Кувейт Қазақстанның мұнай-газ жобаларына көз тігіп отыр

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан мен Кувейт мұнай-газ саласындағы инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуді көздеп отыр. Тараптар Кувейттің KUFPEC компаниясының Қазақстандағы перспективалы жобаларға қатысу мүмкіндіктерін талқылап, нақты жобаларды зерделеу үшін бейінді техникалық командалардың онлайн-кездесуін өткізуге уағдаласты. Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметі мәлім етті. 

Кувейт Қазақстанның мұнай-газ жобаларына көз тігіп отыр
Фото: ҚР СІМ

Қазақстан Республикасының Кувейт Мемлекетіндегі Елшісі Ержан Елекеев Kuwait Foreign Petroleum Exploration Company (KUFPEC) компаниясының Бас атқарушы директоры Иса Әл-Марагимен кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Кувейт арасындағы мұнай-газ саласындағы ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылап, Кувейт тарапының Қазақстандағы перспективалы жобаларды іске асыруға қатысу мүмкіндіктеріне ерекше назар аударды.

Министрліктің мәліметінше, Қазақстан Елшісі сұхбаттасын еліміздің мұнай-газ саласының әлеуеті, қолда бар инвестициялық мүмкіндіктер, сондай-ақ көмірсутектерді барлау және өндіру саласына халықаралық инвестициялар, озық технологиялар мен тәжірибе тартуға Қазақстан тарапының мүдделілігі туралы хабардар еткен.

Кувейт Қазақстанның мұнай-газ жобаларына көз тігіп отыр
Фото: ҚР СІМ

KUFPEC басшылығы Қазақстанның мұнай-газ секторындағы инвестициялық мүмкіндіктерді зерделеуге және нақты жобаларға қатысу перспективаларын қарастыруға мүдделілік білдірді.

— Тараптар инвестициялық мүмкіндіктерді, техникалық параметрлерді және мұнай-газ жобаларын іске асырудың ықтимал тетіктерін егжей-тегжейлі талқылау мақсатында Қазақстан мен KUFPEC-тің бейінді техникалық командалары арасында онлайн-кездесу өткізуге уағдаласты. Осы жұмыстың нәтижелері бойынша және өзара қызығушылық тудыратын нақты жобалар айқындалған жағдайда, тараптар практикалық өзара іс-қимылды одан әрі ілгерілету мақсатында екіжақты офлайн кездесулер өткізу және делегациялар алмасу мүмкіндігін қарастырады, — делінген хабарламада.

Кувейт Қазақстанның мұнай-газ жобаларына көз тігіп отыр
Фото: ҚР СІМ

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар тікелей жұмыс диалогын қолдауға және мұнай-газ саласындағы ынтымақтастықтың нақты мүмкіндіктерін қарастыруға кезең-кезеңімен көшуге мүдделілігін растады.

Kuwait Foreign Petroleum Exploration Company (KUFPEC) — Кувейттің мемлекеттік Kuwait Petroleum Corporation (KPC) корпорациясына толықтай тиесілі және Кувейттен тыс жерлерде мұнай мен газды барлау және өндіруге маманданған халықаралық мұнай-газ компаниясы. Компания бес құрлықтағы 8 елде қызметін жүзеге асырады. 2024 жылы KUFPEC-тің өндіріс көлемі тәулігіне шамамен 76 мың баррель мұнай эквивалентін құрады. 2026 жылы компания Бразилиядағы Orca және Sul de Orca жобаларындағы 20% үлесті сатып алу туралы келісімге келді. Orca ресурстары шамамен 370 млн баррельге бағаланады, ал жобалық өндірістік қуаты тәулігіне 120 мың баррельге дейін мұнай өндіруді көздейді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан Кувейттің жаңа агроаймағының өндірістік базасына айналуы мүмкін екенін жаздық.