Құтқарушылар Жайықтың ортасында қалып қойған саяжай тұрғындарын эвакуациялады
Батыс Қазақстан облысы ТЖД Жедел-құтқару жасағының кезекші-диспетчерлік қызметіне Жайықпен «Орал-саяжай алабы «Учужный затоны» бағытына бет алған қайықтың (баржаның) қозғалтқышы сынып қалып, ағысы қатты өзен ортасында 19 саяжай тұрғынының қалып қойғандығы жөнінде хабар келді.
Құтқарушылар адамдарды қайықпен айлаққа тасымалдады.
Қала тұрғындары демалыс күндері өз саяжайларына жиналып, қажетті азық-түліктер мен отырғызатын тал-шыбықтарын ала келді.
«Жолаушылардың арасында бірнеше қарт адамдар болды. Оларды ернеуі биік қайыққа отырғызу біршама қиындық тудырды.
Сондай-ақ көбісінің өз заттарына алаңдаумен отырғандығы да байқалды. Кейбіреулеріне алдымен өздерін қауіпсіз жерге жеткізіп, кейін сөмкелері де тасымалданатындығы түсіндірілді. Медициналық көмекке мұқтаждар болмады. Барлық саяжай тұрғындары айлаққа аман-есен жеткізілді», - деп атап өтті жасақтың медициналық-психологиялық қызметінің басшысы Н. Жұмағалиев.