Қызылордалық құтқарушылар Орал қаласындағы саяжай тұрғындарын көшіріп жатыр

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстанға Қызылорда облысынан көмекке келген құтқарушылар бірнеше күн бойы Орал қаласындағы саяжай аумақтарынан адамдарды эвакуациялап жатыр.

эвакуация
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

Қызылорда облыстық ТЖ департаменті төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Бейбітхан Спанов мәлім еткендей, қызылордалық құтқарушылар алдымен 31 наурыз күні Ақтөбе облысына барған еді.

эвакуация
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

Бейбітхан Оразайұлының сөзіне қарағанда, 35 қызметкер 3 техника, 10 су соратын мотопомпа, 2 моторлы қайығымен Әйтеке би ауданы Әйке елді мекенінде 7 сәуірге дейін тұрғындарды эвакуациялаумен қатар мониторинг жұмыстарын жүргізді.

«Орталық штабтың тапсырмасына сәйкес 7 сәуірде Қостанай қаласына келдік. Онда мотопомпалармен 31 мыңнан астам текше метр су сорылып, басқа да іс-шараларымызды аяқтағаннан кейін министрліктің тапсырмасымен 14 сәуірде Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласына ат басын тіредік. Күні бүгінге дейін 100-ге жуық адам эвакуацияланып, үй жануарлары қауіпсіз жерлерге шығарылды. Қазіргі таңда 68 қызметкер 6 техника, 20 мотопомпа, 6 қайықпен Жайық өзені жайылмаларында орналасқан 1, 2 және 3-саяжай алаптарында осындай жұмыстарды атқарып жатыр», - деді Kazinform тілшісіне Б. Спанов.

бқо
Фото: Б. Спанов

БҚО ТЖ департаменті осындай қысылтаяң кезде көмекке келіп, батысқазақстандық құтқарушылармен бірге тізе қосып, уақытпен санаспай, қызу жұмыстанып жатқан қызылордалық әріптестеріне алғысын айтты. 

су тасқыны
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

Қызылорда облыстық ТЖ департаментінің баспасөз хатшысы Айгүл Нұрманованың нақтылауынша, Орал қаласына барлығы екі топ барды. Б. Спанов — 2-топтың басшысы. Үшінші топ 6 техникамен бүгін кешке жетеді.

құтқарушы
Фото: Б. Спанов

«Жалпы, Қызылорда облысы ТЖД қызметкерлері 26 наурыздан бері су басқан аумақтарда, Қостанай, Ақтөбеде еңбек етті. Қазіргі кезде қызметтерін Орал қаласында жалғастыруда», - деді А. Нұрманова.

Орал қаласы Зачаган кентіндегі Коминтерн ауылы Жайық өзенінің жағалауында орналасқаны белгілі.

су тасқыны
Фото: Б. Спанов

Қаланың қауіпті тұстарының бірі саналатын Коминтернде бөгетті бекіту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Қызылордалық құтқарушылар Оралда жан-тәнімен беріле жұмыстанып жатыр. Бізге жандары ашып, құтқаруда. Жігіттердің бәрі де қайырымды жандар екен. Шын жүректен ризашылығымды білдіремін», - деді Коминтерн ауылының тұрғыны Надежда Молоткова.

құтқарушылар
Фото: Б. Спанов

Еске сала кетейік, бұдан бұрын су тасқынына байланысты БҚО-да апаттық-құтқару жұмыстарына 8 200-ден астам адам жұмылдырылғанын жазған едік.

Сондай-ақ Оралдың қауіпті тұстарында 27 шақырымға жуық бөгет биіктетіліп жатыр. 

Батыс Қазақстанда тасқыннан жапа шеккен 863 отбасы әлеуметтік көмек алды.

құтқару
Фото: Б. Спанов
эвакуация
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

 

Соңғы жаңалықтар