Құтқарушылар Астанада ғимарат опырылғанда әрекетсіздік танытты деген қауесетті жоққа шығарды
АСТАНА. KAZINFORM – Астана қалалық Төтенше жағдайлар департаменті 8 қарашада әлеуметтік желілерде ғимараттың кірпіш қаптамасы мен кондиционердің құлағаны түсірілген бейнежазбаға түсініктеме берді. Онда өтіп бара жатқан адамдарға көмекке асыққан фельдшерлер зардап шеккен.
- Видеода таратылған «ТЖ қызметі оқиға орнына келмеді» деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді, - делінген хабарламада.
ТЖД мәліметінше, 8 қараша күні «112» қызметінің пультіне жедел медициналық жәрдем станциясынан Алматы ауданындағы Тәуелсіздік даңғылы, 24Б мекенжайы бойынша тоғыз қабатты тұрғын үйдің қасбетіндегі кірпіш қаптамасы мен кондиционер қондырғысының құлағаны туралы хабарлама түсті.
Хабар түскен бойда оқиға орнына Астана құтқарушылары жедел жетті.
Оқиға орнында анықталғандай, үйдің бірінші қабатында орналасқан дүкеннің кіреберіс бөлігі маңында шамамен 150 шаршы метр аумақта қаптама мен кондиционер қондырғысы құлаған.
Құтқарушылар үйінді астынан зардап шеккендерді шығарып, бөлшектеу және апаттық-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді, сондай-ақ қасбет элементтерінің одан әрі құлау қаупін жойды.
Астанада тұрғын үй кешенінің қасбеті құлауы салдарынан зардап шеккендердің қазіргі жағдайы белгілі болды.