қауіпсіздік ережесін бұзғандарға 7 АЕК (27 524 теңге) мөлшерінде айыппұл салынатынын ескертті.
Еске салайық, бұған дейін Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтың бұйрығымен Есіл өзенінде мұз астына түсіп кеткен ер адамды құтқару кезінде көрсеткен батылдығы үшін Айткен Азамат марапатталды.