Күй атасы Құрманғазы қай жылы туған

ОРАЛ. ҚазАқпарат  - Қазіргі кезде Құрманғазы Сағырбайұлының мерейтойына байланысты шаралар ұйымдастырылып, күй атасының 200 жылдығы аталып өтіп жатқаны түрлі ақпарат құралдарында жазылып жатыр. Бұл қаншалықты дұрыс, осыған орай кәсіби тарихшы мамандардың пікірін білген едік, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Жәнібек Исмурзиннің айтуынша, кезінде атыраулық өлкетанушы Мақсат Жолжан Астрахан мұрағатында сақталған құжаттар негізінде Құрманғазының 1823 жылы дүниеге келіп, 1896 жылы өмірден өткендігін дәлелдеген болатын.

«Мақсат Жолжан өз тұжырымын ғылыми тұрғыда негіздеп, дәйектеген еді. Бұл туралы «Құрманғазы» атты кітапта толық жазылған», деді Ж.Исмурзин.

Шындығында да 1998 жылы Алматыдағы «Қазақ энциклопедиясы» баспасының бас редакторы, академик Әбдімәлік Нысанбаевтың бастауымен жарық көрген «Құрманғазы» атты энциклопедиялық жинақта тарихшы-өлкетанушы М.Жолжанның және басқа авторлардың мақалалары басылған.

М.Жолжан өз мақаласында Құрманғазының туған жылы 1806 да, 1816 да, 1818 де еместігін дәлелдеп жазады.

«...бір аптаға Астрахань облыстық архивіне бардым. И.Кенжалиев тексерген 203-қордан 37 істі таңдап алып, қайта қарадым», дейді М.Жолжан.

Өлкетанушы 1882 жылы Астрахан облысына қарасты Краснояр түрмесінде отырған Құрманғазы Сағырбайұлының есімі тұсынан оның ұлтын, сотталу себебін, үкімін, жаза мерзімін, жасын көрсететін дерек тапқан. (АОГА, 203-қор, 629-іс, 21,31 парақтар). Сонда Құрманғазы 1882 жылы 59 жаста деп көрсетілген (1882-59=1823). Ендеше, Құрманғазы Сағырбайұлы 1823 жылы дүниеге келген. Ұлы күйшінің құлпытасында оның 73 жас өмір сүргені жазылғаны белгілі. Олай болса, 1823+73=1896. Сөйтіп, архивтік деректер бойынша Құрманғазы Сағырбайұлы 1823 жылы туып, 1896 жылы қайтыс болған.

Аталмыш кітапта сарапшылық комиссияның қорытындысы да келтірілген.

«ҚР ҰҒА М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты халық композиторы Құрманғазы Сағырбайұлының туған-өлген жылына қатысты сарапшылық комиссияның қорытындысын хабарлайды.

Архив деректері мен зерттеушілер М.Жолжанов, Қ.Жұмалиевтің, И.Кенжалиевтің, Ұ.Рахматуллиннің пікірлерін мұқият сараптай отырып, сарапшылық комиссия халық композиторы Құрманғазы Сағырбайұлы 1823 жылы туып, 1896 жылы дүние салған деген қорытындыға келді. Мұндай тоқтамға келуге, әсіресе, Астрахан облыстық архивінен табылған құжаттар бұлтартпас дәлел бола алады.

Сарапшылар комиссиясының мүшелері:

Ерзакович Б.Г. - өнертану ғылымының докторы, ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі.

Қасқабасов С.А. - филология ғылымының докторы, ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі.

Қарақұлов Б.И. - өнертану ғылымының докторы.

Сейдімбек А.С. - филология ғылымының кандидаты». Бұл туралы 1996 жылы қыркүйек айында бұқаралық ақпарат құралдарында хабарланған еді.

Құрманғазының 200 жылдығын биыл өткіземіз деу асығыстық екендігі жөнінде Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Есқайрат Хайдаров та өз пікірін білдірді.

Оның сөзіне қарағанда, Құрманғазы Сағырбайұлы - әлемдік музыка өнерінің классиктері Бах, Моцарт, Бетховен секілді тұлғалармен қатар тұратын қазақтың ұлы композиторы.

«Қазақтың аспапты музыка өнерінің көрнекті өкілі Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдық мерейтойының ЮНЕСКО көлемінде тойлануы өте орынды. Қазақ өнерін, музыкасын әлемге танытуда толықтай қолдауға тұратын құптарлық іс деп есептеймін. Алайда ұлы композитордың мерейтойын биыл тойлауды көздеген бастамашылар асығыстық танытқан сияқты. Құрманғазы Сағырбайұлының туған жылына байланысты әртүрлі деректер бар. Оларда күйшінің туған жылы ретінде 1806, 1818, 1823 жылдар көрсетілген. Зерттеуші-ғалымдар М.Жолжанов, Қ.Жұмалиев, И.Кенжалиевтердің еңбектерінде күйші Құрманғазы Сағырбайұлының 1823 жылы туғаны дәлелденген. Ал 2013 жылы Астраханда ұлы күйшінің 190 жылдығы аталып өтілген. Осы жағдайларды ескере келгенде, Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдық мерейтойының биыл ресми түрде тойлануы ерте деп ойлаймын. Бұл мәселе ғалымдар тарапынан әлі де зерттеуді қажет етеді», деді Е.Хайдаров.

Бұл мәселе жөнінде өнер қайраткерлері не дейді?

«Құрманғазының туған жылындағы түрлі деректерге байланысты оның 175 жылдығы кезінде Атырау облысында бірнеше рет тойланды. Биыл осы қателік қайталанғалы отыр. ЮНЕСКО аясында өткізуді, әрине, қолдаймыз, әйтсе де оған асығып-аптықпай, бес жыл әзірленіп, жоғары деңгейде ұйымдастыруға болады ғой. 2018 жылы Батыс Қазақстан облысында да Құрманғазының мерейтойы аталып өтілмекші. Соның ішінде Бөкей ордасы ауданында домбырашылар арасында республикалық байқау болмақшы. Осындай шаралар кезінде Құрманғазының 200 емес, 195 жылдығы екендігін ескерейік», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне белгілі батысқазақстандық домбырашы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, «Құрмет» орденінің иегері Ермек Қазиев.

Айта кетейік, 1996 жылы Құрманғазының қайтыс болуының 100 жылдығына орай Астрахан облысы Володар ауданындағы күйші жерленген жерге кесене орнатылып, оның ашылуына Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев қатысты. 2008 жылы Астраханда күйші ескерткіші бой көтерді. Ал 2013 жылы Астраханда Құрманғазының 190 жылдығы аталып өткенін «ҚазАқпарат» та жазған болатын.

Ендеше, арада бес жыл өткенде, бірден 200 жылға секірсек, бұл басқаны айтпағанда, қазақтың ұлы күйшісін қастерлеп отырған астрахандықтар алдында да ұят болар еді.

 

 

Соңғы жаңалықтар